©
Зәкария Сағындықұлы! Бұл есімді біреу біледі, біреу білмейді. Білетіні – зарлы, шерлі ақынның өмірі, өлеңі. Білмейтіні – замана салған уақыт қатыгездігі артында шаң қалдырып шауып өткен тұлпар ғұмырдың ізін көмескілеп барады. Атырау, Маңғыстау өңіріне аты шыққан, нақақ жала мен қуғын-сүргіннің құрбандарының бірі, көзден кетіп, көңілден көмескілене бастаған – ақын Зәкария Сағындықұлының туғанына биыл 125 жыл толғалы отыр.
Міне, енді заман оңалды, заң түзелді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» үндеуінің игі ықпалы тиіп, талай көненің көзі жоқталуда. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілуде. Ұлттың бағалы құндылықтары бүгінгі күннің кәдесіне ұсынылуда. Осылайша, қуғын-сүргін құрбаны болған Зәкария сынды ерлердің күні қайта туды.
Қасиетті қазақ жері не көрмеді, не кешпеді?
Сондай қилы тағдыр кешкендердің бірі, тарихта із қалдырған, Батыс өңіріне танымал тұлға – Тобанияз Әлниязұлы еді.
Тарихқа көз салсақ, 1918 жылы тамыз айында Маңғыстауға, Қараған түбегіне, Астрахань қаласынан теңіз арқылы Әліби Жангелдиннің интернационалдық отряды келіп түсті. Бұларды Тобанияз Әлниязұлы бастаған ел азаматтары қарсы алып, Бозашы түбегіне, ел ортасына апарды. Халық арасында дұрыс түсінік жасап, сол кездегі саясатқа үн қосып, Жангелдинге қолдау көрсетті. Ол өз тарапынан ел арасында үкіметтің бастамасы мен жақсы мақсаты жөнінде түсінік берді.
Сөйтіп, Әліби Жангелдин бастаған белсенді топ Қаратөбе, Мәстек жерінде адай елінің съезін ашып, Маңғыстау революциялық комитетін құрып, оның төрағалығына Тобанияз Әлниязұлын сайлаған болатын.
Осы кезеңде Тобанияздың төңірегіне елдің небір талантты, үлгілі азаматтары топтасты. Жаңа үкіметті қолдап, оның үгітіне сенім артып, ел үшін жер үшін адалдықпен еңбек етуге кірісті. Соның бірі – Тұрниязов Зәкария болды.
Зәкария Сағындықұлы Тұрниязов 1893 жылы бұрынғы Ақтөбе округінің 14-ауылында дүниеге келген. Оның ата тегі: Адай – Құдайке – Қосай – Тіней – Арық – Құдайберген – Бекболат – Сары – Жанаман – Тұрнияз – Сағындық – Зәкария болып тарайды. Қарапайым халыққа, қалың Алашқа қайыры тиген атақты Қалнияз, Жұбан есімді сақи байлар – Зәкариямен немере туысқан. Жұбанның баласы Шам, Талпақтың аты ел аузында Зәкариямен бірге айтылуы да сондықтан болар.
Жастық шағы Жем, Ойыл, Қиыл бойларында табиғаттың тал құшағында әлдилеумен өтсе керек. Жасынан Махамбеттің отты жырларын санасына құйып, Ақтан, Қашаған сынды ақындардың ақындық дәстүрлерінен үлгі алған Зәкария өз жанынан да өлеңдер шығарған.
Ақынның азаматтық атқа мінген шағы ақтар мен қызылдар арсындағы күрес дәуіріне дөп келді. ХХ ғасырдың басындағы аласапыран оқиғаларда ол халық мүддесіне тиімді жолдарды таңдады. Қазан төңкерісінен кейін де өмірі мен күш-жігерін елді қоныстандыруға жұмсап, Ойыл бойындағы Сулы көл, Наршөккен, Қоғалыкөл, Қоңырсай сияқты елді мекендерде елдің отырықшылануына ықпал етті. Алайда халқын ойлаған ақынды қақбайлаушылар, күншілдер, қаскөйлер көбейді.
Дәл осы кезең, Қазақстанда голощекиндік саясат атқа мініп, қызылдасу науқаны барынша қызып тұр еді.
