©
Киелі Маңғыстау ауданының 90 жылдығы мен біздің ауылымыздың ерекше дарын иесі, қазақтың көрнекті мифолог-ғалымы Серікбол Қондыбайдың 50 жылдығы қатар атап өтіліп жатыр. Серікбол Қондыбайдың еңбектерінің құндылығы танымал болған сайын жаңа қырынан ерекшеленіп тұрады. Биыл Маңғыстау облысында 6-8 маусым аралығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ғалым Серікбол Қондыбайдың 50 жылдығына орай алғаш рет «Серікбол Қондыбай мұралары: әлемдік мифологияның дамуына жаңаша көзқарас» атты халықаралық конференция өткізілді. Конференцияға еліміздің және шет елдің ғалымдары, профессорлары қатысты. Конференцияның ашылу салтанатында Н.Жантөрин атындағы облыстық драма театры мифтік мазмұнда қойылыммен бастап, ғалым шығармаларының жинағы бойынша «Байырғы қазақ дүниетанымының негіздері» ғылыми энциклопедиясы мен «Серікбол Қондыбай - рух жауынгері» (режиссері Ә.Байғожина) деректі фильмінің тұсауы кесілді. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов: «Небәрі 36 жыл ғұмырында жарық жұлдыздай жалт еткен Серікбол Қондыбай артына өшпес мұра қалдырды. Елімізде құрыштай мығым төзіммен, болаттай берік сабырымен басқа түскен дауылға мойымай, ел-жұртына үлгі-өнеге болған тұлғалар аз болмаған. Бірақ солардың арасында қасаңдыққа айналған түсінім-таңбаларды қазбалап, күңгірт тартқан санаға сәуле түсіре алғандар саусақпен санарлық. Ерекше қабілетпен жаратылған Серікболды Алла Тағаланың жер бетіне өзгеше бір мақсатпен жіберілген тұлғасы деп қарауға болады. Өйткені ғылыми кітапханасы, интернеті де жоқ шалғай ауылда төсекке таңылып, ғылыми ортаны дүр сілкіндіру кез келгеннің қолынан келмейді. Осы конференцияда әлемдік ғылымның көкейінде жүрген көптеген толғандырған сұрақтардың жауабы алынатынына сенемін», - деді. Мерейтой қарсаңында жарық көрген Серікбол Қондыбай шығармаларының жинағы бойынша «Байырғы қазақ дүниетанымының негіздері» атты ғылыми энциклопедияда байырғы қазақ дүниетанымында, оның шежірелі тарихы мен түрлі даму белестеріне қатысты пайымдаулар «Табиғат», «Адам», «Қоғам» тақырыптарына топтастырыла отырып, жүйелене сұрыпталған. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын қызу қолға алған тұста жарық көріп отырған бұл еңбекте көтерілген ұлттық бірегейлік, ұлттық код, ұлттық ойсана мәселелері тарихи таным біліміміздің көкжиегін кеңейте түспек, болашақта атқарылар жаңа жобаларға беташар үлгі-нұсқау болмақ. «Серікбол еңбектері несімен қымбат, қандай қадір-қасиетімен құнды?» деген сұраққа «Арыс» қорының президенті, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла ӘНЕС: «С.Қондыбай мұрасының атап айтар айтулы тұсы - ұлттық мүдде, қазақылық, ұлттық құндылықтар, тәуелсіз еліміздің басты мұрат-мақсаттары алдыңғы орынға шығарылып, батыл қорғалады. Көбіміздің ойлау жүйемізге әбден сіңісті болған, бұлтартпас қағидаға айналған ғылым-танымдағы астамшыл еуроцентризм ашық сыналады. Қоршаған ортаны танып-білу мен дүниетанымымыздағы тамыр-тамырымызға жайылған отаршылдық саясаттың зардаптары айыпталады. Ұлттың жанына жақын мәселелерді айту мен шешуде таптаурын жолдардан бас тартып, мүлде жаңа шешімдер басшылыққа алынады. Басты іргелі еңбегі «Арғы қазақ мифологиясында» қазақ ғылымында арнаулы зерттеу объектісі болмаған, кешенді зерттелмеген мифология тақырыбына тұңғыш рет қалам тартылды. Өткен өмірді боямаламады, тәңіршілдікті дәріптемеді, дін мұсылманшылықты ерекше