©
Бұл жылы ауданымыз үшін берекелі де мерекелі жыл болды. Облыстың кәрі шаңырағы - Маңғыстау ауданының тоқсан жылдық торқалы тойы екі күн бойы көрген жұртты тамсандырып, тау мен тасқа ән салдырып, жоғары деңгейде өтті. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, тоқсан күн бұрын дайындықты бастаған аудандықтар мен алыс, жақыннан көгеннен босаған қозыдай ағылған қонақтар тойдың қызығына қанбай, қимай тарасты. Аса жоғары деңгейде ұйымдастырылған мерекенің әр сәті той қонақтарының көңілдерін көкке көтеріп, рухани демалыс сыйлады деуге болады. Ауданның тоқсан жылдығында бірнеше әлеуметтік нысандар халықтың игілігіне мерейтой қарсаңында берілді.
Тарихы құнды, болашағы нұрлы өлке ауданның 90 жылдығына арналған салтанатты шаралардың куәсі болуға облыс әкімі Ералы Тоғжанов тікелей ат басын бұрды.
Ғасырға қадам басқан құтты мекеннің думанды мерекесі сол әлеуметтік нысандардың ашылуынан бастау алды. Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов алдымен Тұщықұдық ауылына кіре берістегі, Шетпе-Қызан бағытындағы және Жыңғылды-Шайыр-Шерқала тас жолдарының құрылыс жұмыстарымен танысқан соң Жыңғылды ауылында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының демеушілігімен салынып жатқан ашық спорт алаңында болды. Жалпы аумағы 1280 шаршы метрді алып жатқан спорт алаңы болашақта ауыл балаларының салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты айналысып тұруына мүмкіндік жасайды. Спорт алаңының жұмысымен танысқан облыс әкімі Е.Тоғжанов: «Құрметті ауыл тұрғындары! Елбасымыздың өзі халыққа арнаған әр Жолдауында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға барынша көңіл бөліп отыр. Жер-жерден ашық спорт алаңдары, спорт мектептерінің салынуы – соның айғағы. Біздің міндет - Елбасы тапсырмасына қолдау білдіріп, жастарды спортқа баулу. Оларға үнемі салауатты өмір салтын насихаттап, жат әдеттерден бойын аулақ ұстауын қадағалау. Бүгін, міне, ауданның тоқсан жылдық мерейтойын тойлағалы отырсыздар. Өз үйіңде жасы тоқсанға келген қария отырса, қалай қуанасың, біздің тәрбиеміз «Қарты бар ел қазыналы» деген мақалға саяды. Ал кәрі шаңырақ, жасы ғасырға таяған Маңғыстау ауданы да біздің қазыналы қартымыз. Арқа сүйер ауданымыз болуы керек. Сол жол- да бәріміз жұмыстана берейік», - деп, жастарға футбол добын үлестіріп, балалармен бірге ойынды бастап берді. Өңір басшысының «Қай командаға жанкүйерсіңдер?» деген сұрағына балалар жан-жақтан сүйікті командаларын айтып жатты. Спорт алаңының ішінде күннің салқындығына қарамастан доп қуалаған балалардың әп-сәтте көңілдері көтеріліп, шат-шадыман күйге түсті. Иә, «Қуанса, бала қуансын» деген облыс әкімінің тілегі оңынан оралған сияқты. Жыңғылды ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Төлеубайұлы облыс әкімінің сапарына ақ жол тілеп, ауылға арнайы ат басын бұрып келгеніне алғысын айтты. Бүгінде жағдайы жақсарған ауылдың болашақта өркендей беруіне ауыл болып атсалысатынын айтты. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыратын осындай ойын алаңдары көп салынса деген тілегін де жеткізді.
Жыңғылды ауылындағы іс сапарында облыс әкімі құрылысы жүріп жатқан су цехының жұмысымен танысты.
Мұнан соң облыс әкімі бастаған топ Тұщыбек ауылында төрт бірдей отбасын қуанышқа бөлеген сәттің куәсі болды. Төрт пәтерлі муниципиалды үйдің кілтін қуаныштан жүздері бал-бұл жанған үй иелеріне табыстаған Е.Лұқпанұлы тұщыбектіктерді көпке ортақ ұлы мереке – ауданның тоқсан жылдығымен құттықтап, әр шаңыраққа бақыт пен береке тіледі.