«Адай көтерілісі» деген атқа ие болған халықтық дүрбелең Маңғыстау тарихының бір қаралы беті болып жазылып қалды.
«Адай көтерілісі» – жабық тақырыпқа айналды.
Қысы-жазы малын аяқтай жайып, қора салу, пішен дайындау дегенді білмей келген, табиғатпен біте қайнасып өскен көшпелі елді тұсаулаған отырықшыландыру саясаты; түрліше аудандастырудан туындаған әуре-сарсаң; Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшесі Шәбден Ералиевтің өліміне байланысты аласат; Құрмаш Қосжановтың «барымташы тобының» үкімет құрығына ілінуі, Тобанияздың «контрревоюционер» тобының «әшкереленіп», жазаға тартылуы; тәркілеу; салық саясатының келең сіздіктері; 1931 жылғы дүрбелең, т.б. оқиғалардың бәрі – Маңғыстауға бас-аяғы 34 жыл ішінде келген алабүлік болды.
Осы кезді дана Әбіш Кекілбаев былай сипаттайды: «Бұл – Маңғыстау өңірінің халқы үшін «малы мен дәулеті түгілі, ақылы мен әулетінің қайда қалғанын білмей қалған кез болды».
1926-1927 жылдар кезінде көзі ашық, көкірегі ояу ақын Зәкария Көкжар мен Миялы арасындағы шұрайлы жер «Аққұдықтан» «кооператив» ашпақшы болады. Бұған жергілікті дәулетті адамдар араласады. Яғни олар «Аққұдықты» өз пайдасына жаратуды көздейді. Даудың соңы келіспеушілік кесірге ұласып, Зәкарияны «байдың баласы, әлі байлықты, феодалдықты көздейді» деп қаралап, үкіметке шағым түсіреді.
Сөйтіп, «ескі өмірді аңсаушы, жаңа заманға жат адам» деген жаламен ақын Ойыл түрмесіне қамалады. Мал-мүлкі тәркіленіп, 1928 жылдан 1930 жылға дейін жаза кесіліп, түрмеге жабылады.
Зәкария ақын түрмеде отырған кездерінде қадірлес досы Мамай Салғараұлына өлеңмен хат жазып, көлемді толғау жолдаған. Қозғалып отырған тақырыптың мәнін аша түсу үшін аталған толғауды толық келтіргенді жөн көрдік:
«Адамзаттың баласы – Арманы болмас дүниеде Алласы болса Панасы. Жақсылар аттан жығылса,– Жаманның қанар табасы! Түрмеге салған біздерді Сәл нәрсенің жаласы. Орынсыз қуған дұшпандар Көңілінің болып аласы. Өтірік жала жаптырды Атасыз иттің баласы! Жазықсыз іске шатаған, «Жауыз» деп бізді атаған Қазақстанның «ағасы». Анығын ашпай қылмыстың, Түрмеге тығып қамаған. Газетке басып әйгілеп, Жер-жерге хабар тараған. Центрден келді тергеуші, Бір жеті өтпей арадан. Бұзықтың сөзі «шын» болды, Болса да нақақ жаладан. Жүректі езген ауыр дерт, Толтырды ішті жарадан. Қайғырды сыртта ата-ана, Күдерін үзіп баладан. Жолыға алмай кетеді, Көбіне жылап даладан. Хакімнен үміт үзілді, Сотымыз болып жаңадан. Бержағы – алты ай, жыл жарым, Аржағы – бес жыл шамадан. Бұдан артық не қылсын, Болмаса жәрдем Панадан?... Айырылып ата-анадан, Қатын менен баладан. Келген екен қорғаушы, Ақтөбе деген қаладан. Қорғаушының біреуі Қаратайұлы Бақытжан – Жасы жеткен шал адам. Тыңдамады айтқанды Дерегі қолда бар адам. Сыртым – бүтін болғанмен, Қапаланып осы күн, Ішім толды жарадан. Ажал келер бір күні, Теректей кескен көлбетіп, Жазымның сәл бір сынадан. Ажалдың түссе құрығы, Таппассың дәру емдетіп, Аумассың сөнген шырадан. Ақсұңқар құс талпынар, Баласын көрсе ұядан. Арғымақ жылқы елеурер, Қараны көріп қиядан. Көңілің көшіп қозғалса, Қайғылы болмақ, сірәдан. Біз байлаудағы мүсәпір Қуанысып қаламыз, Хал сұрай келсе бір адам. Бес-алтыдан жыл беріп, Алыс жолға айдамақ, Болмаса жәрдем Панадан... ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қызылсай қашан құрылды? ...Тұтқында ерлер ойлайды, Ойланса ойға тоймайды. Дертке толған сұм жүрек, Ерді еркіне қоймайды. Орынсыз көрген оқиға, Көңілдің шерін қозғайды. Байлауда тұрған нар тайлақ, Енесін іздеп боздайды. Сыртымнан жазған арыздар Атылған оқтай зулайды. Келгесін адам жаралып, Баянсыз пәни жалғанға-ай! Қапия талай арманда-ай! Сол арманның бірі – біз, Отыралық енді арланбай. Хазіреті Жүсіп, біз түгіл, Түскен екен торларға-ай. Күншілдіктің ісі өтті, Сол сияқты жандарға-ай. Жалғыз өзі зынданда, Бірнеше күн сандалды-ай! Тағынан тайған талайсыз, Ел билеген хандарда-ай! Не көрседі адамзат, Кеудеде шыбын жан барда-ай? Басынан бағы ауған күн, Талайлар болған арманда-ай! Мүгедек болып отырмыз Жасы жеткен шалдардай. Сәл нәрсеге алданып, Нәресте сәби балдардай. Шығайық десек тесік жоқ, Азамат ерлер дағдарды-ай! Қапаланып жатырмыз, Темір тор түрме, азбарда-ай! Қасірет-қайғы орнады, Жеті мүше ағзамда-ай! Қапталы жауыр болса да, Қайыспас жүкке қара нар. Мүсәпір қылса пендені, Аллаға нешік, шара бар? Тұтқында жатқан біздерге, Нақақтан болған жала бар. Өзекті барып өртейді, Жүрекке түскен жаралар. Аударамыз қаратас, Қайғылы болды ғазіз бас. Сарала таңнан тұрғызып, Конвойменен аламан, Бес-бесеуден жүргізіп, Кәсібі болды санаған. Жұлқын-жұлқын күн кешіп, Татар дәмі таусылып, Біткен күні сан адам, Кетіп жатыр арадан. Қайырын Алла бермесе, Боларма тілек қалаған.Сөз жазайын қорытынды, Дұшпанның көңілі бір тынды. Бір көрерлік шама жоқ, Ағайын-туған жұртымды. «Іс істелді төтен», - деп, «Төтесін тауып жетем» - деп; Келгендер бізге айтпайды: «Аяушылық етем» - деп. Сақтамаса өзі Құдайым, Қалмады ешкім паналар. Қарындас халқым күйзеліп, Аңдаған дұшпан табалар...». Бала күнімізден санамызға сіңген, жадымызда сақталған осы жырлар біздің ел азаматтарын қандай қилы замандарда да сүрінсе де құлап қалмайтындай, иілсе де сынып кетпейтіндей, мұқалмас жігер-күш сыйлап, небір тауқыметтерден аман алып шығып, болашаққа жетелеп келеді деп пайымдаймын. Зәкария жырлары – жұмбағы көп, қалтарыстары жетіп-артылатын бүгінгі кезеңде де өзінің өміршеңдігін жойған жоқ.
Осылайша кеңестік кезеңнің қудалауына ұшыраған ақын «байлауда жатқан нартайлақ, үйірін іздеп боздайды» дегеніндей қасіретті өз басынан да кешті. «Адамзаттың баласы», «Құдіреті күшті құдайым», «Адай деген ел едік», «Көлденең жатқан Маңғыстау», «Шатылу бүгін емес, бұрыннан бар» атты жырлары арқылы ерлікті, бостандықты жырлады. Өз бойына да жұбаныш, бас имес рух тіледі.
