Қарақияда Аппақ дейтін аядай ғана ауыл бар. Аудан орталығына тым жақын орналасқанымен өз алдына бір елді мекен. Сол ауылға заманауи үлгіде салынған жаңа мектеп биыл 1 қыркүйекте өз жұмысын бастаған. Айтады ғой, ауылдағы бір мектеп - сол ауылдың мәдени әрі ағарту орталығы деп...
Аппақтағы №11 мектепте «Қариялар – асыл қазынамыз» атты мерекелік кеш өтті. Бұл мерекеге мектеп ұжымы да тыңғылықты әзірленіпті. Мектеп оқушылары ардагерлерді аулада сап түзеп тұрып, салтанатпен қарсы алды. Кіре берісте мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың шебер қолдан жасаған қолөнер бұйымдары мен сурет көрмесі орналасқан. Онда киізден және шиден тоқылып, түрлі-түсті өрнектермен безендірген бұйымдар, оқушылардың ой-арманынан туындаған картиналар қойылған. Қариялар көрмені тамашалап, қазақы салтпен ақ дәм ауыз тиген соң, мектеп кітапханасы ұйымдастырған көрмені тамашалады. Кітап көрмесінде ауданымызға танымал еңбек ардагерлер Тұрсынғали Көшенова сяқты қариялардың өмірінен өрілген Мырзатай Болат, Бесінбай Бегеніш, т.б ақын, жазушылардың шығармалары, аудан тарихынан сыр шертетін туындылар қойылған. Мектептің кабинеттері де түгелдей оқуға қажет құралдармен, компьютерлермен, қажетті жиhаздармен жабдықталған. Оқимын деген балаға қажеттің бәрі бар екен. «Жақсыны көрмекке» дегендей, ардагерлер тобы мектепті аралап, білім ордасымен танысты.
Рухани танымдық шаралар легі мектептегі акті залындағы «Қариялар – асыл қазыналарымыз» атты мерекелік шараға ұласты. Мерекелік кешті мектеп директоры Гүлнар Төлешова құттықтау сөзбен ашқаннан кейін ауыл ардагерлері сөз сөйлеп, алғыстарын білдірді. Ардагерлерге арналған ауқымды концертте ауданымыздың жезтаңдай әншісі Сәуле Исақызы қатарлы бір топ өнерпаз мектеп оқушыларымен бірге өнер көрсетті. Күмбірлі күй, әсем әуез төгіліп, қарияларды ардақтаған өлең жолдары оқылды. Сондай-ақ аудандық кітапхана ұжымының қарияларға деген құттықтауын кітапханашы А.Дағыстан Мұқағалидың қарияларға арнаған өлеңі арқылы жеткізді. Қарияларға арналған мерекелік шара жиналған қауымға, ардагерлерге рухани күш, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кеш соңында өнерпаз жастар мен оқушылар «Осы өмірді жасағандарыңыз үшін басымызды иеміз. Рақмет, сіздерге, қариялар!» деп, аталар мен әжелерге тағзым жасады.
Иә, ардагерін ардақтап, қарияларын қазына тұтқан елдің берекесі артары анық. Мерекелеріңіз құтты, мерейлеріңіз үстем болсын, асыл қазыналар!
Шынар КЕНДІН