©
Көкіректегі көрікті ой ауыздан шыға көркін жоғалтатыны рас екен. Ұлағатты ұстаз туралы жазбақ ниетте қалам алғаннан-ақ көңілде сайраған сұлу сөздің қағазға түсе сұрқы қашатындай қиналдым. Небір сөз маржанын тереңнен терсем де оның ұлы тұлғасын ашып бере алмайтындай абыржыдым. Ғасырға жуық тарихы бар ауданның өсуі жолында оның еткен еңбегі өлшеусіз. Сондықтан аудан халқы құрмет тұтқан адамның асқақ бейнесін аласартып аламын ба деп қорықтым. Бірақ ұстаз туралы толғанғанда кім-кімнің болса да жұдырықтай жүрегінен ағылатын ыстық ықылас қаламға қуат беретіні сөзсіз…
Менің бүгін қалам тербеп жазғалы отырған мақалам ұстаз деген ұлағатты есімнің иесі Базархан Сүйеуов жайында болмақ. Ол 1934 жылы қарашада Маңғыстау ауданы, Жыңғылды ауылының «Орпа» жерінде дүниеге келген. Жоғарғы санаттағы ұстаз, тәжірибелі тәлімгер, аға мұғалім, еңбек ардагері, Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы. Ол 1953 жылы Шахта орта мектебін, 1955 жылы Атырау қаласындағы мұғалімдер институтының жаратылыстану-география, 1967 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық университеті химия-биология бөлімдерінде оқып, үздік бітірген. 1955 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Тұщыбек, Есір Айшуақұлы, Сәду Нұрниязұлы атындағы мектептерде мұғалім, мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушісі, оқу-тәрбие жұмыстарының ұйымдастырушысы, мұғалім-тәрбиеші болып үзіліссіз де үздік қызметтер атқарды.
Өмір бойы өз ісіне адал берілген азамат зейнет жасында жүрсе де, жастардың тәрбиесіне әсер ететін тағылымы мол әңгімелерін айтып жүреді. Әлі күнге дейін белгілі бір шарада сөз сөйлейсің десе, сөзін бірнеше күн бұрын дайындап, не айтамын, қандай мәнді дүниелерді жастарға жеткіземін деп алаңдап отырады. Сол күні түнімен көз ілмей, дайындаған дүниесін бірнеше мәрте оқып шығады. Міне, нағыз ұстаз осындай болса керек-ті.
Сүйеуұлы Базархан – ізденістері жан-жақты, білімді де білікті, үлгілі де өнегелі ұстаз, зердесі зерлі абзал азамат, пайымды парасат, тәлімді тәрбие иесі. Ол – жергілікті және республикалық баспасөз – басылымдарда бірнеше ондаған таным-зерделік, зерттеу материалдарын жариялай, ел-жұртқа үн тастай жүре, өлке-өңіріміздегі бірқатар мектептер мен елді мекен, мәдениет ошақтарының қазіргі Есір Айшуақұлы, Алшын Меңдалыұлы, Нұн Жұбаев, Берекет Жұмалиев, Елбай Қосымбайұлы, Айтуған Тайұлы, Қожық Құлмырзаұлы, Құлыш Түменбайұлы, Шамығұл Ыбырайымұлы, Сәду Нұрниязұлы, Нұрсейіт Бейнеуұлы, т.б. өз есімдерін қайта иеленуіне жұмыстанды. Сонымен бірге облыстық «Есір күндері» күй сайысы мен аудандық «Баршаның бас ұстазы – Сәду ақын» жас мұғалімдер білімділік, біліктілік, іскерлік – инновациялық сынақ – сайыс, фестиваль біріншіліктері де осы ұстаздың дәйектеме ұсыныстарымен тағайындалып, кейінгі жылдары аудандық та облыстық «Жыл мұғалімі» сайыстарымен ұластырылуы қажеттігі жөніндегі дәлелді ұсынысы да өз тиянағын тапты.
