Мемлекет басшысының 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығына сәйкес, елімізде жыл сайын медицина қызметкерлерінің күні тойланады. Мерекені бірнеше жылдан бері маусым айының үшінші жексенбісінде атап өту дәстүрге айналды.
14 маусым күні Жаңаөзен қаласындағы Оқушылар шығармашылық үйінің концерт залында кәсіби мейрам иелерін құттықтауға арналған мерекелік кеш өтті.
Алғашқы құттықтау тілегін алған Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев: «Құрметті медицина саласының қызметкерлері, ақ халатты абзал жандар! Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Шығыс ойшылы Конфуций «Адамзатқа шапағат жасау – мейірімділік пен батырлықтың шыңы» деген екен. Бұл философиялық тұжырым өз істеріне адалдық пен табандылық танытқан абзал жандарға арнап айтылса керек. Бүгінде дәрігерлер қауымының қаламыздағы денсаулық сақтау саласын дамытуға қосып жүрген үлесі ұшан-теңіз", - дей келе, бірқатар медицина қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады.
Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хатымен қалалық орталық аурухана хирургия бөлімінің меңгерушісі Бақтыгүл Құбашова, №1 қалалық емхана медбикесі Бақытгүл Әбдірова, Маңғыстау облысы медицина колледжінің мұғалімі Қарлыға Әбдірахманова марапатталды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ауылды дамытқысы келетіндер кәсіп ашудың қыр-сырын үйреніп жатырКелесі кезекте қажырлы еңбегі мен абыройлы қызметі үшін қала әкімінің Алғыс хатымен Жаңаөзен қалалық орталық ауруханасы хирургия бөлімшесінің аға медбикесі Айгүл Ишанова, «Медицина» ЖШС-ның медбикесі Эльмира Темірханова, Балалар ауруханасының медбикесі Маржанай Авезова, №2 Жаңаөзен қалалық емхана директоры Саламат Бекназаров, «Жалымбетов» ЖШС-ның аға медбикесі Алмагүл Урбисинова, қалалық перзентхана медбикесі Күләш Бекетаева, № 1 Жаңаөзен қалалық емхана дәрігері Назерке Тұрсыналиева, «Стоматология» ЖШС-ның дәрігері Хуаныш Төвекелов, №3 Жаңаөзен қалалық емхана дәрігері Урягани Ужазова, Жедел жәрдем медициналық санитария медбикесі Ақзия Қарабалаева, «Медикер» ЖШС-ның персоналмен жұмыс жөніндегі мамандары Жұлдыз Таласбаева мен Айжан Дүйжанова, Эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Балданай Қожабергенова, Санитарлық гигиеналық бөлімнің бас маманы Жанат Идрисова, Санитарлық гигиеналық зертханасының зертханашы дәрігері Бибарша Шалқарбаева, Бактериялогиялық зертхананың зертханашысы Балагүл Уразбаева марапатталды.
Бағалау, марапаттау, құрметтеу бір күнмен тоқтамаса керек. Антына адал білікті дәрігер өмір мен өлімнің тайталасына түскен жанға екінші мәрте жарық күн сыйлар жан. Төгілген маңдай тердің, жұмсалған күш-қайраттың, төзім мен шыдамның өтеуі болар мереке «Мұнайшы» мәдениет үйі ұсынған концерттік бағдарламамен жалғасты.
Айжан НАСЫРОВА