Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев пен оның орынбасарлары Исахан Сағынбаев және Сәнім Танаева, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының бірінші орынбасары Нұрберген Худибаев, қаламыздың ардагерлер кеңесі және қоғам белсенділерінің қатысуымен жиын өтті.
Жиында қала әкімі қатысушыларға қаламыздағы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша 9 айдың қорытындысын баяндады.
Қала бойынша 2018 жылға жалпы бюджет 15 млрд. 800 млн. теңгені құрайды. Алға қойған жоспар бойынша атқарылатын жұмыстар толыққанды орындалып, жылдың аяғына дейін де қалған жұмыстар жоспарланып, қаражат 100 пайызға игерілген. Атап айтқанда, жаңа ашылған 900 орынды үш мектеп, су тұшытатын қондырғы, қаланың абаттандыру, көркейту жұмыстары аяқталып, кей құрылыстар жалғасын табуда. Ал негізгі 9 ай бойынша бөлінген бюджеттің 12 млрд. 300 млн. теңгесі қыркүйек айының 25-не дейін толық игерілгендігін айтып өтті.
Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Құлынтайұлының қатысуымен қала активтерімен және ардагерлерімен халық игілігі үшін атқарылатын, шешімі табылмай жүрген мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер айтылатын бірнеше кеңес жиындар өткен болатын. Соның бірінде жыл басында тозығы жеткен, аппаттық үйлерді жөндеуден өткізу жөніндегі тапсырмаға сәйкес, қазіргі таңда тұрғындардың қауіпсіз жағдайда өмір сүруі үшін 56 үйдің 22-ден астамы жөндеуден өткізілген. Сонымен қатар, автопарктерді және қаламыздың сәулетті келбетін жаңарту, заман талабына сай үйлердің келбетін өзгерту жұмыстары жүргізілген.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Пайдалы қазбаларды заңсыз өндірушілер 1,5 млрд зиян келтіргенҚазіргі кезде құрылысы жүріп жатқан «Бейбітшілік» шағын ауданында 5 қабатты 23 үй тұрғызылатын болады. Балабақша, балаларға ойнайтын алаңдар, дәріхана, дүкен және көлік тұрақтарымен қамтылатын бұл тұрғын үй кешенінен қала әкімі 2019 жылдың І тоқсанында алғашқы үйлерді тапсыру жоспарда бар екендігін айтып өтті. Олардың ішінде алғаш болып жоғарыда айтып өткендей, тозығы жетіп, апаттық жағдайда деп анықталып, нақтыланған үйлердің тұрғындары орналасатын болады дейді.
Қаламыздағы тағы бір маңызды мәселе ол жолаушы тасымалы, яғни көлік тасымалы. Осыған байланысты, қоғамдық көлікпен қатынау үшін тұрғындарға қала ішінде автобус және электробустар жіберілген, бұл пилоттық жоба есебінде жасақталып, тиімді немесе тиімсіз жақтарын бақылау үшін уақытша қолданысқа берілген болатын. Алайда, нәтижесінде көліктердің техникалық ақауларына байланысты, бұзылып қалған жағдайда темір жабдықтарының жеткізілуі мен жөнделуі ұзақ уақытты қажет ететіндіктен тасымалдың бұл түрі тиімсіз болған. Дегенмен, мәселенің шешімін табу мақсатында қазіргі таңда автобус шығаратын белгілі компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.
- Су мәселесі бойынша, қазір қаламызда 30 мың су тазалайтын қондырғы қыркүйек айының аяғына дейін толықтай бітіп, эксплуатацияға берілетін болады. Бұл нысан аяқталғаннан кейін осы уақытқа дейін көтеріліп келген су мәселесі толыққанды шешімін табады деп есептейміз, - деді Әділбек Дауылбаев. Сонымен бірге, қаланың 50 жылдық мерейтойы жөнінде де біраз ақпараттарымен бөлісті.
Жыл бойы жоспар бойынша бірнеше мерекелік, мәдени, рухани шаралар өткізіліп, бірқатар нысандар қолданысқа беріліп, әлі де жалғасын табуда. Қазан айының 20-сы күні 50 жылдық мерейтойды қорытындылайтын ауқымды, кең көлемде мерекелік гала-концерт өтетіндігін хабарлады.
- Бұл күні салтанатты жиынға республика, облыс бойынша жан жақтан қонақтар келіп, республикалық деңгейдегі ақындар айтысы ұйымдастырылып, қаланың көркеюіне, дамуына атсалысқан азаматтар мен қоғам өкілдері қатысады деп жоспарлануда және қаланың 50 жылдығына арнап, осы уақыт аралығында қаланың дамуына еңбегі сіңген тұлғаларды енгізіп, үлкен энциклопедиялық кітап дайындалып жатыр. Белгілі азаматтарға марапаттар мен сый сыйапаттар, медаль, төсбелгілер дайындалуда. Бағдарламасы бекітіліп, қазіргі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр, - дейді қала басшысы.
Айта кетейік, 20 қазан күні яғни 50 жылдық мерейтой қарсаңында қаламызда бірнеше нысан халық игілігіне пайдалануға берілмек. Соның ішінде, жоғарыда айтып өткен су тұшытатын қондырғы және қазір құрылыс жұмысы жүріп жатқан қаламыздың орталық алаңындағы субұрқақтың (фонтан) ашылуы. Қала басшысы бұл облысымыздағы көлемі жағынан ең үлкен алғашқы субұрқақ болатынын тілге тиек етті. Сонымен бірге, жеке кәсіпкерлердің дайындап жатқан нысандары да осы күні қолданысқа берілетін болады.
Айтолқын МЕҢДІБАЕВА