- Маңғыстау ауданының орны өңіріміз үшін бөлек. Қай жағынан қарасақ та аудан облыстың дамуына, өсуіне, абыройлы болуына зор үлесін қосып келеді. Қазіргі таңда ауданның білім саласы бойынша мектеп, балабақшамен қамтылуы өте жақсы деңгейде. Елді мекендер газбен, ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жол мәселесі де өз шешімін тауып жатыр. Ата-бабамыз аңсаған бұл күнге сіз бен біз болып жетуіміз – үлкен қуаныш. Елбасымыздың сарабдал саясаты, ерлік істері біздің жарқын өмір сүруіміздің қамы. Сондықтан қадірлі аудан тұрғындары, қолда бар алтынымыздың қадірін білейік, құт-байлыққа толы еліміздің болашағын сақтап қалуға бір адамдай атсалысайық. Бүгін тоқсан жылдық торқалы тойға қандай жақсы жаңалықтармен жетсеңіздер, алдағы жүз жылдық, одан әрмен де тек берекелі көрсеткіштеріңмен қуанта беріңдер. Бәріңізді ауданның тоқсан жылдық мерекесімен құттықтай отырып, денсаулық, үйлеріңізге құт-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деді облыс басшысы.
Көптен күткен армандары орындалып, мереке қарсаңында пәтерге қол жеткізген Тұщыбек негізгі орта мектебінің география пәні мұғалімі Нәдірова Сәния, Тұщыбек негізге орта мектебінің қызметкері Қалиев Рүстем, көп балалы отбасы Наушабаев Дәрмен, үйі апаттық жағдайда тұрған Өтегенова Гүлқашиманың қуанышында шек болмады. Аудан әкімі Ж.Айтуаров, облыс әкімі Е.Тоғжановқа алғысын айтқан С.Нәдірова қуаныштан көзіне жас алды.
Облыс әкімінің сапары Үштаған ауылында жалғасын тапты. Ауылдың әлеуметтік нысандарымен, тыныс-тіршілігімен танысқан соң жасыл желекке оранған орталық саябақ ішін аралады. Құмды ауылда осыншама әсем ағаштардың бой көтеруіне және ондағы субұрқаққа таңданысын жасыра алмады. «Жасыл әлем» құм тоқтату жұмысымен танысып, заты әйел болса да бір ауылда көптеген үлгілі істерді жүзеге асырып отырған ауыл әкімі Ж.Молдашеваға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ауыл мектебінің жанынан ашылған мұражаймен танысып, жылыжай мен қысқы бақтың ішін аралады.
Мұнан соң мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Келелі мәселерді қозғап, оған жауапты сала басшыларына міндеттер жүктеді. Ауыл мәдениет үйінде өткен кездесуде жергілікті тұрғындар облыс әкімімен еркін сұхбаттасып, ұсыныс, пікірлерін айтты. Үштаған ауылының интернет мәселесін түбегейлі шешуге көмектесетінін, оған қажетті қаржыны жақын арада бөлгізетінін айтқанда ауыл тұрғындары бір марқайып қалды.
Бұл ауылда да төрт отбасының қуанышына ортақтасқан облыс әкімі асыраушысы жоқ Тәукенова Мейрамгүл, аз қамтылған отбасы Әбілова Алма, ағылшын пәнінің мұғалімі Нұрбаева Анар, дене тәрбиесінің мұғалімі Шәубетова Ләйләға төрт пәтерлі муниципиалды үйдің кілтін табыстап, дәм ауыз тиді. Облыс әкімі Е.Тоғжанов жаңа үйге кіріп, берекелері тасып жатқан отбасыларын жылы лебізін арнап, аудан орталығына қарай бет алды.
Елді мекендерді аралағаннан кейін облыс әкімі Е.Тоғжанов аудан орталығындағы ардагер ұстаз Баян Ізтұрғанованың жекеменшік «Аяла» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. 100 балаға арналған қос қабатты балабақша қазіргі заманға лайықталып, бой көтерген. Онда балаларға арналған жатын, ойын бөлмелері, асхана, дене шынықтыру, би залдары жиһаздармен жабдықталған. Үш пен алты жас аралығындағы бөбектерге есігін айқара ашқан балабақшада бүлдіршіндерді даярлық сыныбына дайындайды. Ауданның 90 жылдығында ашылған бүлдіршіндер ұясының салтанатты ашылуында сөз алған облыс әкімі Е.Тоғжанов алдымен ауданның 90 жылдық тойымен жиналған жұртшылықты құттықтады.
