Бауыры ыстық боз кiлем… Боз кiлемнiң үстiнде кез келген балуан буырқанып, шымырқанып шыға келедi. Қос жанары шоқтай жанып, бұлшық еттерi бұлт-бұлт ойнап тұрғаны. Тұтас бiр ұлттың намысын қорғаған бiртуар балуандар Олимпиада, әлем чемпионаттарының өзiне жеңiс сыйлаған боз кiлемдерiн сүйiп жатады. Боз кiлемнiң құдіретi, қасиетi деген осы шығар, сірә?!
Боз кілемнің құдіретін сезініп, ұлтының намысы үшін аянбай тер төгіп жүргендердің бірі, өңіріміздің мақтанышы, еліміздің сенімін абыроймен арқалаған Сарабек Артық.
Спортқа өз жүрек қалауымен келген ол он жасында киокушинкай каратэ-до спорт түрімен айналыса бастайды. Бұл спорт түрінде талай жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырған. Уақыт өте келе кудо спорт түріне бет бұрып, үш дүркін Қазақстан чемпионы, сондай-ақ, панкратионнан 2016-2017 жылдары екі жыл қатарынан Қазақстан кубогының жеңімпазы атанады. Сонымен қатар, көптеген халықаралық, республикалық спорттық додаларда топ жарып, талай рет көк туымызды көкке желбіретті.
Жетістіктерін әрі қарай тізбектер болсақ, спорт жолындағы ең үлкен жетістігі күні кеше каратэ-до Мейбукан спорт түрінен Әлем кубогының жеңімпазы атанды. Он алты елден бабы келіскен сайыпқыран саңылақтармен боз кілемде белдесу қандай спортшыға болса да оңай емесі сөзсіз. Алайда кіл мықтыдан кім мықтыны анықтар сәтте Әзірбайжан, Грузия, Украина елінің спортшыларымен белдесіп, 57 келі салмақта жеңімпаз атанса, 63 келі салмақта ІІ орынға ие болып, қос бірдей олжамен ел қанжығасын майлап қайтты.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Спорт - денсаулық, спорт - сұлулық, спорт - жетістік, спорт - адам мүмкіндігінің қырлары» деген бір сөзінде. Иә, спорт әр тұлға үшін маңызды, алар орны да ерекше, алайда жанкүйер болу бір бөлек те, спортшылардың қайнаған қазанында жүру бір бөлек әлем. «Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң - бақыт деген осы!» деген Асқар Жұмаділдаев сөзін жанына берік ұстанған жас спортшымыз үшін ел мерейінен асқан бақыт жоқ!
«Әлем кубогы... Жеңімпаз атану... Қос бірдей медаль... Бұның бәрі маған зор сенім артқан атаанамның, халқымның, бапкерімнің арқасы. Төрткүл дүние көз тіккен Әлем кубогы ойындарында ел намысын қорғауым, тарих толқынында толқып отырып, телегей теңіздей тасып жеткен мәртебесі биік Тәуелсіздігіміздің арқасы және бұл қазақ жері үшін абыройлы, мерейлі мереке болса, Әлем кубогына қатысып, тарихи сәттің куәгері болып, егеменді еліміздің елеулі оқиғасына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да үлес қосуым мен үшін зор қуаныш. Әрдайым жарыс алдында бапкерім Нұрлан Керімбаев «Алға, батырым!» деп ақ пейілін жаудырып отырады. Осы бір ауыз сөздің өзі маған дем береді» дейді жеңімпаз.
Иә, күнделікті өмірде спортты сүйетін жандар көп. Әркімнің санасындағы спорт ұғымы - сан алуан. Расында да, көпшілікті ұлты мен жеріне, тілі мен дініне бөлмей өзіне ынтызар етер спорт құдіреті жоғары. Бәріміз білетіндей, «Спорт - денсаулық кепілі». Бастысы, талғампаз тәкәппар өнерге шексіз беріліп, адалдық танытсаң берері мол - сиқырлы әлем.
Байрақты бәсекеде білекті де жүректі Сарабек Артықтай батырларымыз қоржынымызды сақырлаған саф алтын мен күптелген күмістерге молайтып, қанжығамыз майлы болғай, көк туымыз бейбіт еліміздің аспанында мәңгі желбіресін! Самға, боз кілемнің батыры!
Жанат АБАЙДЫҢҚЫЗЫ