Аға ұстаз өзінің көпжылдық мұғалімдік, әдеби де мәдени және тарихи-шежірелік ізденістері негізінде аудан мектептері тәлімдік және танымдық безендірілуінің үлгі тізбектік жүйесін іске асырып, ауыл қуғын-сүргін және Ұлы Отан соғысы құрбандары туралы толық деректерін мектеп мұражайына жинап, ауылда еңселі обелиск – тастұғыр орнатылды. Бұл деректер облыс орталығы мен Ақкетік мұражайларындағы «Жыңғылды жұлдыздары» бөлімдері мен «Боздақтар», «Маңғыстау мақтаныштары» циклындағы «Нұрлыхан Бекбосынов», «Өскенорда», «Тағзым», «Жырдария», «Адай ата», «Сөздария» энциклопедиялық томдықтарына өзіндік үлес ретінде ұсынылып, толық енгізілді. Сондай-ақ халықтық педагогика қағидаларын тәрбие ісіне өзектестірудің бүкілхалықтық міндеттеріне орай сараланып, жергілікті мүмкіндіктер мен ерекшеліктерге сүйенілген, оны іске асырудың «Тектілігіміздің рухындағы тебіреністер» схемалық бағдарламасы өз өміршеңдігімен құнды. Соның заңды жалғасы ретінде құрастырылып, аудандық, облыстық білім бөлімдері ғылыми-әдістемелік алқалары талқылауларымен мақұлданған V-ХІ сыныптар мен арнаулы орта оқу орындарына лайықталған «Шежірелі өлкеміздің сырлары» факультативтік курсы бағдарламасы облыс-байтағымыз мектептерінде іске асырылуына 1993 жылдың өзінде-ақ ұсынылған. Бүгінде зейнеткерлікке шықса да Жыңғылды ақсақалдары алқасы істерін қоғамдық негізде координациялайды…
Оның кемел ұрпақтар келешегінің келістілігі жолындағы ұзақ жылдардағы ұстаздық ұлағатына, қоғамымызға сіңірген санамалау мүмкін болмастай сан салалы салиқалы, өнегелі де өміршең, тындырымды да тиянақты істеріне орай Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Құрмет Грамотасы», «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздік қызметкері», КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Жарлығымен «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері, аға мұғалім.
Қазіргі таңда немере, шөбере сүйіп, бір әулеттің мәуелі бәйтерегіне айналып отыр.
– Маған «Нағыз педагог қандай болуы керек?» деген сұрақты жиі қояды, – дейді сексеннің сеңгірінен асқан ардагер.
– Ең алдымен баланы сүйіп, құрметтей білу керек. Оқытушының оқушымен өзімен тең дәрежеде сөйлесіп, тіл таба білуі маңызды. Қалыптасып келе жатқан бүлдіршін ұстазбен арадағы тепе-теңсіздікті сезінбеуі керек. Әр ұстаз өз шәкіртіне сеніммен қараса ғана бұл баладан үлкен адам шығады. Сонымен қатар әр ұстаз үшін маңызды кеңес — әр баланың отбасылық әлеуметтік жағдайын және тәрбиесін зерттеп, білу, оның ата-анасымен жиі тіл табысу, әр баламен жекелей жұмыс жасау қажет. Бұған қоса баланың мүмкіндігін де бақылаған артық етпейді. Мұны баламен сөйлесу арқылы аңғаруға болады. Егер ұстаз балаға дұрыс қарайлап, «тілін тауып» білсе, шәкірт те оған қарай бет алады, білімге деген құлшынысы арта түседі. Сол арқылы оның дұрыс мамандық таңдауына мектеп қабырғасынан бастап әсер етуге болады.
Ұстаздың философия, логика және психологияны терең меңгеруі аса қажет. Бұл бағыттар педагогикалық қызметте тәжірибе барысында өте қажет. Қазіргі заман – тек білімге сенетін заман. Сондықтан әр оқушы өзінің біліміне сай баға алуы керек. Баланы немесе оның ата-анасын жақсы танығандықтан оған жоғары баға қою — қате. Сол қателік арқылы баланың болашағын бұзып алу қауіпі бар. Кейін ол өзін жоғары бағалап кетуі ықтимал. Міне, оқушының өз білімін дәлелдей алмауы — білімін асыра бағалаушылықтың нақты салдары. Сондықтан дер кезінде оны дұрыс бағытқа сілтеу - ұстаздың бір міндеті деп білемін, - дейді ардагер ұстаз.
Қазір Базархан Сүйеуов құрметті еңбек демалысында. Десекте ол әлі де қоғамда жас ұрпақ тәрбиесіне салмақты ойы мен толайым тілегін айтып, үлесін қосып жүрген аймақтың ардақты ардагерлерінің бірі.
А.НОҒАЙХАН