©
Қазақ халқының рухани мәдениеті тарихында дәстүрлі діни-мұсылманшылық құндылықтарды білімпаздықпен болмысына терең сіңірген, ми қазанында, ой қазанында қайнатқан, содан соң ұрпақтарына оқытып-танытқан, араб-парсы, түркі, орыс тілінде еркін, жүйрік сөйлеген ғұлама Ержан хазірет Төлегенұлының (1887–1966) тұлғасы айрықша еді.
Негізінде, жалпы қазақ жұртында, оның ішінде даңқты Маңғыстау топырағында Құран қағидаттарын, ислам шарттарын, ата дәстүрлерін, жаратылыстану ілімдерін толық білетін өрелі білгірлер, «таңдайынан нұр жауған» әулие-әмбиелер, шайхы-пірлер, хазірет-ишандар, ахундар, қожа-молдалар армиясы бар еді. «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жұрт» дейтін ескі сөз заманалар мен ғасырлар тұңғиығынан сыр шертеді. Өйткені таңғажайып өркениет ошағы – Шығыс елі.
Жүйелі рухани инфрақұрылымы кемел мыңжылдықтар тарихы бар көне шаһарлар: Хараппа, Мохенджо-Даро, Бактрия, Герат, Стамбұл, Балх, Бағдат, Самарқанд, Бұхара, Исфахан, Кабул, Баласағұн, Мерв, Қашғар, Дамшық, Каир. Бұл қалаларда сан алуан діндер де, тілдер де, түрліше идеялар да, ғылым, философия, тіл, тарих, саясат, мәдениет, мифология, жазу мен сәулет өнері, сауда, шаруашылық қуаттанып, қарыштап дамыған.
Осы ретте Маңғыстау – Жібек Жолының бойындағы күретамыры еді. Нақтылы айтқанда, Жібек Жолы біздің заманымызға дейінгі 119 жылы пайда болған-ды. Сондықтан да Маңғыстау мәдениетінің тарихы, «Жібек Жолы» тарихымен төркіндес. Дін ғұламаларының интеллектуалдық-шығармашылық әлеуеті, қызметі, өмірбаяны, тағдыры, көзқарасы, білім-білігі осындай өркениеттер мен мәдениеттер тоғысынан туындаған.
Ержан хазіреттің «Ілімнің бұлағы – тақуалық қайнары» атты қолжазбасының ғылыми-ағартушылық, танымдық-тағылымдық сипат-қасиеттері, ұлттық рухани құндылықтары, Құран аяттары мен қағидаттарының, інжу-маржандай хадистердің, өмір оқулығындай даналық дәрістердің, жүрек, тылсым, сыр ілімінің, көркем сөз табиғатының терең мазмұны жүйелі, тақта-тақтасымен, десте-дестесімен түсінікті, келісті баяндалады.
Дін оқымыстысы Ержан хазірет адам баласының өсу-өркендеуі діни рухани жетілу жолында кәміл, толық адам дәрежесіне жету үшін қандай ілімге жүгіну, ой жүгірту керектігін шегелеп нақтылайды. Ержан хазіреттің көрсетуінше, ілімді мынандай түрлерге жіктейді: 1. Мукашафа ілімі яки жүрек, құпия тылсым, сыр ілімі, «бұл жүректе орын табатын нұр». «Жүрек – адам денесінің патшасы» десек, оған бағыну, шын мәнісінде, абзалдық. 2. Муамалла ілімі (амал, қарым-қатынас, құлшылық). Ол өзінің ой-тұжырымдарын Құран сөздерімен, хадистермен түйіндеп отырады. Мысалы, амал жасау жайында: «Жасамайтын істеріңді жұртқа айту – үлкен күнә» (Құраннан) деген өнегелі ойды орайымен қолданады. Бұл дегенің даңғойлықтан, мақтаншақтықтан, бөспеліктен сақтандырғаны. Ұлттық дүниетанымымызда «арық сөйлеп семіз шық, семіз сөйлеп сере шық» деген ғибрат сөзбен үндеседі.
Ержан хазірет қазақ баласының тұрмыс-тіршілігі жолында әдепті, мәдениетті, қадірлі, үлгілі болу үшін «Муамалла ілімінің тағы бір шарты – үйретуде мейірімді болу», «ілім алушының деңгейіне сәйкес тілде түсіндіру», оқуда және оқытуда «ниеттің дұрыс болуы», «дүние істерін тоқтату», «менмендікті тастау», «ізгілердің сұхбатында болу», «әсерлі уағыздарды тыңдау» тәрізді шарттарды атайды. Бұлар – аталы ойлар, өмір, тәжірибе, даналық сабақтары, жақсылықтың тамаша көріністері.
