©
Ұлан-байтақ жерімізде туып-өсіп, ел тарихына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың қай-қайсысының да еңбегін ескерусіз қалдырмай айтып жүрсек, нұр үстіне нұр болары анық. Жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу – ел алдындағы абыройлы міндет. Ендеше, аға буынның үлгі-өнегесі мен еліне сіңірген еңбегін келер ұрпаққа жеткізу – елім-жерім деп жүрегі соғатын әрбір қазақстандық азаматтың борышы.
Күзенбай Үйсінбаев. Бұл есім тек Маңғыстау ауданына ғана емес, бүкіл облыс халқына біршама таныс, танымал есім десек, артық айтқанымыз емес. Ауданның саяси, мәдени өмірінен бір сәтте қалыс қалмай, өткізілген кез-келген шараның ұйымдастырушыларының қатарынан табыла білген оның еңбегіне замандастары жоғары бағасын беріп те қойған. Халыққа еңбегі сіңген азамат Үйсінбаев Күзенбай туралы ел арасында айтылып жүрген түрлі жағымды пікірлердің куәсі болып жүрміз. Соның бірі облыстық техникалық және кәсіптік білім берудің оқу-әдістемелік кабинетінің директоры К.Аманова: «Күзенбай Үйсінбаев та – есімі елге белгілі, қарапайым азаматтардың бірі. Оның еңбегі атқарған жұмысының жоғарлығымен әртүрлі марапаттарға ие болды. Ол – халықтың ішінен қайнап шыққан, ақ адал еңбегімен, өлшеусіз ісімен көзге түскен, ең алдымен адамгершілік, имандылық қасиеттерімен ерекшеленетін азамат. Ол – өз ісіне тындырымды, ақырын жүріп, анық басқан, жүрегінің түпкірінде туған еліне деген сүйіспендік көңілі маздап тұрған, табанды, алдына айқын мақсат қойғандардың бірі. Ол әр нәрсені ақыл таразысына салып, атқарған парасатты жан десек, артық айтылғандық емес», - депті ауданның өткен жылдары туралы естелігінде. Иә, бұл елім деп еңбек еткен азаматқа халықтың берген бағасы.
Күзенбай Үйсінбев 1953 жылы қаңтар айының 8 жұлдызында Маңғыстау түбегінің Аққұдық, Сенек ауылына қарайтын Фетисов ауылдық кеңесінде малшының отбасында дүниеге келген. Әкесі Аққұлов Үйсінбай, шешесі Есжанова Ағлес отбасында 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, өсірген.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» демекші, Күзембай ағайдың тоқсан жылдық тарихы бар ауданның құрылуы мен қалыптасуында қалдырған ізі туралы Жалғас Жапақов нақты әрі өте әсерлі жеткізе білген. Тарих бетінде, болашақ ұрпақ жадында елім деп еңбек еткен азаматтардың ерлік ісі мәңгілік жаңғырып тұруы тиіс. Жасымның кішілігі бар, заманымның бөлектігі бар Үйсінбаев Күзембай ағайдың ел игілігіне жасаған қызметін естіп, біліп жүрсем де оны сол кездері көзімен көрген азаматтар секілді айтып, жеткізе алмауым мүмкін. Сондықтан торқалы тойымыз ауданның тоқсан жылдығына арналып шыққалы тұрған газет бетінде Күзенбай Үйсінбаев туралы мақала тұруы міндет болса, ол туралы замандастарының пікірін халықтың оқығанын жөн деп санадым.
«Күзембай 1992-1999 жылдар аралығында аудан әкімінің орынбасары болып, халықпен етене жақын еңбек етті. Өтпелі кезеңнің барлық ауыртпалықтарын елмен бірдей көтеріп, ауданның саяси экономикалық жағдайын қалыпты ұстауға атсалысты. Жастар тәрбиесі, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге басты назар аударды. Күзембай 1999-2007 жылдар аралығында аудан бюджетінің 70 пайыздан астам бөлігін ұстайтын, ең жауапты сала - білім бөліміне басшылық етті. Шетпе де гимназиясы, лицей мектептері ашылды, Шебір, Ақшымырау ауылдарындағы орталау мектептердің құрылыстары салынып, орта мектеп мәртебесін алды. Тұщыбек бастауыш, Өтес, Үштаған орта мектептері мен Шетпеде өнер мектебінің типтік жобадағы ғимараттары, Жыңғылды мектеп-интернатының жатақхана кешені салынып пайдалануға берілсе, Онды орта мектебіне күрделі жөндеу, ағылшындық үлгімен жасалынып, қайта жарақтанды. 2004-2007 жылдары ауданның білім беру ұйымдары білім сапасы жөнінен облыс көлемінде тұрақты алдыңғы орында тұрды», - дейді Күзенбай Үйсінбаевпен қызметтес болған ауданның Құрметті азаматы Жалғас Жапақов.
1979 жылы Гурьев пединститутының тарих факультетін бітірген Күзембай ағайды аудандық партия комитетінің бюросы аудандық комсомол комитетінің 1-хатшысы етіп бекітті. Оның нағыз ұйымдастырушылық қабілеті осы кезде көрінді. Ел басына қиынқыстау күн туғанда, саудада әр затыңды талонмен алатын кездерде де Күзенбай Үйсінбаев жас пен де - жасамыспен де істес болып, көпті көрген, өмірлік тәжірибесі үлкен рөл атқарды.
