Бүгінгі таңда туризм экономикалық және әлеуметтік салада мемлекеттің дамуына айрықша ықпал ететін қызмет түрі болып табылады. Оның үстіне, ол дамыған елдерде халықты жұмыспен қамтамасыз етудің басты қозғаушы күші рөлін атқарады.
Мемлекет басшысы Нұрұлтан Назарбаев: «Туризм бүгінде әлемдік экономиканың ең басты саласына айналып отыр. Орталық Азия аймағы арқылы Ұлы Жібек жолы өткен Қазақстанда туризмнің қарқынды дамуына қажетті ресурстар жеткілікті. Елімізді туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар іргелі шаралар жүзеге асырылуда. Халықаралық жобаларды дәйектілікпен жүзеге асыру әлем елдері арасында мемлекетаралық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени байланыстарды одан әрі нығайта түсуге ықпал етпек» - деп атап өткен. Елбасының тікелелей нұсқауымен туризм елдің экономикалық басымдықтарының ұзақ мерзімді дамуының жеті кластерінің бірі болып айқындалған. Қазақтың кеңбайтақ даласы космос сияқты, соңына дейін танып-білу мүмкін емес. Алайда космостан айырмашылығы - жомарттылығында. Қай уақытта болсын қазақ елінің есігі қонақтарға ашық. Еліміздің туризм саласына ерен еңбек етіп, өз үлестерін қосып жүрген Маңғыстау облысы бойынша бірден бір қорық Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы ұжымы. Аспан астындағы мұражайды тамашалауға жергілікті тұрғындармен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен, республикамыздың басқа да қалаларынан келіп жатқан туристер саны жылдан-жылға артуда.
***
Үстірт табиғатының астарлы сыры таңғажайып. Қорық аумағында түрлі мәдени-табиғи, тарихи нысандар кездеседі. Тарихи-мәдени нысандарға ескі қойымшылықтар мен белгілі тарихи тұлғалар мен батырларға қойылған ескерткіштер - Балуанияз Батыр мен Тұрмамбет Батыр тамдары, Қадырберді әулие мен Табан Ата қорымы, Көкесем, Елшібек қойымшылығы, Төбелтұран араны. Табиғи нысандардан - Қаражар құрғақ арнасы, Қарамая тау жотасы, Көкесем шатқалдары, Кендірлі шыңдары мен Кендірлі соры, Өнере бұлағы және тау етегіндегі су көздері, Қарағандағы жер асты үңгірі, Ақсексеуілдегі Булы ойық жер асты үңгірі бар. Үстірт қорығының өсімдік жамылғысы кеңістік құрылымымен ерекшеленеді. Кішкентай аумақта қыруар кешендігіне жататын қара сексеуіл, сорқаңбақ, қызылтаңдай формациялары құм өсімдіктер топтарымен, жыңғыл тоғайлары және кешенді емес сарсазан қауымдастықтары кездеседі. Қазіргі уақытта қорық аумағында өсімдіктің 336 түрі, сүтқоректілердің 29 түрі, бауырмен жорғалаушылардың 15 түрі, құстардың 166 түрі, қос мекенділердің 1 түрі кездеседі. Соның ішінде Қызыл Кітапқа енгендер: өсімдіктерден - бор рияңы, кәдімгі жұмсақ жеміс, хива сораңы, майда қатыран, берік сүттіген; құстардан - бүркіт, жұртшы, ителгі, үкі, жорға дуадақ, лашын, қарабауыр бұлдырық, дала қыраны, қарабай, жылан жегіш қыран, қарақұс, қоқиқаз, сұр тырна, сақалтай, қылаң қарабас шағала, қылқұйрық бұлдырық, жалбағай, кішкене аққұтан; бауырымен жорғалаушылардан - төрт жолақты қарашұбар жылан; сүтқоректілерден - арқар, қарақұйрық, қарақұлақ, сабаншы, итаю, шұбар күзен, шағыл мысығы, ақбауыр жарқанат.
Бұл мақалада қорық аумағында мекендейтін сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктері жайында және тылсым құпия табиғат дүниесі жайында да бірең сараң жазып кеткенді жөн көрдім.
Балжегіш аю халық арасында итаю деп те айтылып кеткен. Өзі қазған жай індерінде, немесе иесіз құмтышқандары мен басқа аңдардың індерін кеңейтіп, сонда тұрады. Жылына бір рет көбейеді, қыркүйек- қазанда ұйығады. Буаздылық - 7 айдай, күшіктері наурыз-сәуірде пайда болады. 1-2 күшік туады. Қорегінің құрамында омыртқасыздар мен майда омыртқалы жануарлар (кесірткелер, майда құстар, құмтышқандары, кірпілер, құм қояндары, тасбақалар) кездеседі. Өсімдіктің тамыры мен жемісін жейді. Жаулары- қасқыр, қойшылардың иттері. Бәсекелестері - түлкі, шұбар мысық, басқа жыртқыштар.
Қарақұйрық - тұлғасы сымбатты, дене тұрқы 101-126 см, тері жамылғысы құм түстес, сарғыш-сұр. Көз алды, шат, тұяқаралық иіс бездері, көру және есту мүшелері жақсы жетілген, осылар арқылы бір-бірімен тез табысады. Тастақты, құмды, сазды топырақты аймақтарда мекендеуге бейімделген. Қоныстарын жыл маусымдарына қарай, қыста сексеуіл, жыңғыл өскен бұйрат-бұйрат құмдарға, жазда шөлді жерлерге қарай қоныс ауыстырып отырады. Биіктігі 67-79 см. Текесінің салмағы 22 келі, ешкісінікі - 20-34 келі. Ылғалы мол жас шөптермен қоректеніп, қар мен жаңбырдан жиналған қақтардан су ішіп, шөлін қондырса, қыста қар жалайды.
Шағыл мысығын Үстірттің тік жарларынан, сазды, известі тасты әрі құмды тілімделген терең шатқалдарында кездестіруге болады. Отырықшы және түнде белсенді тіршілік етеді. Майда кеміргіштермен (құмтышқандары, қосаяқтар, тараққұйрық) сирек рептилияларды, буынаяқтылар және құстармен қоректенеді. Құм адырларының етектерінен өздері қазған індерде, кейде түлкі, қарсақ және қарақұйрықтардың ескі індерінде қоныстанады. Мауығуы - ақпан, наурыз айларында. Буаздық мерзімі 60 күн 3-5 мысықтан туады.
Үстіртте жұп тұяқтылар отрядының өкілі - Үстірт арқары мекендейді. Бұл ұзын аяқты сымбатты дала жабайы қойы. Дене тұрқы 120-150 см, шоқтығының биіктігі 77-98 см, қошқарының салмағы 53-80 келі, саулығының салмағы 36-46 келі. Қошқарының мүйізі онша үлкен емес, алға иіліп және ішкі қарай бұрылып тұрады. Мүйізінің түпкі жағының құлашы 21-30 см. Саулығының мүйізі қысқа және имек сияқты иілген. Қошқарының мойының төменгі жағында ұзын қылдардан тұратын сақалы бар, ол басына дейін барып, жал сияқты болып келеді. Иек жағында ол ақ, төске жақындағанда қара қоңыр болып келеді. Үстіртте мекендейтін арқар алыс қоныс аудармайды. Жаз кезінде таңнан бастап ыстық түскенше, ыстық қайтқаннан түнге дейін, салқын кезде күні бойы жайылады. Ыстық кезде шатқалдардың, шыңның жар қабақтарында және тастардың көлеңкелерінде дем алады. Арқар табиғи жағдайда 12-14 жыл тіршілік етеді. Арқар тауларда тіршілік етуге бейім, аязға өте төзімді.
Көкесем шатқалдары - басқа еш жерде қайталанбайтын құбылыстар. Қорық аумағындағы тұщы су көздері бар, табиғаты әсем, ерекше түзілімді мекен атауы. Шың етегінде Көкесем тұщы сулы бұлағы және шың басында Көкесем құдығы бар.
Кендірлі соры - ежелгі теңіз табанынан қалған, тіршіліксіз тұзды сор. Оңтүстік Үстірт шыңдарының батыс жиегін бойлай орналасқан. Ұзындығы 100-110 шақырым, кей тұстарында ені 3 шақырым, енді бір аумағында 25 шақырымға дейін жетеді. Тереңдігі орташа 28 метр, ең терең жері теңіз деңгейінен 70 метр. Шың етектері мен құм жағасындағы ащы ыза бұлақтардың суымен ылғалданып тұрады. Сордың солтүстігінде вулкандық жыныстардан түзілген Қарамая тау жоталары мен тұзды көлшік орналасқан. Оңтүстігінде Кендірлі сорына өңірдегі ең ірі су көзі - Өнере бұлағы құяды.
Өнере бұлағы - бұл қорықтың ең оңтүстік шекарасында орналасқан, ұзындығы 6-6,5 шақырым, арнасының кеңдігі 1-1,5 метрдей, басы сор жиегіндегі жер асты суынан басталатын кішкене өзен. Жағалауында қалың қамыс пен ши, жыңғыл араласа, ұйыса өскен. Топырағы сортаң, қабыршақтанып жатады. Аңғар жиектері тұзды - топырақтың күн сәулесімен кварц тану әсерінен болған жыныстармен көмкерілген. Өнере бұлағының негізгі қорегі жер асты суы. Суы ащы, мөлдір. Бұлақ басынан басқа жерде өсімдік дүниесі жұтаң.
Қарамая - түсіне және орналасу пішініне қарай аталған, шығыстан батысқа қарай созылып жатқан тау жоталарының атауы. Зерттеушілердің пікірінше ежелгі мұхит түбіндегі вулкандық жарылыстардың әсерінен түзілген. Тау жыныстары мен топырақ жамылғысының айналасынан өзгешелігі - бұл пікірді растай түседі. Геологиялық жасы жетпіс миллион жылды қамтитын таудың топырақ түзілімі қара қоңыр түсті, жұмсақ, сынғыш тастардан құралған. Тастар өте ұқыпты, әдемі етіп жинақталып, текшеленіп орналасқан. Жоталардың шығыс беткейінде көмір ұнтақтары кездеседі. Өсімдік жамылғысы - жұтаң, тырбық, шашыраңқы орналасқан шөлдің шөптесін өсімдіктері. Тау жоталарының етегінде ыза-бұлақтар ағып жатыр. Үстірт жабайы қойы–арқар, осы тауда мекендейді. Құстардан бүркіт, жұртшы т.б. кездеседі. Тау жоталары алыстан мұнартып, сағымданып көрініс береді.
Биологиялық және ландшафтық орасан мол алуан түрлілік пен әсем табиғат көркі үйлесім тапқан бұл жерлер рухани және дене күш-қуатының қайнар көзі ретінде адамға қызмет етеді. Бүгінде, қорық республикалық маңызы бар табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ең жоғары санатына жатады. Мақаланың соңында ғұлама ғалым Жан Дорсттың табиғат жөнінде айтқан сөзімен аяқтағым келіп отыр, ол былай деп айтып кеткен болатын: «Адам бойында жабайы табиғатты сақтау үшін ұмтылуға қажетті объективті себептер жетіп артылады. Алайда, түптеп келгенде, табиғатты тек сүйіспеншілік қана құтқара алады. Адам бұл дүниеде сұлулықсыз өмір сүре алмайтындықтан, қоршаған ортаны сәл де болса сүйіп, қастерлей білген жағдайда ғана, табиғат өзіне төнген қауіп-қатерден құтылады».
Баянсұлу МҰРАТОВА, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің аға маманы