Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады. Маңғыстау аудан тұрғындары Қасиетті Рамазанда ауыз бекітіп, шарапаты мол айда жасалған ізгі іс-шараларға атсалысты, мешітте ауызашар мен қайырымдылық акциялар күн суытпай өтіп тұрды. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді. Сауабы теңдессіз осынау жақсы істерге үлес қосқан жамағат бүгін аудандық мешітте өткен ораза айт мейрамына жиналды. Таңғы сағат жетіде айт намазы оқылып, мұсылман парызы, әдебі туралы уағыз айтылды. Мерекемен құттықтаған Маңғыстау аудандық мешіттің бас имамы Қ.Амалбаев:
«Құрметті мұсылман бауырлар, қадірменді Маңғыстау ауданы тұрғындары сіздерді барша мұсылмандардың ұлық мерекесі болған, қасиетті ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мінеки, аман-есен биылғы жылғы ораза айт мерекесіне жетіп отырмыз! Айт-араб тілінде "мейрам" деген мағынаны білдіреді. Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, "Айт құтты болсын" айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешіріскені жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйласымдықтарын барынша арттырады. Қасиетті Рамазан айында тұтқан оразаларыңызды, тілеген тілек-дұғаларыңызды, берген пітір садақаларыңызбен ауыз ашарларыңызды Алла тағала қабыл еткей! Ораза айт баршамызға құтты, берекелі болғай!»,- деп жиналғандарға ақ тілегін арнады.
[embed]https://youtu.be/zstl6VDJMkU[/embed]Көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылған қой көтеру, кір тасын көтеру, қол күрес, арқан тарту сынды спорттық шараларға барша жамағат белсенді қатысты
А.РАХМЕТОВА