Орыны бар мақтаудың, Бейнеу - жастық бесігі. Жетібай, Өзен, Ақтаудың Бейнеу кірер есігі... Уәйіс Қайралапов
Менің жігіттік шағым Маңғыстаудың «Қыры» немесе шаруасының қамымен көшіп-қонып жүретін ел «Үстірт» деп атайтын ұланғайыр даланың Бейнеу деген жерінде өткенін әр кез есіме алып, тағдырыма тура қараған, түзу жолды ұсынған Жаратушыға, «Мені Бейнеу деген жерге жұмысқа жібергелі жатыр, сіздер не айтасыздар?» - деп Ұштағандағы әке-шешеме барғанымда, олардың «Балам, Алла жолдарыңды оңғарғай, Үкіметтің оқуын оқыған соң, оның айтқанымен жүрулерің керек» деп батасын бергенін де жадыма ұстап, перзенттік ризашылығыммен тәуба деп жүрген жайым бар. Бейнеу жерінде қасиетті Пір Бекет атамыздың өз қолымен қашап жасаған мешіт үйін көргенде ол өлкеде болуға адамның құштарлығы арта түсетінін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін-ау деп те ойлаймын.
Шығыс шекарасы қарақалпақ ағайын, оңтүстігінде өзбек пен түрікмен, арқа жағында ақтөбелік, батысында атыраулық бауырлар мекендеп орналасқан. Өлі қолтықты жағалай Айрақтыдан өтіп, Уәлі құдығына дейінгі жер атырабын иеленген, Маңғыстау картасында Бейнеу атты жаңа аудан орталығының орын тебуі, ел тарихындағы оң өзгерістердің бірі және бірегейі болды деп айтуға әбден болады деп ойлаймын. Құрамында Бейнеу, Каменный, Ақжігіт, Қызыл әскер, Тұрыш елді мекендері бар бұрынғы шекаралық аймағына Жылыой, Ембі ауданының Сарықамыс, Опорный поселкесі, 462-ші разьезді қосылып, 21 мыңдай халқы бар Бейнеу ауданының бой көтергені қыр елін қуанышқа бөледі. «Прорванефть» мұнай-газ өндіру басқармасы, Орта Азия газын құбыр арқылы орталыққа айдайтын Бейнеу, Опорный магистральды газ айдау станциясы, Өзен-Гурьев Куйбышев бағытымен мұнайды құбырымен қыздырып айдайтын Бейнеу, Опорный жылжыту пештері мекемелері, төрт түлік малын өсірген Маңғыстау, Қарақұм кеңшарлары мен осы елді мекендегі оқу ағарту, денсаулық сақтау, білім беретін мектептер, кітапханалар және мәдениет мекемелері бұрынғыдай шалғай емес, жаңа ауданның орталығынан басқарылуы жұмыстың қызу қарқынмен, қоян-қолтық араласа отырып, жүргізілуіне мүмкіндік беріп, аудан экономикасының қарышты қадаммен өркендеуіне басты негіз болды. Өндірістік-ауылшаруашылықты аудан мұнай өндіру мен газ айдау саласына, жаңадан құрылыс салу, әсіресе өз төлі есебінен қоғамдық мал басын өсіру жоспарлы түрде жолға қойылып, 1974 жылы-ақ Маңғыстау кеңшары 36 мың қойды және жылқыны беріп, жаңадан Сам кеңшарын отау етіп шығаруы, ауданның басты көрсеткіші болды деу орынды.
1967 жылдан бастап алғашқы жолаушыларын Ақтау қаласына жеткізген Мақат-Маңғышлақ теміржолының Бейнеудің үстімен жүруі, Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс Бейнеу-Қоңырат теміржолының пайдалануға берілуі, Бейнеу теміржолымен Москва, Самарқанд, Ашхабад, Ташкент және Душанбе бағыттарына жолаушылар поезы және халық шаруашылығы жүктерінің тасымалдануы Бейнеудің бұрынғы Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи орыны осы заманда қайта қалпына келгендей әсер бергені сөзсіз.