Оқымысты ұстаз Ержан хазірет Аллаға құлшылық жасаудың философиялық мәнісі мен мағынасын пайымдайды. Мәселен, намаз оқудың қыр-сырын айтқанда былайша жазады: «Намаздың ақысы» адамның сыртын хақиқи нәжіс және хукми нәжістен тазарту, ағзаларды күнәдан, жүректі жаман ахлақтан, сырды Алладан басқаға арнаудан қорғау қажет, бұл жартысы». Өңгесі рухани ішкі тазалық. Сонан соң ынта-пейілмен, әдеппен, әдемі нақышты дауыспен намаз оқу ғанибет! «Дәуіт пайғамбар» сырлы дауыспен уағызын айтқанда жындар да, жануарлар да құмарланып-қызығып тыңдайды екен-ау. Бұл – «жүректі оятады, жігерлендіреді, құлағын тек соған салады, ұйқыны қашырады, жалқаулықты қуады, құлшылыққа баулиды» (Ержан хазірет). Асылы, Ержан хазірет Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерінің сыртқы һәм ішкі астарлы мағыналарын мүмкіндігінше салиқалылықпен салмақтап ұғынықты мәлімдеп отырады.
Сондай-ақ «дұға-құлшылықтың мәйегі» дейтін қағиданың сырын түбегейлі әңгімелейді. Ойлау, сөйлеу мәдениеті хақындағы: «Қашан да әдепті де көркем, түйінді де қысқа сөйлеп, тыңдаушыға түсінікті болу үшін сөз арасын бөліп отырған жақсы... Сөйлеген кезде ауыздан тек ізгі және пайдалы сөздер шыққаны дұрыс» деген қисынды пікірлері бұл күнде де көкейкесті. Себебі жоғары оқу орындарының ұстаздары сөйлеу, ойлау мәдениетінің шарттарын меңгеруде шалағайлық танытып, жастардың қабылдауына қиындық тудырады.
Я асырып, я кемітіп сөйлеуді жат қылық дейді. «Тіліңдегі артық әңгімені», негізсіз дауласуды, ғайбаттауды, сөз тасуды мақтауды («Мақтау ол – бауыздау»), «дүние махаббатына жүрегі ластанғанды», күншіл-міншілдерді әшкерлейді. Әсіресе «үндемеуде салмақтылық күшінде, жинақылық, құлшылыққа мүмкіншілік, екі дүниеде апаттардан амандық бар» деп түйін жасайды.
Алланы тану, Пайғамбар ұлағаты, ораза ұстау, қажылық сапарға әзірлену, үйлену рәсімдері, кәсіпкерлікпен шұғылдану, ілім үйрету, егін егу, құдық қазу, мешіт салу, Құран басып шығару, қайырымдылық жасау, тамақтану тәртібі, киім кию, ұйықтау, түс көру және жору, моншаға бару, ырымшылдық, ғалымдық, достық, сәлемдесу, рұқсат сұрау, сыбаға беру, байсалдылық (сақтықпен әрекет жасау), кешірімділік, насихат айту, қызғаншақтық, кең пейілділік, шыншылдық, сыпайгершілік, міндетсіну (кісімсіну), тәкаппарлық (өзін ғажап санау), ықыластың негізі-ниет, пиғыл-ойдың ниетке, ниеттің ағзаға әрекеті, көркем мінез, тәубешілдік, сабыр, ризалық, шүкіршілік, қауіп, үміт және т.с.с. этикалық-философиялық ұғымдарды жан-жақты түсіндіріп, кемел толғайды.
Ержан хазірет дін ұстазы қандай болу керек дегенде, ол – майталман маман, «сөзі дәрі» ділмар-шешен, ақиқатшыл, шыншыл, ұстанымы айқын болуға лайық. Оның ұстаздық-ұйымдастырушылық келбеті, өнегесі осындай.
Ержан хазірет Төлегенұлының «Ілімнің бұлағы – тақуалық қайнары» атты діни-ағартушылық еңбегінің тағдыр таныштық, философиялық мәні ерекше. Асыл ойлар, ғақиялар көркемдік мазмұнын айқындайды. Ойдан ой сабақтайсың, Ержан хазіреттің осы бір ғылыми-педагогикалық мұрасы Абайдың қара сөздерімен, Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасындағы» діни-сопылық сарындарымен, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрімнің ғибратты толғамдарымен үндестік табады.
Бұл шығарма – мұсылмандық пен адамшылықтың, имандылық пен дұрыстықтың жолына жөн сілтейтін, жоба көрсететін, тура бастайтын шарайна.
Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, Астана қаласы