Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жасыл ел» бағдарламасы жайлы «Ол – жәй ғана экологиялық шара емес. Терең мәні бар, маңызы бар дүние. «Жасыл ел» дегеніміз – Мәңгілік ел дегеніміз. Біз елімізді жапырағы қурамайтын, тамыры суалмайтын, көрген жан тамсанбай тұралмайтын мәңгілік жасыл елге айналдыруымыз керек. Кейінгі ұрпаққа желде ық, суықта пана, ыстықта сая болатын мәңгілік бәйтерек тұрпатты жасыл елді табыстауымыз керек» деген болатын. Мемлекет басшысының бастамасымен 2005 жылы құрылған «Жасыл ел» республикалық бағдарламасы биыл он төртінші жыл өз маусымын жалғастыруда. Бұл бағдарлама еліміздің түкпір-түкпірінде қолдауға ие болып, жүйелі жұмыстар іске асырылып жатыр. Сондай-ақ оған еліміздің жастары үлкен қолдау білдіруде. Жастарға идеологиялық білім беріп, оларды еңбексүйгіштікке, патриоттыққа, жинақылық пен тазалыққа тәрбиелейтін ел бағдарламасының өскелең ұрпақ үшін маңызы зор болып қалмақ. Бұл бағдарламаға жаңаөзендік жастарда үн қосуда.
- Біздің қаламызда «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасына 125-тен екі кезеңде 250 бала қамтылып отыр, - дейді Жаңаөзен қалалық ресурстық орталығының бас маманы, «Жасыл ел» бағдарламасының Жаңаөзен қаласы бойынша жауапты маманы Мөлдір Тұрғанбайқызы. – Оған бірінші кезекте аз қамтылған, көп балалы, мүжәлсіз отбасыларының балалары мен жетім балаларды қамтып отырмыз. Осы бағдарлама аясында жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру үшін қаламызды көгалдандыруға атсалысуды ұйымдастырамыз. Еңбекке тәрбиелене отырып олардың қоғамға деген оң көзқарастарының қалыптасуына ықпал етеді. Оған 15 жастан жоғары жастарды қабылдаймыз. Арасында мектеп оқушылары мен студент жастар да кездеседі. Бұл 15 маусымнан 15 шілдеге дейін және 15 шілдеден 15 тамызға дейін екі кезеңге бөлініп жүргізіледі. Бірінші кезеңге жиналған балаларға арнаулы киімдер берілді. Демек бүгіннен бастап жұмысқа шығады. Ол үшін біздер Теңге, Қызылсай, Рахат ауылдарының әкімдіктерімен келісімшарт жасасқанбыз. Қалада тұратындар үшін «Өзенинвест» МКК басшылығымен келісімшартымыз бар. Әркім тұрғын үйлерінің тіркелулеріне қарай, яғни мекенжайларына байланысты үйлеріне жақын ауыл-қалаға барады. Ал Рахат ауылындағы «Рахат» шағынауданы мен «Арай» шағынаудандарында тұратындар қалаға барып еңбек етеді. Ауыл әкімдіктері мен «Өзенинсвест» мекемесі тарапынан жастарға жауапты мамандар бекітіледі. Олар тиісті тапсырма біріп, істеген жұмыстарын қадағалап, жастарға жағдай жасайды. Топ-топқа бөлініп ауыл-қалада еңбек жасақтарына бөлінген жастарды оқтын-оқтын өздеріміз де барып бақылап отырамыз. Егілген ағаштардың түптерін әктеп, егіндерді суару жұмыстарына қатысады. Балалардың барлық құқықтары сақтала отырып, күніге төрт сағаттық жұмыстар ұйымдастырылады. Негізінде «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарлама болғандықтан оған қатысуға ниет білдірген балалар қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы келеді. Ал біздер тарапынан оларға 35 мың теңге төңірегінде жалақы беріледі. Сөйтіп жаңа оқу жылы басталғанша ата-аналарына көмектесіп, киім-кешектері мен оқу құралдарына аз да болса қаржы табуға мүмкіндік жасалады. Біздер алдағы уақытта тек ғана жұмыспен қамтудан басқа да шараларды жасауды жоспарлап отырмыз. Мысалы, мамандар бар, әртүрлі тренингтер өткізіп тұрамыз. Жыл сайын жастардың арасына барып нашақорлық туралы, экстремизмге, терроризмге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу жоспарымызда бар.
Осы «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасына байланысты жастар жасақтарының жаңа маусымы Жаңаөзенде салтанатты түрде ашылды. Оған осы бағдарлама аясында жасалатын іс-шаралар мен істелетін жұмыстарға қатысуға ниет білдірген қыз-жігіттер келді. Осынау салтанатты ашық деп жариялаған Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Сәнім Танаева жиналған жастарды құттықтап, алдағы істеріне сәттілік тіледі. Одан кейін қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Бекмағанбетов, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Муса Қожабековтер шығып сөйлеп, өз өмірлері, тәжірибелері жәйлі айта келіп, жастарды еңбек етуге, Отанды сүйетін нағыз патриот болуға шақырды.
Аталмыш жаңа маусымның ашылу салтанаты қысқа концерттік бағдарламамен аяқталды. Жастар белгіленген бағыттарына қарай бет алды.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН, Суретті түсірген автор