Бұл автошеруді ұйымдастырушылар – ауған соғысының ардагерлері. «Біздердің әлі айтарымыз бар, жазарымыз да бар. Жастарға ұлттық тәрбие беруде үн қосқымыз келеді», – дейді олар. Облыс аймағына автошеру ұйымдастырудағы мақсат – алда келе жатқан үлкен мерекенің бастамасы екенін де айтты.
1979-1989 жылдар аралығында Кеңес әскерлерінің Ауған Демократиялық Республикасының аумағына баса көктеп кіріп, белгілі бір тапсырманы орындау мақсатында соғыс жүргізгені белгілі. Келесі жылдың ақпанында Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толады. Үлкен мереке деп отырғанымыз да сол, бұл күн тек ауғандық ардагерлердің мерекесі емес, соғысты қаламайтын бейбіт еліміз үшін де атаулы күн болмақ. Атаулы күнге деген мерекелік шараның басын бастап келген автошеру ұйымдастырушыларын 6 қазан күні ауданымыздың басшылары, мәдениет қызметкерлері мен белсенді жастары Ақкетіктің төрінде құрметпен қарсы алды. Ең бірінші кезекте қаладағы бақта орналасқан мәңгілік алау маңына жиналған ардагерлер соғыс атты зұлматтың енді болмауын тілеп, екінші дүниежүзілік соғыс пен ауған соғысында қаза тапқан, оралмай кеткен боздақтарды еске алып, ескерткіш маңына гүл шоқтарын қойды. Қаламыздың көркін ғана келтірмей, патриоттық тәрбие беруде рөл атқаратын Иса-Досан ескерткішінің маңында естелік суретке түсу шарасын жасады. Баутин ауылындағы ауған соғысының батыры, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Қалмырза Берішбаевқа арналып салынған ескерткіш маңында жасалған «Рухы биік жандарды ардақтайық» атты мәдени-танымдық жиынның қонағы болды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қариясын ардақтаған халықпыз- Бұл ескерткіштің біз үшін үлкен мәні бар. Соғысқа аттанғанда небәрі 18-19 жастағы жастар едік. Соғыстың не екенін білдік пе, берілген тапсырмаларды орындауға аттанамыз. Күндегісін күнде қасымыздағы жолдастардан айырылып, ажалмен бетпе-бет келген сәттерді бастан өткердік. Мына Қалмырза – ерлікті бір кісідей көрсеткен ер. Генералға бағытталған оқты өз кеудесімен жауып, қаза тапты. Мені және қасымдағы жолдасымды «Қалмырзаның мүрдесін ауылға жеткізуге барың» деп жұмсады. Бірақ біз Қалмырзаның кегін аламыз деп ауылға берілген жолдамадан бас тартып, соғыста қалдық. Күні кешегідей бәрі есте. Қазақтың қайсарлығын, тапсырманы мүлтіксіз орындауға деген адалдығын, ер деген атқа лайық болудың үлгісін барымызша көрсеттік. Біздің жастарымыз да осы бабалар рухынан алшақтамай, батыл болып өсуіне тілектеспіз. Соғыс деген нәрсені енді ешкім көрмесін, бейбітшілікті қалайтын еліміздің ниетіне аспанымыз ашық болсыншы, - дейді жиында толғана сөз алған «Боевое братство» ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдастық басшысы Мәтжан Шәулеев.
Облыс бойынша бүгінгі таңда 600-дің үстінде аудан соғысының ардагерлері болса, оның 60-қа жуығы мүмкіндігі шектеулі жандар тізімінде тұр. Кеңестік кезеңнің қателіктерінің осындай бір көрінісі көптеген жандардың жанына жазылмас жара салды. Ондай жандар бізбен бірге, жанымызда өмір сүруде. «Айтарымыз да, жазарымыз да көп» - деуі соғыс деген зұлматта көрген қиындықтарының жүрекке өшпес жара салуынан болар. Жастарды отансүйгүштік сезімге тәрбиелеу ісіне мән беріп, рухы биік азаматтар болып өсуіне әрдайым үлес қосуын олардың Отан алдындағы парыздарын әлі де адал атқарып жүргендігі деп бағалауға тұрады.
Клара МЕҢДІБАЙҚЫЗЫ