Бейнеу аудандық комсомол комитеті 17.04.1973 жылы болған аудан комсомолдарының 1-ші конференциясы қабылдаған қаулысы негізінде құрылды. Бейнеу ауданын құру жөніндегі ұйымдастыру бюросының төрағасы, ел танитын азамат, Ұлы Отан соғысының ардагері Арон Махуұлы Өтеуов мені қабылдағанда «Алдағы атқарылатын жұмыстарыңыз оңай емес, осы өңірдің тумасысың, жастық жігерің мен білімің аудан жастары арасындағы жұмысты жолға қоюға жетеді деп саған сенім артып отырмын, Тәжібаев жолдас та келісімін берді, ісіңе сәттілік тілеймін» дегенін жас маманға көрсеткен азаматтық үлгі, тәжірибелі басшының жас маманға көрсеткен қамқорлығы деп қабылдадым. Бұрын комсомолда жасаған, аупарткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ибрагим Мурасұлы өзінің бай тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін аяған жоқ. Конференция делегаттарының түгел қатысуымен ұйымдастыру пленумы өткізіліп, мені Бейнеу аудандық комсомол комитетінің 1-ші хатшысы етіп, 2-ші хатшысы Қайырғазы Елемесов, хатшысы болып Ақсұлу Баетова, ұйымдастыру бөлімінде Орынбасар Тоқжанов және есеп секторында Амал Серікбаева тың жерден, 0-ден бастап жұмысқа кірістік. Маңғышлақ облыстық комсомол ұйымының 1-ші секретары Леонид Бурлаковтың, ұйымдастыру бөлімі Қайролла Ережеповтың ауданның жастар ұйымына көзқарастары оң болғанын айтудан жалықпаймын. Ең үлкен ұйымшылдықты аудан жастарының активтері көрсеткенін ешкім де жоққа шығара алмайды десем, орынды болар.
Ауданның ашылуы Бейнеуде тұратын байырғы аға буынның партия мен үкіметке деген үлкен ризашылығын туғызып, олар қолдан келген мүмкіндерін аямай, ауданның қалыптасып, мамандардың жаңа қонысты жатырқамауына шын ниетімен атсалысты деп айта аламын. Ұлы Отан сағысының ардагерлері Ізтұрған Меңдіқұлов, Қалшабек Мырзабеков, И.Ф. Томаль, сондайақ 50-ді еңсеріп, 60-ты алқымдаған Ыбырай, Нұрбай Жақашевтар, Алқабай Нұржанов, Атамағанбет Қойтанов, Кенжеш, Қаныбек, Ордабай, Қуаныш, Жолболды, Жантөре, Айта, Төребай Тілектес, Кемел, Орынбасар, Бердібек, Сайын және басқа азаматтар қонақ үйі жоқ, асханасы да мардымсыздау кентте Азғыр, Гурьев, Жылыой, Маңғыстаудан жаңа ауданға қызмет жасауға келушілерді жатсынбай, жылы қабылдап, жағдайын жасауының өзі ауданда мамандардың тұрақтауына қосқан мол үлес болды деп ойлаймын. Осы аттары аталған және есімдері еске түспеген байырғы бейнеуліктер жаңа аудан тарихында алтын әріппен жазылып, құрметтелуі керек деп есептеймін. Әңгіме осыдан 40 шамалы жыл бұрын Бейнеу өңірінде болған адамдар бойындағы патриоттық сана мен қалыптасқан бауырмалдық сезім туралы болып отырғаны бәрімізге түсінікті деп топшылаймын, олардың тірілеріне басымызды иіп, құрметтеп, бақилықтарының рухтарына құран бағыштау жөн болады. Шын мәнінде теміржол бойындағы шағын елді мекеннің бірден жаңа құрылған ауданның орталығы болып тосыннан келген, бөтенсіремегендігі, бауырына тартқаны елдің елдігін, пейілі кең, жаны жомарт қонақжайлығын айқындап тұр деп айта аламын.
№22 жол төсеу және қалыпқа келтіру бас поезы (ГОРЕМ-22), СУ-1 деп аталатын құрылысшылар мекемелері орналасуға болатын ескі үй, жайларды жеңіл жөндеуден өткізуге көмектесті, екі ескі барактарға аудандық партия комитеті бөлімдерімен орналасты. Осылайша алғашқы қиыншылықтар кейін қала бастады ма, алғашқы деп аталатын мекемелер құрылып, халыққа қажетті тұрғын үйлер жеделдетіп, салынып, күз айларындаақ жаңа қоныстанушы отбасылар қуанышқа бөленіп, кезегімен үйлі бола бастады.
Сол кезде Бейнеу қала типті поселке (п.г.т.) деп аталынып, он мыңдай адам тұрады делінген еді, жақында аудан әкімінің халыққа берген есебінде тәуелсіздік алған еліміздің өсіп-өркендеу қарқынының шапшаңдығын көріп, ерекше шаттандым. Қазірде аудан тұрғындарының санының 60 мыңнан асуы, табиғи өсім мен шетелдегі қандастарымыздың көптеп оралуынан екендігі даусыз.
Дегенмен оралушының өзіне қолайлы жағдай туғызылған жерге ықыласпен келетіндігін, ол үшін жергілікті биліктің ел президенті қойған талапқа сай жұмыс жүргізгені деуге тиіспіз.
Бұл орайда табаны аумастан, Бейнеумен біте қайнасқан, осы аудан халқымен ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын бірге жасасқан, өндіріс пен шаруашылық және саяси ғылым маманы, бастапқы лекте аудан жастар штабының жетекшісі болған, киелі Маңғыстау жерінің төл перзенті Әзірханов Басшы ініміздің қарымды еңбегін айтпай кетсек, «Көрмес, түйені де көрместің» кебі болатын шығар.
Ержеткенше, адам боп бастыққанша, Ағалардан көрдік біз достық қанша. Қартайды ғой біз үшін талайлары, Жер бетінде жарар деп, жастық қалса, - деп Төлеген Айбергенов айтып кеткендей, кезінде біз ағалардың қызмет басында қамқорлығын аз көрген жоқпыз.
Менің бұл естеліктерді қағазға түсіруім - өзім жасаған комсомол ұйымдары жұмысы туралы тәптіштеп баяндау емес ,елдің елдігін көрсету. 40 жыл бұрынғы комсомолда атқарылған жұмыстардың қазіргі жастарды еліте қоюы да екіталай шаруа болар. Ал енді сол кезеңдегі жастарға тәлім берген, өмірлік мол тәжірибелерін келешек ұрпаққа ретімен ұсынып, олардың жарқырап жануына от берген, ортамызда өнеге болған аға буын туралы айтпасақ, еске алмасақ, біз үшін кешірілмес күнә болатын сыңайлы. Сол себепті ол кезеңнің біраз адамдары туралы сөз қозғағалы отырмын.
Жаңа аудан құрамындағы үлкен өндірістік мекеме «Прорванефть» мұнай-газ өндіру басқармасы мұнай өндіру жоспарын үнемі асыра орындап, социалистік жарыс көшін бастаған үлгілі ұжым болды. Мекеме бастығы Гурьев, Маңғыстау облыстарына кеңінен танымал мұнайшы, қоғам қайраткері Сағидолла Нұржанов, бас инженер Асқар Рзиев, партком хатшысы Досқайыр Халықов ағалар, сондай-ақ Жолдас, Тасқымбай Шалабай және Тойған апалар болды. Бұл кісілердің жастарға көңіл бөліп, үнемі олардың батыл істеріне қолдау көрсететіні туралы «Прорванефть» МГӨБ комсомол ұйымына ілгерікейін хатшы болған Шектібай Баймағанбетов, Сағындық Қиялбаевтар жиі айтып отыратын. Шын мәнінде де алғашқы комсомол жастар бригадаларын құрып, олардың жемісті еңбек көрсеткіштеріне жетуіне басқарма басшылығының мол үлесі болғандығын ұмытуға болмайды. Мұнайшылар поселкесі Сарықамыс аудан орталығынан 200 шақырымдай қашықта, далалық қара жолмен ғана баратын, айналма жол сорабы Құлсары, Қаратон арқылы жүреді, арнайы көлік қатынасы жоқ. Алматыдағы жастар газетінен келген тілші осы жол сапарларын басынан өткізген соң ауылына барып, «Айдан да алыс Сарқамыс» деп аталатын мақала жазғаны жадымызда.
Сарықамыстағы орта мектептің оқытушы және оқушы бастауыш комсомол ұйымдары да жоғары белсенділік үлгісін көрсетіп, ауданда өткізілетін көркемөнер мен спорттық жарыстарға қызу атсалысып отырды. Мектеп басшысы Қалдығалиев ағайдың өзі жүргізетін кино әуесқойлары үйірмесі сол кезең бағамымен жақсы көрсетілімдер жасағаны мектеп пен ауданда мақтаныш болғаны шындық. Мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Жауғашты Нәренбаев пен комсомол жетекшісі Дәмелі Жүсіпова іс барысындағы ұйымдастыру қабілеттерімен көрініп, аудан орталығына жауапты партия және комсомол комитеті құрған «Атырау» ансамблі, жетекшісі С.Аташ Досанов дарынды, саз аспаптарында шебер ойнайтын, әнші, биші Фатиха Отарова т.б. жастар аудан, облыс, республика көлемінде көрермен көзайымы болды. Сарықамыстан әр жылдарда Бейнеуге келіп, жұмыста болған Байбоз Шығанбаев, Бердеш Епбергенов, Шектібай Баймағанбетов, Аманғали Әділов және басқа азаматтар жас аудандағы жақсы істерге ұйытқы бола білді.
Естуімізше, Маңғыстау қыры немесе үстірті соғыстан кейін мал басының өсуіне орай 1948-ші жылдан бастап игеріле бастаған, әсіресе көктемде малды төлдетіп, жазғы қонысқа қолайлы болғанын шаруагерлер ерекше бағалай білген. Бұл турасында ақсақалдар Болысбай Есбосынов, Азан Балов, Еңсеген Бөкетбаев, Шалқыбай Тәуекелов, Абылай Сейтмағанбетов, Діңгілбай Ақшабаев, Сақтап Дәулетбаев, Мабай Досатов, Сәрсен Әбілов, Жақыпбай Махамбетов, Құбаш Тасболатов, Ораз Ағиманов, Ізтұрған Меңдіқұлов, Қалшабек Мырзабеков, Сали Оразбаев, Төлеген Түйешиев, Тұран Амандықов, Базар Кенжебек, Шоңай Қилыбай, Жанғазиев Шоқпыт, Шопан Ақшабаев, Жантөре Қуанышбек және басқа сол кезеңнің тірі куәлары шаруа жайлы әңгіме өрбітсе, қызығып тыңдай бергің келетін. Елімізде жақсылыққа қарай бетбұрыс басталған өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап мал, оның ішінде қой өсіруге ден қойылды. Сөйтіп қырда шыңыраудан су ішіп, құмына мал қыстатып жүрген Маңғыстау ауданы колхоздарының Үстірттегі малы біріктіріліп, 1969 жылы қой, түйе, жылқы өсіретін жаңа шаруашылық құрылды. Бұл құрылым Маңғыстау совхозы (кеңшары) деп аталып, орталығы Бейнеуден күн шығысқа қарай 60 шақырым жердегі Ақжігіт төбесі делініп, директорлығына 30 жылдан астам Маңғыстауда шаруашылық басқарған Таушан Қорбақов тағайындалды. Осы аймақтағы шаруаның білгірлері Нұғымет Қалдәулетов, Әнебай Бөлеубаев ферма басқарса, танымал малбегі Бердіхан Мақсымбаев, Бисенбай Ауданбаев, Сана Таушанов, Қайнарбай Амалбаев, Сағызбай, Әбдіхалық Нәбиев, Шеркешбай Шариғатов, Нәсібек Жоламанов, Ізбасар Жалғасов және басқа шопандар мал өсірушілер көшін бастады.
Облыс құрылғанға дейін Үстірттегі Маңғыстау кеңшарының өзі толағай табыстарға жетіп, одақтың «Ескерткіш белгісінің» иегері атанды. Кеңшарда 1973 жыл қорытындысымен 60 мыңға жуық қаракөл қойы өсіріліп, келесі жылғы күзде жоғарыда айтқанымыздай 36 мың қой және жылқы беру арқылы өңірімізде орталығы Бейнеуге жақын, теміржол бойындағы Сарға ауылы болған Сам кеңшарының әсем құрылысы бой көтерді. Шаруашылық басшысы болып Қуаныш Ғылымов деген азамат жұмыс жасады. Жаңашыл, жастарға қамқорлыққа бейім тұратын, мамандары да сайдың тасындай Қондыбай, Тұмаш, Аңшыбай, Сүймен, Жәкен, т.б. жастар болуымен бірге, Әбділлә, Шопан, Ақораз, Амантұрлы, Наурызбай, Есенбай және басқа тәжірибелі аға буын осы кеңшарда еңбек етті.
Елі бірауыздан Таушекең деп атап кеткен ағамен де жұмыстас болудың сәті түскен 1979-1984-ші жылдар аралығында, ауылда туып, өскен бала болсам да, тікелей шаруагер қауымның ортасында, бірге араласып, еңбек етуіме де нағыз қолайлы кезең болды деп айта аламын. Осы жылдары Маңғыстау кең шарының партком хатшысы бола жүріп, тәлімді ағалар үлгісінен, халықпен етене араласып, жұмыс жасаудың мектебінен дәріс алдым деп есептеймін. Шаруашылықта жұмыс жасауға қызықтым, сырттай оқып, Гурьев ауыл шаруашылық техникумының зоотехник мамандығын үздік дипломмен бітіріп алдым. Біздің кеңшар 1981-82 жылдың қыстағына 43 мың аналық қой жеткізгені үшін Одақтың «Қызыл Туын», жеңіл автомашинасымен қосып алып, шаруашылық есеппен бір миллион сом таза пайда еншіліген еді. Ферма басқарушылары Нұғымет Қалдәулетов, Жеткізген Ережепов, Айтқали Жапаров, Сүймен Қойшыбаев орта буын мамандарымен, бас зоотехник Наурыз Балмұқанов, бас мал дәрігері Жарылғап Есенов, мамандар Күзембай Еламанов пен Тұрғали Еділов шебер ұйымдастырушылар екендігін, қомақты табысқа қол жеткізудің нақты кепілі болғандары туралы айта беруге әбден болады.
Техника жоқ кезеңдегі шығырға атан жегіп, тері қауғамен шыңыраудан малды суарғанды, шығырға мінген баланың бірі болып көргенімді өзімнің олжам деп түсінемін. Ол туған ағам Жұмажан Нұровтың Ленин атындағы ұжымшардың қойын, көлік шалғысына жегетін атан, нарларын баққанының арқасында болып еді. Маңғыстау кеңшары механизаторларын ұмытпасам Сәдір Оспанов аға бастаған, кейіннен Лесбай, Сармыс, Қосай, Алтыбай, Сапи, Құрымбай, Құралхандар, автожүргізушілер Айжарық, Әділхан, Бапыш, Әлжан, Жолболды, Бүркіт, Ордабай, Смағила, Қыдыр, Ғалым және басқа азаматтар өз ісінің шын шеберлері еді.
Тракторшы Бөкес аға, Жарылқасын, Қалдыбай, мал азығын дайындау, қырқым пункттерін ұйымдастырған бригадирлер Дүйсенбай, Көбен, Шомақ, Саясат, ауылдың ақсақалдары әр салада өз орындарына лайық бола білген Әзірхан, Шалқыбай, дәрігер Бақыт, Жанғали, Быршабай, Құрманбай, Сұлтанбай, Кенжеғали, Жұмабай, Қызылбай, Аманияз, Мақтап, Қанжан, Күзембай, Қайырбай, Сүбіхан, Бимырза, Мекебай, Өмірхан, Сембай, Айым, Жәйлібай болса, Құдабай, Талас, Қуандық, Бақыт, және басқалары да ауылымыздың тірек-активтері болды десек, Сағынғали, Бақ берген, Шоқанбай, Нұрмұхамет, Көшбай, Нұрлан, Таубайлар жас белсенділер бола білді.
«Ауылын көріп, азаматын таны» дегендей ауылдық кеңес төрағасы Құдабай Өсербаевтың басшылығымен кеңес депутаттарының атқарған істері жан-жақты еді, ауылішілік тазалық, тәртіп мәселелері, тұрмысы қиындау отбасыларына үнемі қамқорлық жасауда, малшы-бақташылардың интернатта жатып, оқитын балаларының сапалы білім, саналы тәрбие алуына маман ұстаз ретінде мол үлес қосты. Халықпен жақсы байланыста болды. Білім беру ошағы Ақжігіт орта мектебінде директоры Бақыт Балов, кейіннен Сайын Сақтағанов болған ынтымақты ұжымда еңбек еткен Төлеш, Мұхамеди, басқа да қыз-жігіттер ауылдың мақтаулы интелигенциясы болғанын ұмытуға болмайды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Артында қалған ізі бар… (Жетібай Жылқышыұлы жайлы)Кеңшардың жұмысшы-қызметкерлері арасында социалистік жарыс ұйымдастыруда кәсіподақ төрағасы, ақындық та шабыты бар Талас Көкшеевтің атқарған жұмыстары нәтижелі болды. Ауылдағы әйелдер кеңесінің жұмысын Шаршаған Жұмағұлова, Сайлагүл Баймұңалова, Алуа, Тәжбен, Жұмакүл апалар ұйымдастырып жүрді.
Жастарды жақсы істерге тартуда қоғамдық негізде жұмыс жасаған, комсомол ұйымының хатшысы Амандық Шағанов атқарған істерінің тиянақтылығымен ерекшеленетін еді. Ауылдың өнерпаздары Мырза, күміс көмей әншілер Шұға, Оңай, Күнипа, суретші Әлімбай, ағаш, тастан түйін түйген Сәбен және басқа жастар ауыл, ауданымыздың орынды мақтаныштары болды, комсорг Әбекең осындай өнерлі жастардың басын қосып, ұйытқысы бола білді.
Бейнеу ауданының дамыған ауыл шаруашылығының өзегі болғанын, кейіннен озық көрсеткіштерімен Одақтың туын тұрақты уыстан шығармаған, осыған орай «СССР-дың 60 жылдығы» атағын алған Маңғыстау кеңшары, 40 жылдан кейін жазылып отырған естелікте аты аталмаған да аптал азаматтар, бес жыл біте қайнасып, еңбектес болған барлық ауылдастарыма өзімнің отбасымның атынан басымды иіп тұрып, олардың болашақтары жақсы болуына тілектестік көңілімді қосамын, Тәуелсіз Қазақтың көк байрағы мәңгі биікте желбірей бергей деген тілегім бар.
Қарақұм кеңшарының жаңа ауданның құрамына енгізілуі республика басшылығының көрегендік саясаты деп түсінемін. Қарақұм жерінің бұрыннан шұрайлы қоныс екендігін айтқысы келген бір білгір «Бұл жер Қарақұм емес, Қарағым еді ғой» деген екен. Сөйткен Қарақұм жерінен ақтылы қой өргізген тұтастай бір кеңшарымен жаңа ауданға қосуы табылған іс болды-ау деймін. Ақтылы қой дегенім кеңшар қойы түгелдей көк түсті қаракөл қойы екен, бұл көк түсті елтірі өндірудің басты шарты. Ең бастысы, іргелес отырған ағайынның араласы, жаңа адамдардың бір тілекте бауырласуы, Бейнеу сынды жаңа ауданның шаруашылық көрсеткіштері облыс бойынша жоғары болуы. Уәйіс ағаша айтар болсақ, «Туа сала, ту алған, озат аудан атанған», - деген жыр теңеуіне дәл үйлесіп тұрғанын айтар едік. Осындай жетістіктерге экономикасы жанжақты дамыған, қолайлы қонысты мекен еткен Қарақұм кеңшарының оның азаматтарының сүбелі үлестері болғанын айтпауға болмайды.
Кеңшардың директоры Мақсотқали Қайыржанов тынымсыз ізденіс үстінде жүретін, жаңа бастамаларға жатсына қарамайтын, өз ұсынысын аяғына дейін қорғай алатын беделді басшы болатын. Өндіріске партиялық басшылық жасауда, шаруашылықта коммунистер беделін көтеруде партком хатшысы ақылман, тауып және тура айтатын, үлкен бедел иесі, шежіре білімді, мол тәжірибелі, жастарға сенім арта білетін Мөңке Бердіғалиев, кәсіподақ ұйымы басшысы еңбек майданындағы адамдармен тіл табыса білген Оңғали Оралбаев, ал жастар жетекшісі бәрімізді де жалынды да тыңғылықты істерімен тәнті еткен, ұйымдастырушылық қабілеті әр қырынан көрініп тұратын Есқуат Тәңірбергенов өзінің ісқимылы, болмысымен де өзгелерге үлгі болатын. Әсіресе мамандар бас есепші, Ұлы Отан соғысының майдангері Алуадин Орақов, бас экономисті Нияз Орамахов, бас инженер Қосай Бердіғұлов, кешегі Кеңес атқару комитетінің төрағасы Кейкін Атшыбаев, ферма меңгерушілері Құмар Екібаев, Абдоллла Қаналиев, ж.б. аптал азаматтар осы кеңшардың туын жоғары ұстауға атсалысты деп бағалаймын. Менің аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде Қарақұм кеңшарына тұрақты өкіл болуым, осы шаруашылық пен оның азаматтарын жақынырақ танып-біле түсуіме себеп болды.
