©
Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы ел тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолындағы жақсы істер мен оң өзгерістерді одан әрі нығайтып, жалғастыра түсетіні сөзсіз. Соның ішінде мұғалімдерге жасалатын жағдайлар көңіл қуантарлықтай. Себебі олардың кәсіби мерекесі қарсаңында жарияланған маңызды құжат педагогтың беделін арттырып, мерейін үстем ету туралы заң қабылданады деген Мемлекет басшысының бір ауыз сөзі барша ұстаздар қауымының жігерін жалындатып жібергендей. «Қуаныштарыңыз ұзағынан болғай!» деп тілей отырып, Жаңаөзен қаласындағы №19 орта мектептің директоры Күләш Жүгенбаеваны сөзге тарттық. Жолдауда айтылған, келесі жылы қолданысқа енетін аталмыш заңның артықшылықтары барша мұғалімнің жауапкершілігін арттырып, өзінің нұрлы шапағатына бөлейтіні туралы сөз бастап, өзі басқарып отырған мектеп тұрмысына сүйеніп, жалпы ағарту саласындағы өзгерістерді әңгіме өзегіне айналдырды.
- Елбасымыздың кешегі Жолдауда айтқан «Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң қабылдау керек деп есептеймін. Ол заң мұғалімдердің және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы керек. Жүктемені қысқартып, қызметтен тыс тексерістерден арылту керек. Тыңдаңыздар, мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін – мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін – мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса - мұғалімдер... Ол үшін ешкім де ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемелерден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеу керек. Тынымсыз тексерістер де бітпейді. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Бұл, шынында да, дер кезінде шыққан заң болады деп есептеймін. Әйтпесе, мұғалімдер қосымша, ақы төленбейтін жүктемелерден әбден титықтап бітуге айналды. Расында да, ел Президенті тарапынан осындай қатал тапсырма болмаса, әлде осындай заң шықпаса жергілікті билік өкілдері ештеңені құлағына ілмейді. Берген тапсырмалары орындалып, өздері жоғарыдан сөз естімесе болды, өзгенің жағдайымен, мұғалімдердің мүмкіндіктерімен санаспайды, проблемаларына бастарын да қатырмайды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: МұрагерӨз басымызда болмаса да, өткен жылдары Қазақстанның кейбір жерлеріндегі орынсыз қудалауға түскен мұғалімдердің тәлкекке түскен тағдырларынан БАҚ арқылы хабардармыз. Жалпы мектеп директорын екі оттың ортасындағы жан деп есептеуге әбден болады. Себебі әлгіндей қосымша қара жұмыстарды атқаруды билік білім бөлімінің басшыларына тапсырады. Аудандық, қалалық білім бөлімінің басшылары мектеп директорына ысырып тастайды. Билет сату, лотерея өткізу, әртүрлі жиналыс, концерттерде залды толтыруға адам жіберуді мектеп директоры орынбасарының біріне жүктейді. Директордың орынбасары мұғалімдердің жас ерекшелігіне, іс-тәжірибесіне, пәннің ауыр-жеңілдігіне қарап реттейді. Ақыр аяғында кеше ғана жұмысқа келген «жас маман» атанған «сары ауыз балапандарға» көздері түседі. Егер олар құқығын талап етіп, айтқан тапсырмасын орындамаса, «қырғидың жемсауына түсіп кетпесін» деп мектеп директоры шырылдап тағы екі оттың ортасына түседі. Директордың міндеті – арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, «Мектеп» деген ұлы көшті түзу сүйреп жүру.
– Сіздің мектепте сайлау учаскесі болатыны белгілі. Енді сол сайлау науқанына қатысудан, жұмыстарын ұйымдастырудан, үй аралап сайлаушылардың тізімін жазудан мұғалімдерді азат етесіздер ме? Әйтпесе...
– Сайлау учаскесіне кабинеттер дайындап береміз. Бірақ мұғалімдерді бұрынғыдай өздеріне тиісті емес, басы артық жұмыстарға жекпейміз. Олар өздерінің сабақтарын бере береді.
– Кешегі Жолдауда алдағы жылдың басында мұғалімдер мен дәрігерлердің айлық жалақысы 20%-ға көтерілетіні айтылды. Сонда мұғалімдер қанша айлық алады? Ал ең төменгі жалақы 1,5 есеге көбейетін болды. Яғни 28 мың теңге алатындардікі 40 мың теңге болады. Араларыңызда 28 мың теңгемен жұмыс жасап жүрген мұғалімдер жоқ шығар.
– Бүгінгі таңда жоғарғы санатты мұғалімдер 1,5 ставкалық жүктемемен сабақ беретіндері 150–180 мың теңге төңірегінде айлық алады. Ал санаты жоқ жаңадан келгендер 11,5 ставкамен жүрген жоғары білімді мұғалімдер 70-80 мың теңгедей айлық алады. Олардың дәптер тексеруі бар, факультативтік сабақтары бар, соларды қосқанда орташа әлгіндей айлық қолдарына тиеді. Мысалы, мектептегі хатшы, іс жүргізуші (отдел кадр), еден тазалаушылар сияқты басқа да техникалық қызметкерлер 28 мың теңге айлық алады. Құдай қаласа, жаңа жылдан бастап олардың айлықтары 1,5 есеге өсіп, жалақылары 40 мың теңгеге жететін болады. Жалпы мұғалімдерге жалақы санатына қарай төленеді. Жыл сайын арнайы үстемеақыға санатқа сынақ тапсырып отырамыз. Мысалы, модератор, шебер дегендер шықты. Осыларға қосымша жалақы төленеді. Үш тұғырлы тіл үшін жастарымыз оқып келіп жатыр. Жаратылыстану пәндері бойынша оқып келгендерге де үстеме жалақы төленеді.
