Қазақстанда 2012 жылдан бері «Үздік педагог» байқауы үздіксіз өткізіліп келеді. Биыл осы конкурста орта мектептердің 48, колледждердің 16 мұғалімі конкурс жеңімпаздары болып, үздік педагог атанды.
Негізінде «Үздік педагог» байқауының аудандық және қалалық турына 3864 оқытушы қатысқан, соның 710-ы облыстық турға жолдама алған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге көп.
ҚР Ғылым және білім министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда үстіміздегі жылы республикалық турға 147 құжат, соның ішінде 109 құжат орта мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерден келген. Ал 38 құжат кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарынан түскен. Соның ішінде 64 мұғалім «Үздік педагог – 2018» конкурсының жеңімпазы деген төс белгі мен 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (1 АЕК – 2405 теңге) сыйақыға ие болды.
Биылғы Астанада болған осы байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне ҚР Ғылым және білім министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Дариға Назарбаева, Бірғаным Әйтімова және Олимпиада чемпионы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиевтер қатысты.
Осы «Үздік педагог–2018» байқауының жеңімпаздары қатарында Жаңаөзендегі Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы атындағы мұнай және газ колледжінің оқытушысы Бәтима (Фатима) Салқынбаева да бар. Ол олимпиада чемпионы, Мәжілісмен Серік Сәпиевтің қолыннан төс белгі мен 2 405 000 теңгенің сертификатын салтанатты түрде қабылдады. Әрине, бұл оның біраз жылғы еңбегінің жемісі. Білімі мен маңдай терінің арқасында еріскен жеңісі.
Жалпы Бәтима Салқынбаева 2004 жылы Жаңаөзен қаласының Теңге ауылындағы №14 орта мектепті ойдағыдай аяқтады. Содан білім қуып Ақтөбеге аттанды. Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінің Қаржы бакалаврлығы мамандығы бойынша білім алып, 2010 жылы табысты аяқтады. Одан әрі аталмыш университеттің магистратурасын экономика мамандығы бойынша аяқтады. Бір оқу орнынан қос мамандық алып шыққан Фатима Жаңаөзенге қайта оралып, О.Тұрмағанбетұлы атындағы мұнай және газ колледжі есеп және аудит мамандығының арнайы пәндер оқытушысы болып жұмысқа орналасады. Бойында білім, ойында санасы бар жас маман алғашқы еңбек күнінен бастап жоғары оқу орнынан үйренгенін өзінің студент шәкірттеріне үйрете бастады. Сонымен қатар әртүрлі ғылыми байқауларға қатысып, білімін шыңдау жолынан таймады. Соның арқасында 2014 жылы «Жас ғалым» номинациясы бойәынша жеңімпаз атанды. 2017 жылдың 20 қарашасы мен 20 желтоқсаны арасында ҚР Ғылым және білім министрлігінің қолдауымен London Gloucestershire University тағылымдамасынан өтті.
Ол биыл тағы да Маңғыстау облысы білім басқармасы және тенникалық, кәсіптік білім беру оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік педагог»-2018» байқауына қатысты. Сөйтіп ол осы конкурстың республикалық турынан да өзінің үздіктігін танытып, гран при иегері атанды. Марапатты салтанатты түрде тапсырған Серік Сәпиев киелі мекен Маңғыстау жастарына сенетінін айтып, өзінің ыстық сәлемін жолдап, Бәтима Дауытбайқызын алдағы ұстаздар мерекесімен шын жүректен құттықтады.
Бізде Бәтиманы ел намысын, жер намысын қорғау жолындағы жалынды істеріне табыс тілей отырып, О.Тұрмағанбетұлы атындағы мұнай және газ колледжінің ұжымына құтты болсын айтамыз. Әріптесіңіздің марапаты да, өздерініңіздің төл мерекелеріңіз де құтты болсын! Отбасыларыңыз аман, бала-шағаларыңыз сау, денсаулықтарыңыз мықты болып, өздеріңізге шығырмашылық табыс тілейміз.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН