Мемлекеттік қызметкер тек бір саланы қамтитын мамандық иесі емес. Ол Елбасының саясатын жергілікті жерде жүргізуші, халық пен билік арасына тығыз байланыс орнатушы, ұлтқа қызмет етуші, елдің мұң-мұқтажын жеткізуші, халық қызметшісі. Бір сөзбен айтқанда мемлекетіміздің бет-бейнесі. Біз соңғы уақытта «отаншылдық, ұлттық рух, елін-жерін сүю, қастерлеу, мемлекетке, халқыңа адал болу» деген сөздерді жиі айтамыз. Шын мәнінде отаншылдық – тәуелсіздікті көз қарашығындай сақтау, халқыңа, мемлекетіңе адал қызмет ету. Кең даламызды еркін жайлаған ата-бабаларымыз ел мүддесі жолында басын бәйгеге тіккен. Еш уақытта бас еркіндігін баянды елдіктен жоғары қоймаған. Біздің де мақсатымыз халыққа, мемлекетке адал қызмет ету. Әрқашан да мемлекет мүддесі биік тұруы қажет.
Біздің елімізде әрбір туылған азамат байлығымыз. Соның ішінде ел тізгінін ұстаған азаматтардың мұрат – мақсаты елінің есендігі мен жұртының тұрмысының бүтіндігі. Жаста болса сондай арман арқалап жүрген азаматтардың бірі Сәндібек Қосуақов. Шайыр ауылында қарапайым отбасында дүние есігін ашып, білім алып, өсіп – жетіліп, бүгінде сол селолық округ әкімдігінің бас маманы. Қалтқысыз қызмет ұйымдастырып жүрген халық қызметшісі туралы «Мемлекеттік қызметкерлер» күні қарсаңында азғантай болса да жеткен жетістіктері мен еткен еңбектері туралы тоқтала кетер болсақ, «Ауылына қарап азаматын таны» демекші шырайлы Шайыр ауылының болашақта өркендеп, көркеюі және де спортшы және өнерлі жастарды халыққа насихаттау сияқты игі істерде үлкенге іні, кішіге жол көрсетер аға болып алдыңғы қатарлы азаматтардың арасынан көрініп келеді. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» демекші, неше бір дүлдүл ақын мен әнші шыққан Шайыр ауылының суын ішіп, ауасын жұтып өскесін бе, ақындықты да қатар алып жүрген бұл азаматтың өз қаламынан шыққан жыр шумақтары жергілікті халықтың аузында жатталып жүр. Талай рет аудандық, облыстық ақындар айтыстары мен мүшәйраларда топ жарып, көзге түсіп, облыс пен аудан әкімдерінің алғыс хаттары және арнайы сыйлықтарымен марапатталды.
- Ауыл жастарының кешке қарай әр аулада сыра ішіп, темекі тартып босқа өтіп жатқан уақыттарын көріп қиналатынымыз рас. Олар қаладағыдай театрға, концерттерге, киноларға бара алмайды. Сондықтан жастардың көпшілігі қалада қалғысы келіп жатады. Жалпы ауданымыздағы қай - қай ауылды алатын болсақ та, жастарға арналған орталықтар, қызықты кештер өкінішке орай ұйымдастырылмайды. Жастар мәдени шараларға келмейді, қызықпайды дейміз, мысалы өзіміз көріп жүргендей ауылға ауданнан, облыстан концерт келсе немесе жақсы бір кеш ұйымдастырылса сол жерге жиналатындардың басым көпшілігі жастар. Негізі нағыз көрермендер ауылда ғой. Сондықтан да жастар уақытын өздеріне түк пайдасы жоқ, бір – бірінен аумайтын бос күндермен өткізгенше, аулымыздың мәдениет қызметкерлерімен біріге отырып, жастарға рухани жағынан дамуына жақсы әсерін беретін шаралар ұйымдастырсақ па деген ойымыз бар, - дейді С. Қосуақов.
Елбасымыздың айтып өткеніндей мемлекеттік қызметкер қандай да қоғамдық істе болмасын, ол көш бастаушы болу керек. Сондықтан мемлекеттік қызметкер іскер ұйымдастырушы болып қана қоймай, адамгершілік, мәдениеттілік, халықпен тіл табыса алушылық қасиеттер де молынан болуы керек. Сонда ғана мемлекет қызметкер ел арасында сыйлы болары сөзсіз.
Мұратбек КӘДІРБАЕВ