құрметтеді. Гуманитарлық саладағы түрлі бағыт-бағдар, әдіс-тәсілдердің арасынан, ең тиімдісін таңдап алды, әсіресе шетел ғалымдарының өміршең идеяларын дөп басып қолдады, оларды тармақтата таратып, ізденісін жалғастырды. Алыс ауданда жатқандықтан ғылым-білімнің тереңіне еркін бойлай алмағанына өкініш білдіре отырып, идея-болжамдарын дәлелдеу барысында кемшін тұстарын ашық мойындады, қажет тұстарда қайта қарап, өзгертіп, жетілдіріп отырды», - деп атап өткен болатын. Музей ашылғалы 3 жыл болса да, тек республика көлемінде ғана емес алыс, жақын шетелдік ғалымдар залдағы Серікболдың мифтік тақырыптардағы талдаулары бейнелеген экспозициялық көрмелерімізге ерекше қызығушылық танытады. Осы жылдың мамыр айында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Астана қаласында өткізілген «Руxани қазына-2018» республикалық байқауына Маңғыстау облысынан біздің «Мемориалдық музей» қатысып келді. Республикадағы сан алуан мәдениеттердің басы тоғысып жатқан Астана қаласындағы бұл байқаудың жоғары деңгейде өтуі музей жұмыстарына руxани серпіліс берді. Мемориалдық музейіміз Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс xатымен марапатталды. ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Тұңғыш мұнай бұрқағының куәгері Тамыз айының 16-18 аралығында Маңғыстау облысының Туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Маңғыстау облысында геотуризмді дамыту мүмкіндіктері және Қазақстанда ЮНЕСКО-ның ғаламдық геопарктер желісін құру» туралы халықаралық конференция өткен еді. Конференцияға ЮНЕСКО-ның ғаламдық геопарктері бойынша Қазақстанның Ұлттық комитетінің төрайымы Диляра Вудворд, Ұлыбританиядағы «English Riviera» ЮНЕСКО-ның ғаламдық геопарктер жобасының туризм бойынша орталығының директоры Авива Аунап, Венгрияның «Әулие Иштван университетінің» профессоры, геотуризм жөніндегі сарапшысы Лорант Давид, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Майнюра Мұрзамадиева және арнайы шақырылған мамандар мен өлке белсенділері қатысты. Конференция мақсаты - осы аймақтағы геологиялық мұраның тарих және қазіргі қоғам үшін маңыздылығы туралы ақпараттылықты арттыру арқылы ЮНЕСКО-ның геопарктері жергілікті тұрғындардың өз өңірі үшін мақтаныш пен патриоттық сезімдерінің нығаюйына ықпал ету және осы аймақта, өзін-өзі тануды күшейту. Конференция барысында С.Қондыбай атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Балсұлу Қондыбай «С.Қондыбай атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының геотуризмді және әуесқой туризмді дамытудағы рөлі» тақырыбында баяндама жасап, бұл саладағы С.Қондыбай мұраларының үлесі зор екенін айтып өтті. Маңғыстау өлкесінің туризм саласын дамыту С.Қондыбайдың ең негізгі армандарының бірі еді. Сол арманы оны тылсым Маңғыстау туралы көптеген еңбектер жазуға жетеледі. Оның бұл еңбектері шетелдік қонақтарды қатты қызықтырды. Әсіресе, венгриялық профессор Лорант Дэвид мемориалдық музей базасында өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыратын ғылыми-танымдық экспозициялар жасақтау туралы ойын айтты. Бұл болашақта құрылар геопарктерге қызығушылықты оятары сөзсіз. "Еліңді тану – жеріңді танудан басталады" демекші, алдағы уақытта мемориалдық музей жақсы жаңалықтарымен қуантатын болады. Қадамын жаңа ғана басып келе жатқан жас музейдің табысы мен жетістіктері әлі де алда деп білеміз.Рима БЕРДИЕВА, С.Қондыбай атындағы мемориалдық мұражайдың директоры