– Облыстың қарашаңырағы ауданымыз өсіп, өркендеді. Әбіш Кекілбаев, Әмин Тұяқов ағаларымыз секілді ел таныған абыз тұлғаларды дүниеге әкелген аудан – бүгінде 90 жаста. Тоқсанның төріндегі ауданның жеткен жетістіктері аз емес. Мен бүгін ауылдарды аралап келе жатырмын. Тұщықұдық бағытындағы 29 шақырым, Ақшымырау-Қызан бағытындағы 35 шақырым және Жыңғылдыдағы 29 шақырым асфальт жолдарының жөндеу жұмыстарын қадағалап келдім. 54 шақырымдық Үштаған жолының құрылысы да басталды. Осындай үлкен жетістіктер- мен жеткен ауданның тойы құтты болсын. Елбасы тапсырмасы аясында 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылуы биыл Маңғыстау ауданында 100 пайызға орындалып тұр. Жыл аяғына дейін аудан орталығында тағы да екі балабақша пайдалануға беріледі, – дей келіп, облыс әкімі балабақшаға теледидар сыйға тартты. Ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз А.Құрмашев ауыл тұрғындары атынан облыс, аудан басшылары мен жеке кәсіпкерге алғысын айтты. Балабақшаның лентасын қиған облыс әкімі ішін аралап көріп, ризашылығын білдірді.
Мұнан соң облыстан келген қонақтар ауыл азаматы, кәсіпкер С.Мұңалбаевтың демеушілігімен салынған Шетпе-1 елді мекеніндегі ашық спорт алаңының ашылу салтанатына бет алды. Спорт алаңында ауыл тұрғындары көп жиналған екен. Ауыл командалары сап түзеп, футболдан аудан аралық біріншілікті бастауға дайын тұрды. Спортшыларға сәттілік тілеген облыс әкімі «Бүгінгі жарыста мықтының мықтысы ғана жеңіске жетеді. Сондықтан сіздердің араларыңда қазақтың намысын асқақтатын азаматтар шығатынына сенемін» деп аудан аралық футболдан ашық біріншілікті бастап берді.
Сол күні орталық алаңдағы ауданға қарасты барлық ауылдар мен дербес бөлім, мекемелердің тіккен алты қанатты ақ ордалары мен темір сүйекті қазақ үйлер қалашығы тойдың сәнін келтіріп тұрды. Сахнаның төменгі жағында 90 адамнан құралған оркестр С.Құсайыновтың «Мереке» күйін ойнап, бишілер би биледі. Әнші Талғат Бүркітбаев «Тойбастар» әнін орындаған кезде жиналған жұртшылыққа 20 әже шашу шашып, 30 келін үлкендерге сәлем етіп, қонақтарға дәм ұсынды. Мұнан соң Н.Тілендиевтің «Өз елім» әнін оркестрдің сүйемелдеуімен жігіттер квартеті мен мұғалімдерден құралған хор орындаған кезде сахнаға жалауша, шар ұстаған мектеп оқушылар шармен «90 жыл» деп жазылған жазуды аспанға ұшырды. Көнекөз қариядай абыз жасқа келген ауданымыздың 90 жылдық торқалы тойының қуанышымен бөлісу үшін Астана, Алматы қалаларынан және облысымыздың түкпір-түкпірінен келген қонақтар сахнаға қарсы орналастырылды. Атақты спорт саңлағы, КСРО спорт шебері, жерлесіміз Әмин Тұяқов, қоғам қайраткері Меңдеш Салықов, Гүлнар Сейтмағанбетова және ақын, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан мерекеміздің құрметті қонақтарының сапында болды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Торыш тастары немесе «адамзат құпиядан ғана қорқады»Мәдениет үйінің өнерпаздарының өнерін тамашалағаннан кейін облыс әкімі Е.Тоғжанов сахна төріне көтеріліп, аудан халқын құттықтап, облыс әкімінің Алғыс хатымен өңірдің өсіп, өркендеуіне өзіндік үлестерін қосқан медицина саласының ардагері Әмірханова Патшахан, білім саласының ардагерлері Ізбасаров Аманқос, Мыңтұрғанова Ақбикешті, Онды ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қозбақов Жеңіс, Естере Оразақов атындағы шипажайдың шаруашылық меңгерушісі Қашжанова Гүлшара, Сәду Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернатының директоры Нағима Айжанақова, Өтес орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Едіге Сәтінұлы, «Алтай Ата» шаруа қожалығының жетекшісі Аяпберген Қуатбаев, «Қаламқасмұнайгаз» акционерлік қоғамының инженерлік-технологиялық қызмет орталығының бастығы Жолдасбек Ешманов, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Еркін Мажитовті марапаттады.
