©
Туған топырағанынан шалғайда жүріп майданға аттанған Днепр өзенінен өтерде ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алған қаһарман жерлесіміз Жұмағали Қалдықараев жерленген жердің бір уыс топырағы Ақкетіктегі майданнан оралмаған боздақтарды еске алуға арналған ескерткіш маңына қойылды.
Ж.Қалдығараев 1922 жылы Маңғыстаудың Қызылсу деген жерінде (Шопан-Ата қауымының маңы) туған. Жұмағали көшпелі Адай ауылында дүниеге келген. ХХ ғасырдың 20-жылдары Кеңестер Одағына, оның құрамына кіретін қазақ даласына да үлкен өзгерістер алып келгені белгілі. Кеңес үкіметінің солақай саясаты, яғни күштеп ұжымдастыру, отырық шылыққа үйрету жұмыстарымен айналысты. Осын дай ел ішінде зорлық-зомбылық, күш көрсетулер белең ала бастаған шақта Маңғыстаудың Қара ойындағы ата қоныстарынан Ақпан руының ауылдары да көшкен болатын. Қазіргі Шопан-Ата бейітіндегі Ақпандардың қауымы олардың осы өңірде мекен еткенін дәлелдейді. Бұл негізінен 1927-1930 жылдар кезі болатын. Бұл уақытта Маңғыстау тұрғындары кеңес саясатының ықпалын анық сезе бастағанды. Әрі сол жылдардағы жұт пен ашаршылықта талайлардың тағдырын тәлкекке түсіргені анық. Ақпан ауылының қарақалпақ жеріне қоныс аударуының осындай тарихи-әлеуметтік себебі бар. Олардың тұрақ тапқан жерін қазірге дейін Ақпан ауылы деп атайды. Жұмағали да осы ауылда алғаш мектеп есігін ашып, балалық бал дәуренін осында өткізген. 1939 жылы Қалдықара жанұясы тұрмысын түзеу мақсатында көршілес Ташауыз облысының Калинин ауданына қоныс аударады. Жұмағали сол колхозда тракторшы болып жұмыс істеген. Соғыс қарсаңында «Қызыл Армия жылқылары» деген атпен елден жылқы жиналғанын архив құжаттары айғақтайды. Колхоздың қызыл әскерге деп жинаған жылқыларын Чаржоу қаласына айдап апарып, пойызға жүктеп жіберуді колхоз басқармасы еті тірі, елгезек жігіт Жұмағалиға тапсырған. Жұмағали осы тапсырманы орындап, Чаржоу қаласында жүрген кезде соғыс басталғаны жөнінде хабар естиді. Сол жерде жасақталып жатқан әскери құрама командирі жылқыларды вагондарға жүктеп, Орал қаласына дейін жеткізіп салуды Жұмағалидің өзіне тапсырады. Сөйтіп тапсырманы орындауға аттанған Жұмағали жылқыларымен бірге майдан шебінен бір шығады. Сол жерде әскерге алынып, бір жарым ай соғыс өнеріне машықтанады да, танкке қарсы оқ ататын 7-ші гвардиялық дивизионда қызмет етіп, соғыстың алғашқы айларындаақ жаумен бетпе-бет айқастарға қатынасады. Өзіне тапсырылған жауынгерлік шеберлікті жақсы меңгеріп, әлденеше рет қарулас достарының, командирінің алғыстарына бөленеді. Кеңес әскері жаудың бетін қайтарып, майдан даласында үлкен бетбұрыс жасап жатқан кезде Жұмағали талай ауыр шайқастарды бастан өткізген жауынгер еді.
1943 жылдың күзінде біздің әскерлер Днепр өзеніне маңдай тірейді. 26-27 қыркүйекте батыр ағамыз Днепр өзеніне алғашқылардың бірі болып арғы бетке өтті. Өзеннің оң жағасына өткен бойдаақ жау окоптарына граната жаудырып, бүкіл полктің алға жылжуына, Днепрден өтуіне жағдай туғызды. Жұмағалидің бір өзі жаудың тынбай оқ жаудырып, жатқан отты ошақтарының үнін өшірген, жау окоптарында қолма-қол айқасқа түсіп, басқыншылардың бірнешеуін жер жастандырған. Осындай ерліктері үшін Ж.Қалдықараев Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Жұмағали Қалдықараевтің ерлік істері жайында Кеңес Одағының Батыры, гвардия старшинасы А.Сазанов «В бой, кавалеристы!» атты майдандық газетке мақала жазып, былай деп әңгімелейді: «Танктермен айқасқа түскен бір ұрыста Жұмағали менің ойымда болатын. Ол соғыс қаруын шебер меңгерген атқыш еді. Қаптап келе жатқан жау танкілерінен тайсалмай, ұрыста 6 танкіні бір өзі жойып жіберді. Менің жауынгер жолдасым Жұмағали орысшаны оншалықты біле бермейтін, бірақ жау танкілерінің әкесін танытатын ер жігіт» деген болатын. КСРО Жоғары Кеңесінің Төралқасының 1944 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен Жұмағали Қалдықараевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал қаңтардың 26-сы күні батыр жерлесіміз Белоруссияның Мозырь қаласындағы бауырластар зиратына жерленген. 2002 жылы Бейнеу ауданында батыр атына мектеп берілді. Бейнеу ауданындағы аудандық мұражайдың жанында 2005 жылдың көктемінде Отан қорғау жолында құрбан болған боздақтарға және Жұмағали ағамызға арнап ескерткіш қойылды. Бұл батырлар Кеңес Одағының солақай саясатының салқын ызғарлы ықпалымен елден еріксіз кетсе де, ел басына күн туғанда ортақ Отан үшін жанын пида етерліктей ерлік көрсетіп, барлық өкпе-назды ұмытты. Бұл – қазақтың қанында бар намыс қойлықтың, ұлттық патриотизмнің белгісінің айқын көрінісі.
Жұмағали Қалдықараев атында Түпқараған ауданында жылда облыстық жасөспірімдер арасында дзюдодан спорттық турнир ұйымдастырылады. Сондай шараның бірінде ауданымыз Түпқарағанға келген ағаның тумаластары, Белоруссиядан алынған батыр жерленген жердің топырағын осында әкеліп, аудан әкімінің орынбасары Т.Алтынғалиевке табыстаған екен. Туған жерге әкелінген батыр топырағын 31 мамыр қуғын-сүргін құрбандары еске алу күні майданнан оралмаған боздақтарды еске алуға арналған ескерткіш маңына аудандық мешіттің имамы Опа Жүсіп құран оқып қойды. Сондай-ақ аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері батыр өмірі жайлы мағлұмат айтып, кітапханашы Айгүл Ғұмар Жұмағали батырдың ерлік жолы жайлы баяндама жасады. Е.Өмірбаев атындағы мектептің 5-сынып оқушысы Бердібек Сәрсенов соғыстан қайтпаған солдаттар туралы жыр оқыды.
Жадыра ЖОЛДАСОВА
Сурет сайттың архивінен