©
Маңғыстау ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан шаралар және оларды ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары» туралы аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Ауданбаева діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөнінде және діни ахуалды тұрақтандыруға бағытталған ақпараттық түсіндіру тобының, үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жасап жатқан жұмыстарына тоқталды. Ал Маңғыстау ауданы көлеміндегі құқық бұзушылықтың деңгейі, олардың алдын алу бойынша атқарылған шаралар туралы аудандық ІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Қ.Тастеміров айтты.
- Ағымдағы жылдың 8 айы ішінде Маңғыстау аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметімен қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға, заңсыздықты болдырмауға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырды. Қабылданған жедел профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде көшеде, кәмелеттік жасқа толмағандар мен қоғамдық орындарда, бұрын қылмыс жасаған тұлғалармен жасалған қылмыс 100 пайызға төмендеген. Ал мас күйінде жасалған қылмыс 28,6 төмендесе, топпен жасалған қылмыс 45 пайызға өскен. Есептік кезеңде орын алған жол-көлік оқиғаларының саны 20 пайызға азайса, жарақат алғандар саны 25, қаза болғандар саны 57,1 пайызға өсті. Аудан көлемінде әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау бағытындағы бірқатар іс-шаралар атқарылды, жол қозғалысы қағидасын бұзушылық бойынша 971 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, 10 048 842,5 теңге айыппұл салынып, 8684786 теңгесі өндірілді, - деп Маңғыстау ауданындағы заң бұзушылық деңгейіне тоқталып өтті.
Кәмелетке толмағандарға 100 пайыз екпе жасау мәселесі тұрғысында жүргізілген жұмыстар туралы аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Д.Ашықбаеваның айтуы бойынша жұқпалы ауруларға қарсы екпемен егілудің қамтылу деңгейі аудан бойынша 95 пайызды қамтып отыр.
Екпеден бас тартқан бала саны - 12, оның ішінде діни ағымға байланысты екпеден бас тартқан бала саны - 6. Олардың ата-аналарына арнайы мамандардың кеңестері берілді. Нәтижесінде 5 бала екпемен қамтамасыз етілсе, 1 бала Ақтау қаласына көшіп кеткендіктен есептен шығарылды. Қазіргі таңда Ұштаған ауылынан 4 бала, Шетпеден 2 баланың ата-анасы екпеден бас тартып отыр. Олармен де теолог маманның қатыстыруымен арнайы кездесу жұмыстары жүріп жатыр.
Ауылдық округ, ауыл әкімдерімен құқық бұзушылықтың алдын алуы бойынша атқарылып жатырған шаралар және ауыл әкімдерінің ІІБ-мен бірлескен қызметтері туралы Қызан ауылының әкімі Қ.Сүлейменов, Сайөтес ауылдық округінің әкімі Н.Ұлықпанов, Шебір ауылдық округінің әкімі Н.Нұрбосынов баяндады. Сонымен қатар жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесудің профилактикалық шаралары туралы аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Е.Қожаев баяндама жасады.
Ал аудандық аурухананың нашақорлық пен алкогольге тәуелділікке қарсы және денсаулыққа зиянды әрекеттерге қарсы мәдениетті қалыптастыру қызметі бойынша және халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күнінің өткізілуі туралы аудандық орталық аурухана директоры Ж.Нұрлыбаева, бірыңғай кезекшілік диспечерлік қызметке қосылу өрт гидранттарының жай-күйі туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы А.Түгелбаева айтып өтті.
Комиссия отырысының күн тәртібіндегі мәселелермен таныс болған аудан әкімі Ж.Айтуаров сала басшыларына ескертпелер айтып, тиісті тапсырмасын берді. Алдағы уақытта айтылған көрсеткіштердің жақсы жаққа өзгеруіне жұмыстануға шақырды.
А.РАХМЕТОВА