©
Сын болмаса көштің оңалуы қиын. Оның үстіне адамның болмысы сынға жақын келеді. Сондықтан «5/50» жобасы туралы алғаш естігенде күмәнмен қарағанымыз шын. Батырлығы алты құрлыққа аңыз болып тараған батыстағы ағайынның қалың нөпірі жұмысынан айырылуы мүмкін дегенде жаға ұстағанымызды кімнен жасырамыз? Десе де қиын сыннан қисын тапқан «ҚазМұнайГаздың» ұсынған жобасы өз кезегінде уникум болып тұрғаны рас. Ендеше патша көңілді оқырман тарапынан келуім мүмкін деген сұрақтарға жауап беріп көрсек. Сіз айыптаушы, біз қорғаушының рөліне енсек.
Айыптаушы: Өтемақы алған мұнайшы қайда барады? Ақша су, бір күні таусылады. Ал жұмысын қайтпек?
«5/50» жобасы: Бағдарлама аясы кең. Компания мұнайшыға ақша беріп қана қоймай, жаңа оқудан өткізіп, басқа жұмысқа орналасуына себепкер болады. Өтемақы арқылы мұнайшы жаңа пәтер алуға, несиесін жабуға қауқарлы болады да, жаңа жұмысы арқылы отбасын қамтамасыз ете алады.
Айыптаушы: Жалпы мұнайшыларды қысқартпауға болмай ма?«5/50» жобасы: Жоқ. Экономикалық және объективті себептер – МС компанияларын оңтайландыру қажет – олардың күн көрісінің кепілі осында. Егер бәз қалпында қалдырсақ, онда мұнай сервистік компаниялары өз жұмыс орындарын сақтау үшін ғана шығынға жұмыс істеуін жалғастыра алмайды. Демек компания банкрот болып, барлық жұмысшы жұмысынан айырылады деген сөз.
Айыптаушы: Егер мұнайшы компания ұсынған жұмыста істегісі келмесе? Қайда оқуға мүдделі болмаса ше?
«5/50» жобасы: Бұндай жағдай да қарастырылған. Аталмыш бағдарлама мен Маңғыстау өңірінің жергілікті билігі бірлесе түрлі жобалар ұсынады. Азаматтарға басқа саладағы жұмыстар туралы ақпар беріліп, реті келсе шағын бизнес ашуға несие алуға көмектеседі.
Иә, оқырман тарапынан түсуі мүмкін деген ең маңызды сұрақтардың жауабы осы. Бұл сан рет ойланып, кесімге келген шешім. Қиын кезде халықпен санасып, жұмыскерлердің қамын ойлайтын бұл жоба тұтас еліміздегі еңбек ресурсын бағалау мәдениетіне өзгеріс әкеледі деп сенеміз.
Жайық НАҒЫМАШ