Ол мемлекет жүктеген міндеттерді мінсіз атқарумен бірге қоғамдық өмірге де белсене араласты. Мұғалім, ауылдық, аудандық комсомол комитетіне хатшы, кәсіподақ төрағасы, партком хатшысы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудан әкімінің орынбасары секілді міндеттерді мінсіз атқарды. Қоғамдық өмірге ерте араласқан ол бойкүйездік, самарқаулық қасиеттерден бойын аулақ ұстады.
1984 жылы талапты да жігерлі жас аудандық мәдениет бөліміне басшылық қызметке тағайындалды. Ауданның мәдениет саласы ол басқарған жылдары жаңа биікке көтерілді. 1990 жылы қараша айында аудандық партия комитетінің пленумында ол жабық дауыспен Қазақстан Компартиясы Маңғыстау аудандық комитетінің 1-ші хатшысы болып сайланды. Бұл - оған артылған зор сенім еді. Ауданның барлық жұмыстарына тікелей басшылық жасады. Ең алдымен ол ел арасында мәдени – саяси шараларды жүргізуге, ел бірлігіне баса назар аударды. Жастармен ерекше жұмыс жасады. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған жылы Елбасының «Халықты әлеуметтік қолдау жөнінде» қаулысын орындауға бар күш, жігерін салды.
Оның Маңғыстау ауданын бүкіл республикаға танымал еткен ерен еңбегінің бірі – Дүниежүзі қазақтарының 1 Құрылтайына Маңғыстау облысы атынан Үштағандық Тәкенов Атабай ақсақалдың киіз үйін дайындап апарып, Алматының төріне тігуі еді. 183 киіз үйдің ішінен жүлделі 1 орынға ие болып, Елбасының өзі киіз үйдің ішінде жайылған дастарханнан дәм татқан. Кемер облысының губернаторы Аман Төлеев қонақ болып, жақсы деген бағасын берген. Бір жылдан кейін Президентіміздің өтінішімен киіз үй қайта жабдықталып, Елбасына тапсырылды. Жеті жыл аудан әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды, елмен бірге суыққа тоңып, ыстыққа күйді. Аудандағы алғаш мұражай Күзембайдың тікелей басшылығымен 90 күнде іске қосылды. Мұнан соң аудандық білім бөлімінің басшысы болып жемісті жылдарды бастан кешірді.
2007 жылы облыс орталығында жаңадан құрылған облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығының алғашқы директоры болып тағайындалды. Жаңадан қаз-қаз басып келе жатқан білім ордасында жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына бір адамдай жұмыстанды. Оқушыларды тереңдетілген білім нәрімен сусындатып, облыстағы іргелі білім ошағы болуға айрықша еңбек сіңірді.
Сіңірген еңбектің еленбей қалмайтыны белгілі, оған Қазақ ССР Жоғары Кеңесі төралқасының Құрмет грамотасы табысталды, ол – Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы. Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, «ҚР Тәуелсіздігіне - 10, 20 жыл», «Астана қаласына – 10 жыл», «ҚР Конституциясына – 10 жыл» медалінің иегері. Мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» наградасының иесі. Аты айтып тұрғандай, еліміздің өсіп, өркендеуіне ерен еңбек сіңірген азаматқа көрсетілген құрмет еді бұл. Қазір Күзембай ағайды көрген кез-келген адам тұра қалып амандасып, амансаулығын сұрап жатады. Кезкелген жерде оның еңбегі сөз болып, жасаған жұмыстарын үлгі етіп жатады. Мінекей, еңбек бағаланды деген осы. Жас ұрпаққа үлгі боларлықтай артыңда ізің қалса, төгілген маңдай теріңнің еш кетпегені.
Саналы өмірінде басшылық қызметтерді атқара жүріп, халықпен қоян-қолтық араласып, елмен бірге біте қайнасқан. Сондықтан оған Маңғыстаудың әрбір түйір тасы мен ой-шұңқыры ыстық, болашағына алаңдап отыратыны рас. Тағы бір айта кететін жайт, ағай туралы деректерді ақтарып отырып бір аңғарғаным, ол кісі жастар тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарымыздың қадір-қасиетін жас ұрпақ санасына жеткізу жолында көптеген құнды дүниелерді жарыққа шығарыпты. Зейнеткерлік жасқа жетіп, денсаулығы сыр берсе де менің кітабымды қолына алған кейінгі ұрпақ ішінен бір нәрсені ұғынсын деген мақсатты көздегені көрініп тұр. «Әкенің беделі», «Бесіктің құдіреті», «Тіл мен діл», «Көне дәстүр: күнгейі мен көлеңкесі» «Қыз намысы – ұлт намысы емес пе?» «Кісілік» деген секілді мағыналы әңгімелері оқыған адамға терең ой салары анық. Осындай дүниелерді өмірге әкеліп, жастарды тәрбиелеу мәселелерімен, елдегі шешілмей жатқан көптеген жағдайларды реттеумен айналысып, ақыл-кеңесін беріп, халықтың құрметіне бөленіп жүрген азамат.
Қазір Күзембай ағай жары Ханыммен ұл-қыздарын ер жеткізіп, олардан өсіп, өнген немерелерін қызықтап отырған ақ сақалды ата мен ақ жаулықты әже. Ағайын-тумаға, дос-жарандардың арасында сыйлы, еліне құрметті ағайға мәуелі бәйтеректей жайқала беріңіз демекпіз.
Айгүл НОҒАЙХАН