... Ойылдың біз жатырмыз түрмесінде, Құдайым не салмайды пендесіне? Тайпалған талай жүйрік, талай жорға, Заманның тап болып тұр кермесіне. Солардан жаным, тәнім артық емес, Құр бекер күйзелемін мен несіне.... Зәкария «Адай деген ел едік» деген жырында: Адай деген ел едік, Аруағы бұлттай торланған. Есепсіз дәулет қорланған. Екі талай іс болса, Бір жағын күшпен қолға алған. Батырлық, байлық, биліктен Жоқ еді жерім құр қалған, – дей келе, арғы-бергі бабалар батырлығын тілге тиек етіп, кейінге қалған рухты жырлар үнін жаңғыртады. Ерлерім өтті тұмсарған, Арлы жерге ат салып, Халық үшін терлеп, бусанған. Қазақ түгіл қалмақты Қонысынан қуып қол салған, – деп толғап, рухы мен намысын биік ұстаған аталастарының атақты адамдарын еске алып, олардың халқы үшін, елі үшін еткен ерен еңбектерін баяндайды. Зәкария ақын енді бір өлеңінде: Жүйріктен мәстек озар ма, Артқан жүк ауыр болмаса. Бұйдасын нарлар созар ма, Ақпары кеткен арнаның Алқабы құйсам толар ма. Құлпырып шыққан бәйшешек, Уақыт жетпей солар ма. Ата-анасын зарлатып, Азар берсе жасынан. Оларға оңай болар ма? Біздер түгіл кешегі Қасиеті күшті пайғамбар Қайғылы болған екен солар да, – дей келіп, «Алалы жылқы, ақтылы қой өсірген, қордалы дәулет бітіп, қоралап қонақ түсірген», қазақы қаймағы бұзылмаған өмірдің азғындағанын күйінішпен жырлайды. Ақын осындай ой-толғамдары арқылы өзінің көрген азабын, аяусыз қорлығын ұмытпақ болады. Бабалар ерлігін көңіліне медеу қылады.
Қойғаның ба, бір Алла, Түрмеден тағам татырып! – деп түрменің тар тесігінен шер жұтып, жырын аһ ұрған өкінішпен, жаратушы Алласынан медет тілеп тамамдайды.
Тас қапас, тар заман ақынды түрмелеп, қара жердің қойнына ерте аттандырса да оның жырларын құрта алмады. Орнында бар оңалар – ұрпағы өсіп-өнді, жырлары негізінен жинақталып, кітап болып басылып шықты. Жала алынып, жақсы заманның шуағы жүректерді жылытты.
Мұрағат деректері бойынша «Тұрниязов Зәкария 1930 жылдың 2 шілдесінде Ақтөбе округтік ОГПУ органдарымен тұтқындалып, ОГПУ-дың үштігінің (тройка) шешімімен 5 жылға сотталады. 1962 жылы 8 ақпанда КССР прокуратурасының шешімімен ақталған».
Сталиндік жаналғыш диірменнің оттығына түскендердің бірі – Зәкарияның інісі, 1900 жылы туған Сағындықов Бейнеу де 1932 жылдың 5 мамырында тұтқындалып, 1991 жылдың 7 наурызында ақталады. Бұл қуғын мен қызыл қырғын Зәкарияның да отбасын айналып өтпеді. Ұлы Сағындықов Хамит 1915 жылы туған 1949 жылы тұтқындалып, 1950 жылы 15 қаңтарда 12 жылға сотталады. 1997 жылдың 12 қарашасында ҚР бас прокуратурасының шешімімен ақталады.
Бұл – бір отбасының ғана басынан өткен нәубет еді. Сөйтіп, елдің белгілі азаматы Сағындықұлы Зәкарияның шаңырағы қатты шайқалды. Бұл жағдай бір отбасының ғана көрген қиямет-қайым тауқыметі болғанымен бүкіл елді шарпыды. Жазықсыз жалалы болған ел азаматтары бірінен соң бірі түрмеге тоғытылды.
Енді, міне, «елу жылда ел жаңарды», заман оңалды, Қазақстан тәуелсіз ел болып, ұлт өз бостандығын тапты. Қаралы күндер келмеске кетіп, жазықсыздар ақталды. Зәкария және оның әулеті халқымен қайта қауышты. Зәкарияның ұрпақтары Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Алматы облыстарында тұрады.
Оның бірқатар толғаулары 1992 жылы «Қапаста жазылған хаттар» жинағында жарияланды. Ақын шығармаларын жинақтап, алғысөзін жазып, баспаға дайындаған – талай асылдарымыздың мұраларын бүгінгі ұрпаққа жалғаған, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым Қабиболла Сыдиықов ағамыз болатын.