– Осы жаратылыстану пәндерінен оқып келген жастар ағылшын тілін толық меңгерді ме? Оқушыларға ағылшынша сөйлеп, сабақ беретін жағдайға жетті ме?
- Ағылшынша оқытуға шамасы келетін жастар, құдайға шүкір, жетісіп келе жатыр. Информатика, биология, физика пәндерінен үш тілде сабақ беру басталып кетті. Жалпы пилоттық жоба бойынша алғашқы тоқсан да тек 10 минут қана ағылшынша терминдер үйретіледі. Екінші тоқсанда 20 минут, үшінші тоқсанда 30 минут, төртінші тоқсан да 40 минут ағылшынша оқытуды жоспарлап отырмыз. Бұған оқушыларымыздың да, ата-аналардың да қызығушылығы жақсы. Алғашында жас мұғалімдерді Атырау, Ақтөбеден шақыртқанбыз. Қазір олардың да арасында дәл осы өзіміздің мектепте оқып бітірген жаңаөзендік жас мамандар бар. Олардың да аяқалысы жаман емес. Бұрын Жаңаөзен жастары арасында көпшілігінің мұғалім болуға қызығушылығы болмайтын. Себебі жұрттың бәрі жалақысы жоғары мұнай саласында жұмыс істеуге ұмтылатын. Сосын Атырау, Ақтөбе сияқты көршілес облыстардың жас мамандарына тәуелді болатынбыз. Енді соңғы кездері жаңаөзендік жастар педагогикалық оқу орындарында оқып, мұғалімдік мамандыққа бет бұра бастады.
Жалпы бұл салада аға буын мен жас мамандар арасындағы байланыс үзіліп қала жаздады. Жастар жаңағыдай себептерге байланысты оқытушылыққа жолағысы келмеді. Ал «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деген аталы сөз адыра қалды. Аға буын өкілдерін зейнеткерлікке қуа бастадық. Бұл өз кезегінде математиктер мен орыс тілі мамандарының жетіспеуіне әкеліп соқты. Қазір осы проблема қаланың бүкіл мектептерінің бас ауруына айналып тұр. Сосын бұрынғы жұмыс істеп кеткен зейнеткерлерімізді жалынып-жалпайып жұмысқа қайта шақырып, келісімшарт жасасып, еңбекке қайта араластыруға мәжбүр болдық. Содан басқа қолдан келер шара қалмады. Енді мемлекет басшысы кешегі халыққа Жолдауында мұғалімдерді ынталандыру мақсатында жалақыны 20%-ға көтереміз, «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң қабылдаймыз, сондай-ақ 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгілейміз деуі осындай олқылықтардың орнын толтырады ғой деп ойлаймын. Осыған байланысты қатарымыз жастармен толығады деп кәміл сенемін. Осы Жолдау еліміздегі білім саласын жаңа жетістіктерге жетелеуші негізгі күшке айналады деп ойлаймын.
– Президент кешегі Жолдауында тағы жалпы білім беретін орта мектептерге Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту әдіс-тәсілдерін енгізу керек деді. Мұндай қадамға барудың басты себептері неде деп ойлайсыз? Ол үшін, сіздіңше, орта мектептерде қандай шаралар жасақталып, нелер істелуі керек?
- Мен отыз жылдық іс-тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, жалпы білім беретін орта мектептердің бәрінде Назарбаев зияткерлік мектептеріндегідей кабинеттік жүйені қалыптастыру керек. Техникалық базаны жақсарту заман талабына айналып келеді. Мысалы, информатика кабинетін компьютерлермен жабдықтап жатыр. Жуырда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ 13 компьютермен қамтамасыз етті. Цифрлы Қазақстан жобасына байланысты кең жолақты интернет өте жақсы жұмыс істеп тұр. Барлық мүмкіндіктер жасалған. Міне, дәл осындай болып химия, физика, математика, биология сияқты басқа да пән кабинеттері жабдықталса сабақта алған білім практикамен ұштасып, оқушының санасына ұмытылмастай болып түпкілікті сіңер еді.
Сосын қаламыздағы мектептерде 3 ауысымдық оқу жүйесі жоқ. Соның ішінде біздің мектеп 960 орынға мөлшерленген. Мектепте бүгінгі таңда 1891 оқушы екі ауысымда оқиды. Оларға 117 оқытушы тәлім-тәрбие береді. Егер қаламызға әлі де мектептер көбірек салынса, түске дейін сабақ оқып, түстен кейін кабинеттерде практикалық жұмыстар жүргізілсе білімнің сапасы бұдан да артар еді деп ойлаймын. Негізінде Елбасымыздың жалпы білім беретін орта мектептердің бәріне Назарбаев зияткерлік мектептерінің әдістемесін әкелудегі мақсаты - білім саласындағы қазіргі кездегі қаптаған пайдасы жоқ реформаларды тоқтату үшін жасалған әдіс деп есептеймін.
– Күләш Саламадинқызы, бүкпесіз ашық сұхбатыңызға рақмет. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, өзіңізге шығармашылық табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Мұратбай ҰЛЫҚПАН