Журналист туралы қалам тербеу – аса күрделі тақырып. Өйткені оның тіршілік тынысы бүкіл ел тынысымен астасып жатыр. Соның ішінде Маңғыстау облыстық телеарнасында ширек ғасыр жемісті қызмет атқарып, елдің ыстық ықыласына бөленген тәжірибелі тележурналист, қайраткер апа Сұлушаш Молдажанқызы туралы қалам тербеу – ауқымды міндет.
Сонау 1938 жылы Атыраудың киелі Жылой жерінде дүниеге келіп, жастайынан өнер өлкесіне қадам басып, елге ерте танылған Сұлушаш Молдажанқызының 1975 жылы Ақтау телеарнасына қызметке келуі – оның журналистік тағдырының жарқын беттеріне жол ашқан болатын.
Бүгінде 80 жастың сеңгіріне өрлеген апаның телеарнада бірге қызмет атқарған шәкірттерінің бірі ретінде мен оның тележурналистік, қайраткерлік қызметінің кей сәттеріне тоқталып өтпекпін.
Теледидар – ақпарат кеңістігінде аса қуатты қару. Ол бір сәтте милиондаған адамды қамтып, ақты – ақ, қараны – қара етіп көрсетіп, сан алуан хабар тарату құдіретіне ие. Ал онда қызмет жасау – Жаратқан иенің маңдайға жазған артықшылығы деп білемін. Әрине, жауапкершілік жүгі жетіп артылады. Ол қажымас ізденісті, талмас төзімділікті, қиыннан қиыстыра сөз табар, адастырмас жол табар кәсіби шеберлікті қажет етеді.
Міне, Сұлушаш апаның бойында осы қасиеттер кеңінен орын алған еді.
Ол өз ісін жете сүйіп, елін қастер тұтатын. Сондықтан да уақытпен санаспай еңбек етіп, қай кезде де алған мақсатынан қайтпай, нақты нәтижелерге жетіп жүрді. «Жүректен шықпаса – жүрекке жетпейді» деген орнықты ұғым бар. Ал жүрекке жету үшін алдымен халқын сүйер жүрек керек. Сабыр Адайдың «Әр қазақ – менің жалғызым!» дегеніндей, апай әрбір адамды өз бауырындай сезінді. Оның жақсысына бірге қуанып, қиындығына бірге күрсінді. Сөйтіп, ол елмен етене араласты. Қамқорсызға қамқор бола білді.
Сұлушаш Молдажанқызы дайындаған – «Ақбөбек», «Денсаулық», «Адам. Қоғам. Заң», «Табиғат – туған үйің», «Балдырған», «Семья. Мектеп. Жұртшылық», «Ғибрат» телехабарлары – ел көңілінен шығып, халықтың күтіп жүріп қарайтын бағалы бағдарламалары болды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қарбыз құрамындағы нитратты үйде анықтаудың тәсілін білесіз бе?Журналист қызметінің жетістігі көпшілік көкейіндегі өзекті тақырыпты нақты таба біліп, оны шынайы жеткізе білуде. Сұлушаш апайдың шығармашылық табысы да – осында. Тың тақырыптарға жол салып, оны әсерлі меңгере білуінде.
Енді кезінде ол дайындап, ел есінде сақталып қалған кейбір хабарларға тоқтала кетейін. Апай «Ақбөбек» телеклубын мазмұнды жүргізді. Бұл – негізінен, әйелдерге арналған бағдарлама болатын. Оның бір хабарын Ералы (қазіргі Құрық) кентіндегі бөбектер үйінен «Қайран шешем, қайдасың?» деген тақырыпта ұйымдастырды. Онда жетім, тастанды балалар тағдыры әңгімеге арқау болды. Ол кезде, сонау тоқсаныншы жылдары мұндай аса өзекті мәселені ешкім көтермеген болатын. Шиеттейінен тағдыр тауқыметін тартқан қорғансыз бөбектердің ауыр жағдайы ел назарына ілікті. Жылуы, суы жоқ тар да ескі бөлмелерге қамалған тастанды бөбектер көздері жәудіреп аналарын іздейді, қолын созып, қамқорлық күтеді. Олардың бейкүнә жанарларына толған мөлдір жасты бейжай қарау мүмкін емес болатын. Бұл хабар мазмұны ел ішінде кең көлемде талқыланып жатты. «Сенің көрмейтінің жоқ екен?» дегендей басшылар тарапынан реніштер де болмай қалмады. Бұл бағдарлама республикалық телеарнадан да көрсетілді. Сөйтіп, осы мәселе облыстық партия комитетінің бюросында арнайы қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Көп ұзамай сол балалар үйі толықтай жөндеуден өткізіліп, талапқа сай жабдықталып, сәбилер жағдайы жақсарды. 1994 жылы сол бөбектер үйі Шевченко қаласына ауыстырып, бөбектер тұрақты қамқорлыққа алынды.
Сұлушаш апай телеарнадан Таушық ауылында тұратын егде азаматтың үйі өртеніп, баспанасыз қалғандығын көрсетті. Өзгелерден қамқорлық көрмеген әлгі кісі апайға шағымын айтып келген болатын. Экранда оның жадау жағдайы әсерлі бейнеленді. Сол бағдарламадан соң оған ел болып көмектесіп, үйі жөнделіп, тұрмыстық жабдықтар алып берілді. Әлгі азаматтың Сұлушаш апайға айтар алғысы шексіз болды.
Апайдың «Жан дауысы» деген хабары қалада үйсіз – күйсіз, ауыр күйге ұшырап, көшеде қаңғып қалған отбасының аянышты тұрмысын қозғады. Кейін, ол отбасыға да ел көмегі тиіп, олардың тұрмыс жағдайы жақсарды.
Бұлар – тележурналистік мамандығын ұтымды пайдаланып, елге шарпағаты тиген Сұлушаш апайдың қайсыбір қамқорлықтары ғана.
Сұлушаш Молдажанқызын – қоғам қайраткері деуге тұрарлық тұлға. Ол сонау 90 – жылдары біртуар азамат, қоғам қайраткері Сайын Шапағатов құрған «Парасат» қоғамдық қозғалысының белсенді мүшесі бола жүріп, ондағы әйелдер ісін басқарды. Ол кезде бәрі де «тұңғыш» болатын. Шевченко қаласында тұңғыш қазақ мектебінің, балабақшаның ашылуы, Наурыз тойын өткізу, тіл мерекесі, мұсылман әйелдер кеші, киелі орындарға сенбілік, жол салу, тағы да басқа сан алуан шараларға Сұлушаш апай белсене араласып жүрді.
Отағасы, төрт баласы бар апай сол кезде телеарналағы аға редакторлық қызметінен өзге кәсіподақ комитетінің төрайымы, «Қазақ тілі» қоғамының алқа мүшесі, тағы да басқа қоғамдық істердің басында болды. Соның бәріне уақытты қайдан тапқанына қайран қаласыз.
Ол халқын өз отбасындай сезінді. Бір жерде үй тігіліп, адамды соңғы сапарға шығарып жатқанын көрсе, танысын – танымасын сол үйге кіріп, көңіл айтып, қайғысын бөлісті. Бұл да оның имандылығының бір белгісі болатын.
Сұлушаш апа «Ғибрат» деп атап өмірнамалық кітабын шығарған. Онда оның өмірден алған ғибраттары әсерлі баяндалған. Оның өзі де – Ғибратты Ана! Ол – «Телевизия және радио ісінің үздігі», «Еңбек ардагері» тағы да басқа мақтау марапаттар иегері.
Бүгінде Сұлушаш Молдажанқызы Алматыда тұрады. Апай сонда көшіп кеткенде оның Маңғыстаудағы орны ойсырап қалғандай болған. Аллаға шүкір, ұрпақтары Алматыда апайдың 80 жасын тойлағалы жатыр екен. Әрине, оның әулетінің ақжарма қуанышына біз де ортақпыз.
«Қазақтың Қабиболласы» атанған, көрнекті әдебиетші ғалым – Қабиболла Сыдиықұлының «Сұлушашқа» деп аталған мына өлең жолдары еске оралды.
Қара дауыл қайыстырмас қайсарды, Бұлт ашылса жалғасады жыр әні. Сен – елімнің мәрт азамат қызы едің, Сенің бағаң елден ерек шырағым. Бұл өмірдің көрдің талай дауылын, Қайғының да тарттың біраз ауырын. Бұлт та, нұр да, бәрі – бәрі өткінші, Ендігі күн ашық болсын, бауырым!Қожа – Ахмет ДЕМЕУБЕРГЕНҰЛЫ, Қазақстанның құрметті журналисі