Мұнайлы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік сала және энергетика объектілерінің 2018-2019 жылғы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстарының өту барысын бақылау жөніндегі аудандық штаб отырысы өткізілді.
Штаб отырысына аудан әкімінің орынбасары Бейімбет Сүлейменов, ауыл мен ауылдық округ әкімдері және мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар қатысты.
Штаб отырысында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Берік Әбдіхалық сөз алып, Мұнайлы ауданының аумағында қолданыста 47 бірлік білім беру саласының, 3 бірлік мәдениет саласының, 14 бірлік денсаулық сақтау саласының нысандары мен 76 бірлік көп пәтерлі тұрғын үйлер бар. Жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бекітілген ісшаралар жоспарына сай кесте бойынша жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Аудан деңгейінде шешімін таппай отырған күрделі, өзекті мәселелер жоқ. Аудан бойынша 2018-2019 жылғы жылыту маусымына нысандар 100 пайызға дайын. Барлық әлеуметтік нысандар 2018-2019 жылдарға әзірлік паспорттарын алуға өтініштер табыстады. 2018 жылдың 15-20 қыркүйегіне дейін барлық әлеуметтік нысандарға дайындық паспорттары рәсімделіп берілетіндігін баяндады.
Сонымен қатар қыс мезгілінде аудандық маңыздағы автокөлік жолдарын күтіп, ұстау, қардан-мұздан тазарту жұмыстарын жүзеге асыру үшін 150 текше метр құм және 10 тонна арнайы жолға төселетін тұз өнімдері «Маңғыстау жылу» МКК-ның базасында сақтаулы тұр. Қызмет көрсететін 9 бірлік арнаулы техникалар (2 автогрейдер, 2 жүк тиегіш, 2 жүк тасымал автокөлігі, 2 эксковатор, 1 коммуналдық техника) бар. Жиында арнайы жұмыс жоспары жасақталғандығы айтылды.
Өз тілшімізден