Зәкария туралы сөз болғанда, оның атбегілігі хақында да хикая көп.
Көнекөз қариялардың айтуынша, ол – шашасына шаң жұқтырмаған Шұбар атымен тарихта қалған азамат. Ескі көз қариялардың аңызы бойынша оның ат құмарлығы хақында мынадай бір әңгіме әлі күнге дейін айтылады.
«Зәкарияның нағашысы Бекше бір бәйгеден жүлдемен оралып, жолда апасына сәлем бермек оймен жиенінің үйіне соғады. Сонда Зәкария:
- Нағашы, қалағаныңды тауып берейін, маған Шұбар атыңды бер, – деп қолқалайды.
Кім жүйрігін бергісі келеді дейсің, нағашысы келіспей өз жөніне кете барады. Салы суға кеткен Зәкария үш күн бойы нәр татпай жатып алады. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» демей ме халқымыз. Үш тәуліктен бері баласының қас қабағына қарап отырған анасы:
- Құлыным, саған не болды? Бір жерің ауырып жатыр ма? Бірнеше күннен бері асқа жақындамадың ғой, - дейді.
- Шеше, менде нағашы, сізде бауыр жоқ екен, – деп шорт кеседі сонда ұлы. Мәнжаймен толық танысқан шешесі үн-түнсіз үйден шығады да, сыртта байлаулы тұрған қара жорғаға мініп алып, шаба жөнеледі. Сол шапқан күйі Жем өзені бойында қоныстанған інісінің ауылына жетіп:
- Балама Шұбар атыңды беріп, қалағаныңды ал. Болмаса, мені осы жерде өлтір, екінің бірін таңда! – дейді. Қазақтың әдебімен апасын сыйлағаны ма, әлде жиенінің назарына қаламын деп қорықты ма, інісі қайта келіп, жиеніне:
- Қойларыңның ішінен төрт жүз ісек бересің, оның екі жүзі қара, екі жүзі қызыл болсын, – деген шарт қояды. Зәкария қойларының ішінен бар болғаны жүз елу-ақ ісек шығады. Ат десе ішкен асын жерге қоятын Зәкария дереу рулас ағаларының бірі Талпақ Жұбанұлына кісі жіберіп, екі жүз елу қоспасыз ісек тауып беруін өтінеді. Талпақ лезде екі жүз елу ісек тауып, бұған айдатып жібереді. Мұндайды күтпеген нағашысы:
- Болмады, мен жеңілдім, Шұбар сенікі, – деп төрт жүз ісегін алдына салып, жиенінің атқұмарлығына таң тамаша болады. Ел аңызы бойынша, Шұбар ат – Зәкарияның пырағы болған. Қазақта серілер мал жиған ба? Осы оқиғадан кейін Зәкарияның малы азайған дейді. Соны көзімен көріп жүрген сол кездегі замандастары:
«Баласы Тұрнияздың сағыр қаққан, Айырылып, бір мың қойдан шұбар баққан», – деп жырлайды екен. Оның өзінің түрмеде отырып шығарған өлеңдерінің бірінде:«Көлденең жатқан Маңғыстау, Қар жатпайтын ой еді. Сарыарқаны жаз жайлап, Күнде қызық той еді. Сауын айтып он бестен Мыңдап сойған қой еді, – деп жыр-лай келіп, сол кездегі далалық ауыл тірлігін тамаша суретпен кестелейді. Одан ары қазақы атқұмарлықпен тұлпарларға ойысады: Жиынға жүйрік жаратып, Басын көкке қаратып. Талай қостық алқаға, Қаншырдай бұтын таралтып. Белдеуге қойдық байлатып, Арқан тағып ойнатып. Алмадай мойнын үзілтіп, Жалқұйрығын сүзілтіп. Күйіне салып шіркінді Қаңтарып талай кіжінтіп. «Қосайлап» ұран шақыртып, Сөреден сүйреп жапыртып. Мінбеген жылқы қалдырмай, Ортадан ойып олжа алдық. Көтермешіні қапылтып, Осындай көрген қызықтан, Айырды, құдай, шатылтып», – деген жолдарынан ат жаратудың болмыс-бітімі айшықталып тұр.
