Мұсылмандар үшін біреуге қамқор болу, қайырымдылық көрсету парыз болып саналады. Сол мақсатта "Маңғыстау-МЕДИА" ЖШС ұжымы мүжәлсіз отбасыларға көмек қолын созды. Медиа қызметкерлері қасиетті Рамазан айы қарсаңында қаржылай ақша жинап, Ақтау қаласында тұратын 2 бірдей отбасыға керек-жарағын алып берді.
Атап айтсақ, алғашқысы Ақтау қаласы, 29-шағын ауданының тұрғыны Нұрсұлтан Жанғабылұлына ем қабылдау үшін дәрі-дәрмек алуға қаржылай көмек берді. Сондай-ақ, 4 баласымен пәтер жалдап тұратын Гүлмира Табылғанова есімді жалғызбасты ананың үйіне азық-түлік қоржынымен бірге ақша табыстады.
Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске ұмтылыс – адамзатқа тән құбылыс. Ендеше, көп болып, асыл арманына қол созғандарға сүйеніш болып, қолымыздан келген көмегімізді аямайық. Әркез жүрегіміз кең, пейіліміз ақ болып жақсылық жасауға ұмтылып тұрайық!
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН