Халық арасында «Реформаның ең көп жасалатын жері – білім саласы» деген қағытпа қалжың бар. Дегенмен білім беру әсте қалжыңдауға келмейтін жұмыс. Өйткені білім институты арқылы ғана елдің интеллектуалды, бәсекеге қабілетті, бастысы болашақты сеніммен тапсыруға болатын жастар өсіп шығады емес пе? Сондықтан әр азамат білім саласында қандай да бір өзгеріс енгізуге, оны қолдауға, өз ойын ашық айтып, ұсынысын білдіруге құқылы әрі белгілі бір деңгейде міндетті.
Фредрих Эберд атындағы қор өкілдері 2016 жылы жастар арасында социологиялық сауалнама жүргізген. Сауалнамаға қатысқан жастардың 16%-ы орта білім сапасын «өте жақсы» деп бағаласа, 72,6%-ы «жақсы» деген баға берген. Десе де, респонденттердің 57,3%-ы «білім жүйесі бірқатар реформаларды талап етеді» деп есептейді екен.
Еліміздегі білім беру саласында жасалған реформалардың бірі – оқушыларға 3 тілде білім беру. Елбасының үш тұғырлы тіл саясаты негізінде мектеп-лицейлердің басым бөлігі шет тілде дәріс оқуға көшті. Солардың бірі Маңғыстау облысындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі. Жаңа оқу жылында білім ордасының ғылыми жаңалықтары, мектеп тынысы, үш тілде білім алудың қиындықтары мен артықшылығы, интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы мектептің жұмысы турасында Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ермек Пайзовпен сұқбат құрдық.
– Қайырлы күн, Ермек Серікұлы! Биыл облысымыздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылғанына 3 жыл толып отыр екен. Бүгінгі мектептің тынысы қандай?
– Қайырлы күн! Ең алдымен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің құрылу тарихына тоқталайын. Назарбаев Зияткерлік мектептеріне биыл 10 жыл. Бұл мектептердің құрылуына түрткі болған Елбасының қатысуымен өткен үкімет жиналысындағы «20 зияткерлік мектеп ашу туралы» қаулы еді. 2008 жылы мектептердің құрылымы басталды. 2009 жылы қаңтарда Астана қаласында бірінші зияткерлік мектеп ашылды. Ол мектептің ашылуына Елбасының өзі қатысты. Елбасының тікелей тапсырмасы болған соң балаларды іріктеп алып, арнайы оқу бағдарламасы жасалды. Осы 10 жылдың ішінде 20 мектеп ашылды. Назарбаев Зияткерлік мектебі мемлекет басшысының тікелей қадағалауында. Елбасы мектептердегі өзгерістерге назар аударып отырады. Нұрсұлтан Әбішұлының ойы бойынша, бұл мектеп Қазақстанның элитасына білім беретін оқу орны болуы керек. Көбісі бұл жерде қалталы, ақшасы бар азаматтардың балалары оқиды деп ойлайды. Негізінде, бізде оқуға қабылдау шарттары өте жүйелі және нақты ережелермен бекітілген. Қабылдау бағдарламасы шетел мамандарымен арнайы дайындалған. Сол бағдарлама арқылы іріктеу өткіземіз. Жылдан-жылға мектепке түсуші үміткерлердің саны артып келеді. Мысалы, бізге биыл 860-тан астам оқушы оқуға түсу үшін құжат тапсырды. Соның ішінен біз 100 оқушыны қабылдап отырмыз. Бұл дегеніңіз 1 орынға 8-9 оқушы таласып отыр деген сөз. Осы көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Өйткені біз келген оқушыларға барлық мүмкіндікті жасаймыз. Биыл 10 жылдықтың аясында көптеген іс-шаралар өткізілуде. Солардың бірі, 2017-2018 оқу жылының аяғында «Ауыл мектебін қолдайық» деген үлкен жоба өткіздік. Облыстық білім басқармасымен келісе отырып аудандағы бір мектепті таңдап алып, сол мектепке қолдау көрсеттік. Бұл қаржылай қолдау емес. Осы арқылы біз ауыл мектебін қолдау үшін ақшаның керек емес екенін көрсеткіміз келді. Ол жерде оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар жиналып кітап жинады. Оқушылар мектепті өз қолдарымен безендірді. Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары өздері 3D форматындағы принтерді жасап, сол ауыл мектебіне сыйлады. Спорттық құрал-жабдықтар алып берді. Осылай біріншіден, ауыл мектебі жабдықталып қалды. Екіншіден, ата-аналар мен мектеп ұжымы бір қуанып қалды. Үшіншіден, біз кәсіпкерлерге үндеу тастадық. Биыл қазан айында Астана қаласында «Ұлы дала мұрагерлері» деген үлкен жиын болады. Сол жерде Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының жетістіктерін көрсеткелі отырмыз.
– Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алу үшін оқушылар қандай іріктеуден өтеді?
– Конкурстық іріктеу 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде оқушылардың білім сапасын тексереміз. Орыс тілі, қазақ тілі, ағылшын тілі және математикадан тест тапсырады. Екінші кезеңде оқушылардың логикасы сыналады. Кеңістікте ойлау, есте сақтау қабілеті және есептерге логикалық тұрғыдан қаншалықты бейім екенін анықтайтын арнайы тест бар. Ол тест Америкадағы Джон Хопкинс университетіндегі дарынды жастар орталығында дайындалады. Бірінші кезеңдегі тест Нидерланды еліндегі «CTY» деген тестілеу орталығында құрастырылады. Барлығы онлайн режимде өтеді. Ұйым өкілдері тесті өздері әкеліп, өздері алады. Оқушылар тесті тапсырғаннан кейін нәтижесі 40 күнде белгілі болады. Тестілеудің қорытынды нәтижесі бірден сайтта жарияланады. Сондықтан қабылдау комиссиясына ешқандай адами фактор әсер етпейді. «Қазақбайшылық» фактор да болмайды (күліп). Іріктеу таза, әділ, ашық түрде өтеді. Қазір конкурстық іріктеудің әділ өтетініне халықтың көзі жетті. Өйткені көптеген кісілердің балалары тестілеуден өте алмай қалды.
– Үш тілді білім беруге тоқталайық. Шет тілде сабақ беру мұғалімдерге, сабақ алу оқушыларға оңай болды ма, қиын болды ма? Назарбаев Зияткерлік мектебі осы ретте қандай оқыту әдісін қолданады?
– Үш тілді білім беру оңай болды деп айта алмаймын. Бізге осындай үлкен талап қойылды. Ол үшін алдымен мұғалімдердің біліктілігін арттыру қажет. Мұғалімдердің ағылшын тілі деңгейін жоғарылата бастадық. Бұл жұмыс бізде 3 кезеңнен тұрады. Бірінші біз мұғалімдерді ішкі курста даярладық. Онда ағылшын тілінің мұғалімдері физика, математика, биология, информатика пәнінің мұғалімдерін ішкі курстарда оқытты. Ішкі курстар сабақтан тыс уақытта немесе кешкі уақытта ұйымдастырылды. Екінші кезеңде мұғалімдерімізді Астана, Алматы қалаларындағы тілдік курстарға жіберіп отырдық. Онда мұғалімдерге шет тілін өзі сабақ беретін пән бойынша оқытады. Мысалы, физика пәнінің мұғаліміне физика пәнінің терминдерін үйрету арқылы оқытады. Осыдан кейін мұғалімнің IELTS деңгейі 5 ұпайдан асса, оны шет елге жіберіп отырдық. Америкада, Сингапурда мұғалімдеріміз 2 апталық курстан өтіп, деңгейлерін көтеріп келді. Бұл жүйе өз жемісін берді. Шет елге курсқа барып келген мұғалімдер білімдерін өз кәделеріне ғана жаратқан жоқ. Мектепке келген соң, өз кафедрасындағы мұғалімдерге ағылшын тілін үйрете бастады. Осы жүйе арқылы ағылшын тілін меңгерген және шет тілінде сабақ бере алатын мұғалімдердің са нын ұлғайта бастадық. Біздің мектебімізге 3 жыл болғандықтан, бұл процесс әлі жүріп жатыр. Мысалы, кейбір мұғалімдеріміз жұмысқа келгенде, ағылшыны базалық деңгейде болса, қазір IELTS деңгейі 5 ұпайға жетті. Даму үрдісі жалғасып келеді. Ал оқушылардың жаңа нәрселерге бейім екендігін өздеріңіз білесіз. Мұғалімдері білетін болған соң, шет тілін үйрену оларға аса қиын болған жоқ. Статистикаға сүйенер болсақ, 2015 жылы біз ашылған кезде 10-сынып оқушыларының IELTS деңгейі 3,5 ұпай еді. 2017 жылы бірінші түлектерімізді шығарған кезде олардың IELTS деңгейлері 7 ұпайға дейін барды. Былай қарасаңыз, 2 жылдың ішінде деңгей 3 ұпайға дейін жоғарылап отыр. Ал бұл осындай аз уақыттың ішінде үлкен көрсеткіш.
– Өлкемізде Назарбаев Зияткерлік мектебінің болуы облыстың білім беру саласына қалай әсер етті?
– Алғашында облыс мектептерінің арасында өзара бәсекелестік болған жоқ. Біліктілік арттыру курстарына да, мұғалімдер аса қызығушылық таныта бермейтін. Біз ашылған кезде алдымен оқушыларды, одан кейін мұғалімдерді іріктеп алдық. Іріктеуден өтіп, тест тапсырғанда мұғалімдер өз деңгейлерін көрді. Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларға да, мұғалімдерге де бір стимул берген секілді. Сондайақ біздің мектептің мақсаты – өз тәжірибесін орта мектептерге тарату. Осы бағыт бойынша да біз көп жұмыс істедік. Шалғай ауылдарға барып немесе өзіміздің мектебімізге шақырып, түрлі семинарлар мен конференциялар ұйымдастырып келеміз. Жаңартылған білім беру мазмұны аясында да түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Негізі, салыстыратын бір нәрсе болғанда ғана даму болады. Мұғалімдер мен оқушылар біздің мектепке келіп, өз деңгейлерімен салыстыра бастады. Одан кейін өз мектептерін өзгертуге деген құлшыныс пайда болады. Қазір қаладағы орта мектептердің безендірілуі де, сыныпты пәнеге сай рәсімдеу де өзгеріп жатыр. Яғни бізге қарап, ойы мен бойын түзеген мектептер қатары көбейіп келеді.
– Ұлттық кодты сақтайтын интеллектуалды ұрпақ қалыптастыруды неден бастау керек деп есептейсіз?
– Тәрбиеден бастауымыз керек. Тәрбие деген сөздің астарында үлкен құбылыс жатыр. Тәрбиені отбасынан, отбасындағы құндылықтардан, отбасындағы күнделікті дастархан басындағы қарым-қатынастан бастау керек деп ойлаймын. Өйткені ғалымдардың айтуынша, бала 3 жасқа дейін бірінші фазада дамиды. Осы алғашқы фазада бала 80% қалыптасады. 3 жастан бастап 7 жасқа дейін екінші фаза басталады. Осы екі фаза кезінде, бала бірінші сыныпқа барамын дегенше үйдегі тәрбие өте маңызды. Көп жағдайда бәріміздің қолымыз тимейді, бәріміз жұмыстамыз. Бала үйде, оны ағасы қарайды не апасы қарайды. Бірақ үйдегі қалыптасқан тәрбие өте маңызды. Мысалы, 15 жастағы баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру қиынырақ болады. Біз де мектепте саналы ұрпақ қалыптастыру үшін түрлі шаралар өткіземіз. Жалпы оқушы тәрбиесіне, оның ұлттың білімді, тәрбиелі, интеллектуал ұрпақ болуына көп көңіл бөлеміз. Осы ретте мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасы көп жұмыс жүргізеді.
– Ермек Серікұлы, биылғы оқу жылына дайындықтарыңыз қалай?
– Дайындығымыз жақсы. Мектебіздің ішкі жабдығын түгендеп, дайындап қойдық. Біз бір жарым ай бойы мұғалімдерге іріктеу жүргіздік. Мұғалімдерді іріктеуге мен тікелей көңіл бөлемін. Конкурс талабы қатаң болғандықтан, білікті мұғалімдерді шақыруға тырыстық. Ұстаздар шет елден, басқа қалалардан, өңірлерден келіп жатыр. Ұжымға жақсы педагогтардың командасы жиналды. Ол мұғалімдер 3 күн бойы біліктілік арттыру курсына қатысты. 3 қыркүйектен бастап сабағымызды бастадық. Демалып алдық, күш-қуат жинадық, оқу жылына сақадай саймыз. Биыл халықаралық мектеп стандартын алуға ниеттіміз. Әр мектеп халықаралық арнайы ұйымға өтініш қалдырады. Ұйым өкілдері келіп, тексеріп, стандартқа сай болса мектепке «халықаралық стандартқа сай» деген сертификат береді. Осы бағытта да үлкен жұмыс жүріп жатыр. Құдай қаласа өтеміз деген ойдамыз. Сондайақ биылғы оқу жылында екінші шет тілін оқытуды да қолға аламыз. Ашылғалы бері қытай, кәріс тілін үйрету басталды. Өткен жылы төрт шет тілін оқыттық. Ол француз, неміс, қытай, кәріс тілі. Мамандарды таптық. Олар курс негізінде сабақ берді. Балаларымыз 2 жылдың ішінде сөйлей алатын, сөйлесе алатын деңгейге жетіп қалды. Ал биылдан бастап 10-12 сынып оқушыларына екінші шет тілі міндетті пән ретінде қосылды.
– Иә, білім беру саласы туралы сағаттап сөйлесуге болады. Сіз Назарбаев Зияткерлік мектебінің 3 артықшылығы мен 3 кемшілігін тізбектеп, айтып берсеңіз, сонымен сұқбатымызды қорытындылайық.
– Бізге білім алуға дайын оқушылар келіп жатыр. Біріншіден, нақты мақсаты бар, өзіне не керек екенін білетін оқушылар білім іздеп келеді. Екіншіден, өмірде пайдаланатын, қолданбалы білім алып жатыр. Үшіншіден, Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушының мамандық таңдауына ықпал етіп, бағыт-бағдар көрсетеді. Қазір мамандық таңдау өте қиын. Ол тіпті балаға емес, ата-анаға да қиынға соғуда. Статистика бойынша, 2030 жылы қазіргі сұранысқа ие мамандықтардың 20 пайызы жоғалып кетеді. Ол, әрине, бәрімізге қорқынышты. Егер сен қателесіп мамандық таңдасаң, біраз уақыттан кейін ешкімге керек болмай қаласың. Сол үшін қазірден алдын ала болжап, қажетті мамандықты таңдау маңызды. Қазір біз дұрыс жол көрсетпесек, болашақта керек емес мамандықты игеріп шыққан жас мамандар өз-өздерін жоғалтып алады. Бала үшін осы үшеуі: ең негізгі әрі маңызды фактор деп ойлаймын.
Мектептің 3 кемшілігі... Менің ойымша, біріншісі, не дегенмен де 3 жыл деген аз уақыт. Біз тәй-тәй басып келе жатқан жас ұйымбыз. Бірақ ауыр жүкті мойнымызға артып келеміз. Кейбір кезде әр қадамымызды аңдап басып, әр ісімізді ойланып істейміз. Жауапкершілік тек менің ғана емес, бүкіл ұжым мойнында бар. Сондықтан ауыр жауапкершілікті алып жүру жас ұйымға қиынырақ. Кемшілік демес едім, қиындық деуге болады. Екіншіден, баланың уақыты көбірек оқуға кетеді. Біздің балалар таңғы 8 жарымнан бастап, кешкі 5-ке дейін осында жүреді. 3-ке дейін негізгі сабағы болады, одан кейін оқушы қосымша сабақтарға қатысады. Үшіншіден, күні бойы сабақта болғаннан кейін, олардың денсаулығына әсер етеді. Бірақ мен оқушылардың денсаулығына мән беремін. Таңертеңнен кешке дейін пассив сабақ оқыса, денсаулығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан түрлі активитилер, үзіліс кезінде жаттығулар ұйымдастырамыз. Жаттығулар санын, уақытын биыл көбейткіміз келіп отыр. Себебі адамның қан айналым қаншалықты жақсы болса, соншалықты мидың жұмысы жақсарады.
– Сұқбатыңызға көп рақмет! Оқу жылы табысты болсын!Тойгүл НҰРЖАНҚЫЗЫ