Қарақұм кеңшарының өркендеуінде әр кезде өз үлесі бар Бүркіт Ұлықпан, Биғали Бекмағұлов, Нұрлыбай Баймағанбет, Тұрсынбай Көшербаев, Жұмаберген Жарылғапов, Әндібай Қайыржанов, Аңшыбек Боағарин, Атапкел Ысқақов, Қойшы Елубаев, Ермек Баетов, саудада Қарабатыр, Алпамыс, Бекес ағалар, Бағыт Құрымбаев, үнемі шефтік көмек көрсетіп келе жатқан КС бастығы Аманқұл Өмірзақовтар өңірдің нағыз жанашырлары деп түсінемін. Әрине бұл жерде аты аталмаған ел азаматтары әсіресе шаруагер қауым атағы жеті қырдан әрі асқан, облыс мақтаныштары Қазығұл, Жұмажан Басшиев ағаларды, кәнігі малбегілер Қаби, Қашқынбай, Тұрлан, жылқышы Сәрсенбай, атабегі сейістер Сартай мен Ұғытай ағаларды, палуандар Сәлімжан мен Көптілеуді, дәрігерлер Көптілеуді Қарғұлов пен Беков Боранқұлды, оқытушылар Ұлжан, Ынта, Сәлима мен Әміржанды атап өтпесек, күнәлі болармыз деп ойлаймын.
Бейнеу аудандық комсомол ұйымының алғашқы, ең қиын да, ең қызық та кезінде қоғамдық негізде бастауыш ұйымдарында белсенді бола білген Кеңес Дәулетқалиев, Алдаберген Қанжанов, Бағда Наврузова, Петр Клюев, Мұқанбет Сейілханов, Ізбасар Қыздарбаев, Еркінбек Оразбаев, Бердібек Амандықов, Нұржан Қайыров, Қожахмет Жұмабаев, ж.б. жастар шын мәнінде жастар ісінің қозғаушы күштері болды. Әр жылдарда аудан комсомол комитетінің басқарушы қызметтерінде еңбек еткен, осы салада өз қолтаңбалары бар Дәмелі Жүсіпова, Айғанша Бекназарова, Кеңес Дәулетқалиев, Аманғали Шамшадинов, Ғабит Ғатауов, Ыбырай Юсупов, Басшы Әзірханов, Лиза Ережепова, Базарбай Нұржанов... Набат Баймұңалова қарындасымыз қорытындылаған болуы керек, осы аталған басқа да жастарымыз облыс орталығынан шалғайда орналасқан берекелі Бейнеудің гүлдене түсуіне сүбелі үлес қосты.
Еліміздің Тәуелсіздік алған 20 жылы ішінде қазақ елінің қиырындағы, тың жерде бой көтерген берекелі Бейнеу ауданының қуатты экономикалы, алдыңғы лектен орын алғандығы досты сүйсіндіріп, көңілді асқақтата түсуде. Ұзағынан болғай.
Тұрғындарының саны өсіп, экономикасы жан-жақты дамыған, болашағы өте зор Бейнеу ауданын облыс орталығында өзін көрсете білген, іскер, қызметкер, Бейнеу топырағында дүниеге келген Бейнеубек Көңілімқосұлының басқаруын Маңғыстау халқы, облыс пен мемлекет басшылығы қызу қолдады.
Бейнеубекке мол табыстар тілейміз. Бейнеубек әкім бастаған Бейнеу ауданы өсіпөркендей беретіндігіне күмән жоқ, сәттіліктеріне тілектеспіз.
Саламат НҰРҰЛЫ, Бейнеу ауданының «Құрметті азаматы»