Мұнан соң аудан әкімі Ж.Айтуаров барша халықты мерейлі мерекемен құттықтап, «Маңғыстау ауданына–90 жыл» мерекелік медалі мен ауданның Құрметті азаматы атағына лайық кісілерді шақырып, мінберге көтерді. Аудан халқының үлкен қошеметімен мінберде денсаулық сақтау саласының ардагері Рахмет Демеубергенов, Гүлнар Сейтмағамбетова, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ақмоншақ Баужанова, қаржы саласының ардагері Сот Тәжібаев, өндіріс саласының еңбек ардагері Мырзабек Жұбауов, ауыл шаруашылық саласының ардагерлері Жақсылық Көңілімқосұлы, Сақтаған Шаңбасов марапатталды.
Ауданның дамуына сүбелі үлесін қосып, өзіндік орны бар бір топ азаматтарға ауданның 90 жылдық мерекелік төсбелгісі табысталды. Аудан әкімі Ж.Айтуаров аудан тұрғындары алдында осыдан отыз жыл бұрын аға буын өкілдерінің «Болашақ ұрпаққа арнап қалдырған хатын» ашып, сол кезеңдегі елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайынан сыр шерткен аталарымыздың хатын оқыды. Кеңес үкіметі кезінде жазылған хат ауыл шаруашылығы жайында сыр шерткен екен. Сол кезеңінің қиындығы мен қол жеткен табыстары жайында мағлұмат берген аға буын болашақ ұрпаққа «Бірігіңдер, елдің бірлігін көкке көтеріңдер!» деп ұран тастапты.
Салтанатты марапаттаудан соң аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, өнер көрсеткен әнші, сазгер Елена Әбдіхалықова әннен шашу шашты.
Адайдың бес жүйрігі мен жеті қайқысының ізі қалған, сөзі мен сазы қалған қарашаңырақ – Маңғыстау ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған, осы ауданда дүниеге келген 48 сазгердің 21-нің шығармалары орындалған «Сөз бен саздың» концерттік бағдарламасы халық көшеметіне бөленді. Барлық сазгерлер мен ақындар, әншілер шақырылып, қызыл кілем үстінде жұртшылықтың қошеметімен жүріп өтті. Ауданнан шыққан бірнеше сазгердің шығармашылығын насихаттаған «Сөз бен саз» бағдарламасын күннің салқындығына қарамай соңына дейін тамашалағандардың қарасы көп болды. Мақпал түннің қою қараңғылығын ғажайып сәулелерімен қақ жарған от шашу да тойшы қауымның көңілінен шықты. Киіз үйлер қалашығында ауыл шаруашылығы өнімдері мен аудан тарихынан сыр шертетін құжаттарды сөйлеткен көрме көпшілік назарын өзіне аудартпай қоймады.
Ертесіне аламан бәйгеде алдына қара салмаған «Ақсұңқардың» иесі ақтаулық сейіс Абдуллаев Алдаберген бас жүлде «Гранта» автокөлігін иеленді. Мәреге екінші келген тұщықұдықтық атбегі Бөлтеков Әлекенің жүйрігі «Ақтолқын» мотоцикл, үшінші орынның жүлдесі тоңазытқышты жаңаөзендік Қалдаманов Исенбайдың «Бесқасы» қанжығасына байлады.
Тоқсан жастың төріне өсу мен өркендеудің нақ үлгісіндей болып жеткен абыройлы ауданның тойы осылайша әр жүректе бірлік отын маздата білді.
Л.ТЫНДЫРҒАНОВА, Ж.АМАНҚҰЛОВА, А.РАХМЕТОВА, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63595,63596,63593,63592,63590,63589,63586,63591,63594,63597,63584,63583,63588,63587,63585"]