©
Қазір Ақтау қаласында балабақшаға 3-6 жас аралығында кезекте тұрған 2 300 бүлдіршін бар. Бұл туралы журналистерге арналған брифингте Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Төлебаева айтты.
"Қазір 3-6 жас аралығында балабақшаға кезекте тұрған 2300 бала бар. Бүгінгі таңда олардың 50 пайызы мектепке кеткен балалардың орнына қабылданды. Қалған балаларды Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін 100 % балабақшамен қамтуды көздеп отырмыз. Себебі жұмысбасты болғандықтан, ата-аналардың көпшілігі балалардың қыркүйекке дейін балабақшада қалуын қалады. Сондықтан балабақшаға екінші қабылдау қыркүйек айында жүргізіледі", - деді қаланың бас педагогы.
Білім бөлімі басшысы Светлана Төлебаеваның айтуынша мектепке дейінгі ұйымдардың көбеюінде жекеменшік балабақшалардың да үлесі бар. Сондықтан ақтаулық бүлдіршіндер толығымен балабақшамен қамтылады.
«Қазір шаһарда 34 мемлекеттік, 39 жекеменшік балабақша бар. Оған қоса салынатын тұрғын үйлердің бірінші қабатын балабақшаға икемдеу жұмыстары жүріп жатыр. Соның есебінен биыл тағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмімен 4 балабақша іске қосылады (екеуі – 280 орындық, екеуі – 320 орындық)», - деді Светлана Төлебаева.
"Қалада балаларды 3 жасқа дейін жекеменшік балабақшаға беріп, сосын 3 жасқа келгенде мемлекеттік балабақшаға ауыстыру үрдісі бар. Неліктен олай? Жекеменшік балабақша басшылары неге бұлай екенін ойлануы тиіс. Бізге жекеменшік балабақшалар мемлекеттік ұйым жоқ жерлерге керек. Біз қазіргі таңда 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамтуда жекеменшік балабақшалардың көбеюіне мүдделіміз", - деді брифингке қатысқан Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова.
Сондай-ақ "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында мектепке дейінгі ұйымға жолдама алу электронды жүйеге көшпек. Енді ата-аналар мектепке дейінгі ұйымға жолданатын балалардың жолдамасын электронды түрде алу мүмкіндігіне ие болады
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Фотоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН,
Көрнекі сурет айттың архивінен