Осы Шұбардан басқа, тағы бір көк жүйрігі болғанын қариялар былай әңгімелейді:
Бірде Зәкария көк атын Әли Тауанның асында ошақ бәйгесіне қосып, жүлдесіне боталы түйе бұйырады. Сонда ол марқайған көңілмен: «бәйгемді ертеңгі аламан бәйгедегі бас жүлдеммен қосып бірге алармын! Бүгін тапсырып әуре болмаң дар», – дейді. Алайда айтқаны Аллаға күпірлік болды ма, ертеңінде көк ат бәйгеден екінші болып келіп, аты жан тәсілім болған екен. Қариялар мұны албырт ақынның асылығына балайды. Бәлкім, тәңірі оның кейінгі өмірінің мысалы ретінде де осындай бір оқиғаны орайластырды ма екен, кім білсін!?
Ат бәйгесінде Зәкария өмірінің салсерілік, жомарттық танытқан сәттері де көп болған деседі. Бірде Жұбанның ұлы Шамның қыз ұзату тойында аламан бәйгенің жүлдесіне 50 жылқы тігіледі. Аты бас жүлдені алған Зәкария 50 жылқыны тойға шашуым деп ошақ басына тастап кеткен екен. Құдай табиғатынан дарын берген ақынның бұл сақилығы жеке дара бір жағдай емес, ірі турайтын мырзалығы талай мәрте кезіккен деседі.
Демек, Зәкария Сағындықұлының ақындығымен қоса, жүйрік атымен де, атбегілік өнерімен де тарихта есімі қалғаны мәлім.
Зәкарияның жырлары халық ішіне кеңінен тарады. Түрмеде отырған шағында да тоқтамай өлеңдер жазды. Сондай жазбалардың бір тобын иманды түрме күзетшілері жасырын түрде артынан барған інісі Бейнеудің қолына табыстайды. Өкінішке қарай, Бейнеу аталған өлеңдерді жаяу-жалпылап, еліне оралып келе жатқан сапарында абайсызда жоғалтып алады. Сөйтіп, бүгінгі оқырманның кәдесіне ұсынылған Зәкария жырлары - жады жомарт жыршылар мен ізгі жандар арқылы ғана бізге жеткен нұсқалары болды.
Зәкарияның соңғы өмірі жайында, жазалау лагерінен Әулие-атаға, одан әрі Түрікменстанның Шаржоу қалаларына жер аударылғаны айтылады. Інісі Бейнеудің айтуы бойынша ақын 1933 жылы емдеу орнында қаза болған екен. Бейнеу ағасын өз қолымен жерлеп, топырақ салған, оған мына сөзі дәлел:
Түрікменстан жерінде, Шаржаудың асқар белінде. Қырықта тұрған жасында, Ажалы жетіп өлулі, Арманым жоқ, Аллаға, Қолымнан өзім көмулі...Бейнеудің дерегі бойынша Зәкария 1933 жылы 40 жасында қайтыс болса, 1893 жылы туғандығы анық деген сөз.
Ақын Әмударияның Шаржау көпірінің тұсындағы Фарап атты елді мекендегі қазақ ауылдарына жақын «Қожадәулет» деп аталатын зиратта жерленіпті.
Бүгінгі ұрпақ жазықсыз жалалы болған азаматтарды ақтап, тәуелсіздіктің еркін желімен қанаттанған абзал азаматтар мен тұлғалардың есімдерін ардақтап, еңбектерін бағалауда белгілі қадамдар жасады. Қызылқоға ауданында бір гектар жерді бөліп, «Зәкария паркі» салынды, ескерткіш қойылды. Ол туралы кітаптар, мақалалар жазылып, ақынның еңбектері жарияланды.
Сөзімізді түйіндер болсақ, Қазақстандағы голощекиннің «Кіші Октябрінен» жазықсыз зардап шеккен аяулы ақын Зәкария Сағындықұлы қысқа ғана ғұмырында артына аққан жұлдыздай із қалдырып, ұлт рухына, поэзиясына өзіндік үлесін қосып кетті. Қуғынсүргін құрбандарын еске алу, ерлерді жоқтау, олардың үлгіөнегесі мен рухын ұрпақ бойына сіңіру – бүгінгі күннің қажеттілігі болып табылады.
Азат елдің аспанында Зәкария сынды ерлердің рухы қыран құстай қалықтай береді!
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор