Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Біз ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі Ислам дінін, оның ішінде Ханафи мазһабын ұстанушы халықпыз. Өзіміздің тіліміз, дініміз, мәдениетіміз, ұлттық құндылықтарымызбен әдет-ғұрпымыз бар халықпыз. Қанша ғасырлар өтіп, қанша қоғамдық формациялар өзгерсе де, діни құндылықтар, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып өзгермейді. Ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі Ислам дінімізді, мәдениетіміздің ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз жеткізіп отыруы ол жастарымыздың ел алдындағы, мемлекет алдындағы басты міндеті. Себебі, еліміздің болашағы, тірегі - ол жастар!» - деп айтқан болатын.
Иә,расында да Ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі Ислам дінімізді насихаттап, қаймағын бұзбай, қастерлеп ұстау біздің парызымыз! Сондықтан біз жастар, Қасиетті Рамазан айында жас ұрпаққа рухани – тәлімдік тәрбие беру, жастарға Ислам дінінің негіздерін түсіндіре отырып, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында рухани кеш өткізуді жоспарлағн болатынбыз.
Осы ретте, 2016 жылдың 29 маусым күні, М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында, Маңғыстау облыстық Дін істері басқармасы мен Маңғыстау облыстық орталық мешітінің қолдауымен Қазақстанның «Ақ Жол» Демократиялық Партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол-жастар» жастар қанаты мен Маңғыстау облыстық жастар ресурс орталығының ұйымдастыруымен Рамазан айының құрметіне орай «Иманды жас - ұлт кепілі! » атты рухани кеші өткізілді.
Шараға облыстық, қалалық әкімдігінің қызметкерлері, Маңғыстау облыстық дін істері басқармасының қызметкерлері, Маңғыстау облыстық орталық мешітінің бас имамы және өкілдері, Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы, Жергілікті ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, Маңғыстау ресурс орталығының қызметкерлері, Ақтау қалалық жастар орталығының қызметкерлері, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық Партиясы Маңғыстау Облыстық филиалының қызметкерлері мен мүшелері, Облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері мен тәрбиешілері, Арадагерлер үйінің ақсақалдары, Облыстық, қалалық кітапхана қызметкерлері, Саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Ақтау қаласының тұрғындары мен қала қонақтары қатысты.
Рухани кеші бүкіл әлемдердің раббысы болған Алланың хақ сөзі құран кәріммен бастау алып және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы, Маңғыстау облыстық орталық мешітінің бас имамы Исмайыл Сейітбеков Сүйірқұлұлы құттықтау сөз сөйлеп, жастарды жақсылыққа шақырып, ұлық айдың нығметтерін айтып, сауапқа толы мүбәрак айды ерекше құлшылықпен өткізуге шақырып, игі істермен өткізуге үндеді. Жастар да уағызға шөліркеп қалса керек, бас имамның сөзін ұйып тыңдады.
Кеш барысында қазіргі өмірде пендешілікке салынып, әттеген-ай дегізетін сан қилы оқиғаларда өте көп. Мұсылман бауырларымызды тәубеге келтіруге өмірден алынған оқиғаны мысал ретінде « Ақ жол- жастар» жастар қанатының әуесқой әртістері «Шын дос» қойылымын сахналап, жиналған жұртшылықтың көзіне жас алдыртып, көпшілікті бір ойландырып тастады.
Сонымен қатар, рухани кеште Алла Тағала шайтандар кісенделіп, тозақтың есіктері жабылатын, жәннаттың есіктері айқара ашылатын берекелі айды құлдарына тарту еткен Рамазан айы хаһында видеоролик көрсетіліп, тағылымды ән мен ғибратты термелер орындап, өлеңдер оқылды. Атап айтсақ, М.Өскінбаев атындағы филармониясының әншісі Бектұрғанов Жігер Алтынбекұлы «Базар жырау» Маңғыстау ауылдық мешітінің «Үммет» жастарының мүшесі Құдайбергенов Нұрғиса « Арақ- шайтан», «Ақ жол- жастар» жастар қанатының мүшесі Қабисатов Бейбіт «Пайғамбарға арнау» термелерін орындап, «Ақ жол- жастар» жастар қанатының мүшесі Айбол Хамитов «Сәби бақыты», «Қос қанат ғұмыр», Маңғыстау ауылдық мешіті «Үммет» жастарының мүшесі, Маңғыстаулық әнші Еламан Тіркешов «Аңсаған Рамазан» әндерін шырқап, «Ақ жол- жастар» жастар қанатының мүшелері Әсел Ғалымжанова «Уақыттың қадірі», Нұргүл Бектұрсынова «Тәубә» өлеңдерін оқып, көпшілікке тарту етті.
«Иманды жас- ұлт кепілі» атты рухани кешіміз өтуіне бір кісідей атсалысып, қолдау көрсеткен Маңғыстау облыстық дін істері басқармасының қызметкерлері, Маңғыстау облыстық орталық мешітіне, Маңғыстау облыстық жастар ресурс орталығына, Маңғыстау ауылдық Үммет жастарына өз ризашылықтарымызды білдіріп, алғысымызды білдіреміз.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Егер адам баласы рамазан айының не екенін лайықты түрде түсіне білсе, бір жылдың бастан-аяқ рамазан болуын қалар еді», — деген.
Оразада адам дене қалауларын тәрбиелеп, нәфсінің құлы болып кетуден өзін азат етеді. Ауызды астан ғана емес, жаман сөздерден, ғайбаттан тыйса, көзді харамға қараудан, құлақты харам нәрселерді естуден тыяды. Ең бастысы адамның қас дұшпаны болған нәфсіні тазартып, Раббысына жақындай түседі. Себебі, адам үшін ең ұлы күрес – ол нәфсімен болатын күрес екенін Алла елшісі де (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ескертіп кеткен еді. Нәфсіге тойтарыс беріп, көркем мінезділікке, тақуалыққа қадам басу – мүміннің жеңісі болмақ. Сондықтан да, біз қадірін түсінгенше зулап өте шығатын Рамазан айындағы ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын, ағайын!
Алла Тағала Рамазанның әрбір сәтінен өз үлесімізді алып, Жәннат қақпаларынан жүзіміз жарқын боп кіруді нәсіп еткей!
Маңғыстау облыстық «Ақ жол- жастар» жастар қанатының баспасөз қызметі