Жаңаөзен қаласының әкімдігінде қаламыздың көп балалы, алтын құрсақты аналары марапатталды. Елбасының Жарлығымен дәрежелі марапатқа ие болған 15 ананың бесеуі алтын, оны күміс алқа иегері атанды.
- Жалпы қаламызда төрт мың жарым бала дүниеге келіп отыр. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Сол үшін де аналарымызға үлкен алғысымды айтқым келеді. Баланы дүниеге әкеліп, оны өсіріп, бағып, елдің азаматы етіп тәрбиелеп отырғандарыңыз үшін. Отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деп қала әкімі Әділбек Дауылбаев марапат иелеріне алқаларын табыстады.
Алтын алқа және күміс алқалармен наградтау туралы 2018 жылдың 7 тамыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің №728 Жарлығымен 7 және одан да көп бала дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін алтын алқамен Аманбибі Айтешова, Жазира Бердімұратова, Ақжамал Исмагулова, Миуаш Ноғаева, Айнұр Сағынова және жоғарыдағы Жарлық бойынша 6 бала дүниеге әкелгені үшін күміс алқамен Күлсін Жұмабаева, Сандуғаш Досболова, Ләззат Жүсіпова, Кенжегүл Ибрашева, Гүлдария Кожимова және тағы басқалары марапатталды.
- Бүгін үлкен мерекелік шара өтті десек те болады. Алтын және күміс алқа иелерін, аналарды шақырып медальдармен наградтады. Осы үшін Елбасымызға рахметімді айтамын. Келешек өсіп келе жатқан, елімізге адал қызмет ететін, болашақта үлкен жол бастайтын, Қазақстанның атын танытатын ұрпақ барлығымызға нәсіп етсін. Салихалы ұрпақ тәрбиелейік. Осындай жарқын елде өмір сүріп жатқаныма қуанамын, әуелі Алла, одан кейін бізді бағып отырған ер азаматтарымыз аман болсын, - деп ақ тілегін арнаған Ақжамал Исмагулова қазіргі таңда 7 баланың анасы. Тұңғышы 11 сынып оқушысы, кенжесі бір жаста. №14 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етеді.
Айтолқын МЕҢДІБАЕВА