©
Қызылсай – Жаңаөзеннің қарашаңырағы. Өзен геологтары мен барлаушыларының, бұрғышылары мен мұнайшыларының алғашқы легі осы Қызылсайға табан тіреп, қоныстанған. Олар жерді қазып, ішін таспен қалап, жерден сәл көтеріп, төбесін шошайта бастырып, баспаналап тұрған. Яғни, алғашқы жертөлөлелер олардың тұрғын үйі болған.
Әрине, ол кездегі жертөлелерде қазіргідей электр энергиясы, табиғи газ дегендер болмаған. Жарығы – үштік шам, яғни керосин құйып білтемен жағатын кәдімгі шыра. Отыны – малдың қиы мен тезегі. Қазаны сонымен қайнап, күнделікті ыстық тамағы сонымен пісіп, үйі де сонымен жылитын. Сонда да тұрғындарының жүзі жарқын, бір-біріне бауырмал, өте қайырымды, пейілдері кең болған. Қазіргі кейбір жастар түгілі жасамыстары сияқты бақай есеппен кісіні алдасам, бірдеңесін жырып кетсем, қасірет-жапа шектірсем деп қарабасының қамын ойлап тұрмайды. Ол кездегі Қызылсай тұрғындары қарттар мен кемтар жандарға қол ұшын созып, сауапты істерден бойтасаламай, адамгершілік жасауға құлшынып тұратын. Сондықтан халықтың ықылас-пейіліне, ынта-жігеріне, талап-талғамына риза болған Жаратқан иеміз өз пенделерін жарылқап, несібесін қатпар-қатпар қара жердің қойнауынан «қара алтын» байлығын сыйлап, елдің, жердің атағын шығарып, абыройын асқататып, халықтың бақытының бастамашысы болған шығар. Сол үшін Қызылсай – «қара алтын» байлығының кіндігі, Жаңаөзен қаласының қарашаңырағы болып саналады және солай болып қала береді.
Осы Қызылсай ауылы туралы, оның ауыл болып құрылып, қашан қалыптасқаны жөнінде ел арасында талас-тартыс болмағанымен, екіұдай пікір бар. Біреулер Қызылсай ауылын 1958 жылы құрылды десе, екінші біреулер 1959 жылы құрылды деп жүр. Ресми деректерге жүгінуге қалалық мұрағаттық материалдар берегіректе, яғни 1985 жылы жинақталыпты. Онда сонау алпысыншы жылдардың басында Өзен поселкесінің құрылуынан басталады. Одан әрідегі ресми деректерді табу мүмкін болмай тұр. Сондықтан кімде-кім ауылдың алғашқы тұрғындары айтқан естелік-әңгімелерге сүйенуге мәжбүр болады. Біз де солаймыз.
Жалпы ауыл болсын, қала болсын бірден пайда болып, қалыптаспайды. Ол – мүмкін де емес. Оның үстіне Қызылсай бір түп тал-терегі түгіл бұтасы жоқ тақыр далада пайда болған ауыл. Жан-жақтан келген геолог, барлаушы, бұрғышы, мұнайшы сияқты өндіріс адамдары мен мамандары жиналып, бас құрап, шаңырақ көтеріп, жаңа өмір бастап, ғұмыр кешкен ордасы. Сондықтан оған әуелі мекендейтін тұрғындар жиналуы керек. Кенорындарға қажетті ауыр және жеңіл техникалар алынуы қажет. Осылар болғаннан кейін ауыл әлде поселке статусы беріліп, стратегиялық жоспарлар жасалуы шарт. Осынау стратегиялық жоспарларға негізделіп тұрғындар үшін емдеу орыны, мектеп, балабақша, клуб, (мәдениет үйі демей-ақ қоялық), халықтың тұрмыс қажетін өтеу комбинаты, монша сияқты әлеуметтік нысандар мен басқарушы органдар үшін қызметтік ғимараттар (кеңсе) құжаттастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізіле бастайды. Тіпті электр желілерін тарту үшін де тиісті құжаттар жасалуы міндетті. Мұндай жұмыстарды жүргізуге, яғни жасалатын құжаттарды рәсімдеу үшін сол елдімекеннің ресми атауы, мөрі сол ауылды басқаратын заңды тұлғалары болуы шарт. Сол үшін ауыл болсын, поселке болсын оның ашылып, әбден қалыптасуы үшін бір-екі емес, бірнеше жылдың өзі жеткіліксіз болуы да ғажап емес. Құрылған жалғыз мектеп немесе аурухана сияқты әлеуметтік нысандардың ашылуымен есептесек әрине елдімекен тарихының тар шеңберде қалып қоятыны белгілі.
Жалпы Өзен кенорнының жерасты байлықтарын барлау жұмыстары 1951 жылы басталып, 1961 жылы мұнай бұрқағы атқылағанша қызу қарқынмен жалғасыпты. Сол алғашқы барлаушы, геолог, бұрғышылар Қызылсайда тұрмай, қайда тұрды дейсіз? Күнделікті Атыраудан қатынап жұмыс жасамаған шығар. Мысал керек десеңіз келтірелік. Қолымызда мынадай деректер отыр. «Мұнайгаз барлаушы Қамысбай Мырзағалиевтың ауызша айтқан дерегі бойынша бұрғышы Тасмұратов Нұржау 1951 жылдан 1961 жылға дейін осы салада қызмет еткен. Ол барлаушылар бастығы А.Анисимов, Ожақай Бегалиев, Валентин Токарев, Қамысбай Мырзағалиевпен бірге жүріп, үнемі жол көрсеткен адам. Нұржау Тасмұратов өмірден ерте кеткесін оның еңбегі еленбей қалған. Тіпті еңбектері айтылған да жоқ. Себебі қазақ «Көзден кетсе, көңілден де кетеді» дейді. Маңғыстаудың халқын жұмысқа тартып, ең бірінші барлаушылардың бастығымен кездестірген де осы – Нұржау Тасмұратов. Бозашы түбегіндегі Ақшымырау, Қызан, Қошақ, Түпқараған түбегіндегі Түбіжік, Қошанай, Маңғыстау түбегінің оңтүстік бөлігі – Жетібай, Өзен, Тасбас жерлеріне біздерді апарған да – Нұржау Тасмұратов. Ол бастауыш орыс сыныбын бітірген. Сондықтан орыс тіліне де жүйрік, таза сөйлеп, сауатты жаза білетін. Сол үшін оны А.Анисимов пен Валентин Токарев қасынан тастамайтын болған. Сондай-ақ ол кәсіподақ ұйымының төрағасы да болған. Жұмысшылардың өтініш, тілек, арыз, шағымдарын да орыс тілінде жазып, көмек беріп отырған. Н.Тасмұратов 1971 жылы 3 наурызда қайтыс болған» деседі. Бұл – бір.
Екіншіден, мен 2003 жылы 4 желтоқсанда «Жертөледен жетілген мектеп немесе Қызылсайдағы Қарашаңыраққа 45 жыл» атты очерк жазғанмын. Сол очерктің «Сая апайдың сыры» атты бөлімінде Қызылсай ауылындағы Сүгір Бегендікұлы атындағы №4 орта мектептің тұңғыш мұғалимасы Жұмажан (Сая) Аққұлиева және оның өмірлік жолдасы Нәсіпқали Алмағанбетовтермен әңгімелесе отырып тарихтың өткен күндеріне шолу жасағанбыз.
«...Жалпы Сая апай жеті жылдық мектепті бітіріп, Гурьев (қазіргі Атырау) педагогикалық училищесіне оқуға түсіпті. Бұл 1953 жыл болатын. Училищені бітіруге бір жыл қалғанда Нәсіпқали Алмағанбетовпен тұрмыс құрыпты. Оқуды бітіргесін екі жас маманға Маңғыстауға жолдама беріліпті. Бұл 1958 жылдың басы кезеңі екен. Сол жылдың ерте көктемінде Нәкең Таушықтан Бозашыға қарай кеткен жолдың елуінші шақырымындағы «Қошақ» бұрғылау алаңында моторист болып жұмыс бастайды. Көп ұзамай бұлар Ескі өзенге, яғни қазіргі Қызылсайға қоныс аударады.
- Ол уақыт найқалып-жайқалып, ырғалып-жырғалып, үлде мен бүлдеге оранып жүретін кез емес, - дейді Сая апай сөзін сабақтай түсіп. – Жақсы қызмет, жеңіл тірлік, жайлы қоныс, жайлы төсек, жылы үй болмаса бармаймын деп отыра алмайсың. Әйтеуір, барған жеріңде білмегеніңді сұрайтын, дұрыс жөн сілтейтін, ең болмаса бір көйлек бұрын тоздырған бір әріптесің болғанға не жетсін. Қошақта да, Қызылсайда да менің маңдайыма тағдыр ондай «ақылшыны» жазбаған. Әйтсе де, күншілік жердегі «көршілес» мектептерге барып, тәжірибелі мұғалімдерден кеңес сұрап, айлық, тоқсандық жоспарларымның бағытын үйреніп қайтушы едім. Оқулық жетіспейді. Көбінесе бұрынғы дәптеріме жазған конспектілерімнен пайдаланып, сабақ өтетінмін. Бүкіл ауылымызбен Таушықтан Қызылсайға көштік. Бүкіл ауыл дегенде небары 10-15 отбасы. Айта қалар жасауымыз да жоқ. Мәшинедегі жүгімізге қоса бес-алты парта және бір тақтаны салып ала жүрдім. Ол кезде қазіргідей сайрап жатқан жол жоқ. Әсіресе, тау-тасқа көтерілгенде зәрем зәр түбіне кетіп, көзімді тас қылып жұмып алатынмын.
Ескі Өзен қу медиен дала. Ең болмаса қалқа болар қарайған бұтасы жоқ. Саяның көңілі құлазып сала берді. Нәсіпқали көңіл түкпіріндегі елегізуді қара жұмыспен жеңуге тырысады. Таушықтан келгендердің бәрі жертөле қазып, соған орналасты. Нәсіпқали да екі метр тереңдікте төле қазып, үстіне қотыр тас қалап, төбесін қамыспен жауып, құрқылтайдың ұясындай жып-жылы үй жасап алды. Мұндай да Жұмажан да «нәзік жандымын» деп жанаярлық жасап, қол қусырып қарап отырмай, қандай іс болса да белді бекем буып кірісіп кетеді. Жертөледен үй салып алған ауылдастар қоңыр күз болмай бітіруге мектеп құрылысына да жұмылды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Сол жылы I-II-III сыныптарда 12 баланы оқытумен қазіргі №4 орта мектеп алғашқы жұмысын бастады...». Әрине, бүкіл ауылдан 12 бала шыққанына шүкір. Өйткені барлаушы, гелолог, бұрғышы, мұнайшылардың алғашқы легінің негізгі құрамы - өзге ұлт өкілдері. Олар балаларын қазақ мектебінде оқытпақ түгілі, өздері қазақты менсінер-менсінбес күйде жүрген кездері еді.
«Жұмажан апай да кездескен қиындыққа мойымай ауыл жастарының бойына ізгілік нұрын себе берді. «Өз үйім - өлең төсегім» дегендей жертөле мектепті барынша ұқыптылықпен ұстады. Таңертеңгі сағат 5.30-6.00- де келіп от жағып, сыныптың ішін жуып тазалайды. Сөйтіп үйіне келіп таңертеңгі шәйін қайнатып, бесікте уілдеп ояу жатқан сүп-сүйкімді Рысгүлді киіндіреді. Оны сағат тоғызға дейін ойнатып, бойын жазып, бесігіне қайта бөлеп, сабағына кетеді. Мектептің директоры да, завучы да, завхозы да, тіпті сыпырып, еден жуушысы да – жалғыз өзі. Әр екі сағаттағы үзілісте үйіне жүгіріп келіп, баласын емізіп жүрді.
Көзді ашып-жұмғанша арадан бір-екі жыл зуылдап өте шықты. Ескі Өзенде ел қарасы бірте-бірте көбейе бастады. Қоныстанушылар көбейген сайын мектеп те оқитын бала сананың артатыны да заңды құбылыс. 1961 жылы бастауыш мектеп болып қайта қалыптасты. Саяның қасына Манаш Қожаниязова келіп қосылды. Бірі басшы, бірі қосшы дейтіндей емес, айналдырған екеуі. Қасындағы Манашқа «Мен бұрын келдім. Мен бастықпын» деп зіркілдемей, бұрынғыша мектептің ішін сыпырып-сиырып, отын жағып, баласын оқытып, ұйымдастыру шараларын жасап жүре берді. Қайта Манаш апай бас геологтың зайыбы болғандықтан «Көлденең шөптің басын сындырмай» тіке жүргенді жаны қалайтын.
Сөйтіп жүргенде Сая апайдың екінші қызы Раушан дүниеге келді. Екі баланың күтімі, отбасының тауқыметі молайып, күнделікті күйбең тірлік көбейе берді. Оның үстіне мектептегі қарбалас, талап, тілек, жауапкершілік күшейе түсті. Аудан, облыс орталықтарындағы жиындарға құндақтаулы баласымен қатысу қиындық тудырды. 1962 жылы бастауыш мектеп сегіз жылдық мектепке айналды. Жағдайын айтып облыстық білім басқармасы бастығына барды.
- Олай болса, шара бар ма? Құлазыған даладан мектеп ашып, бала тәрбиелеу әрине оңай емес. Ең бастысы сіздің бойыңыздан төзімділік, тиянақтылық, өжеттілік, ұқыптылық, ұйымдастырушылық, биік адамгершілік қасиеттердің қатар табылғанына қуандым. Енді Сая, осынау өзіңіздің жалынды ісіңізді жан жүрегімен түсініп жалғастыратын жігерлі жанды өзіңіз табыңыз, - деп басқарма бастығы жауапкершілікті тағы өз мойнына жүктеп жіберді.
Жұмажан көп ойланды. Әрине, жетекші болу жеңіл емес. Сондықтан басшы болатын адам, лайықты маман табу да оңай емес. Әйтсе де реті келген сияқты. Гурьевте педучилищеде бірге оқыған құрбысының педагогикалық институт бітіріп келген қайнысы бар екен. Қағылез денелі, ұзын бойлы жігіт. Өзі сауатты, өзі жігерлі, жас маман. Міне, Сәнжан Боранбаев сегіз жылдық мектепке осылай директор болып шыға келді.
- Біз сол жертөледен 1963 жылы шықтық, - дейді Жұмажан Аққұлиева әңгімесінің ақырында. – Мұнайшыларға арнап құрамалы және тастан үйлер салына бастады. Солардың шағындау біреуіне екі жанұя көшіп өттік. Екі рудың баласы бір үйде тұрсақ та тату-тәтті жасадық. Ол кездегі адамдардың пейілі кең бе, әлде психологиясы басқа ма, білмедім? Әйтеуір, бір-бірімізге қабақ шытпай, бүтінді бөліп, жартыны жарып жейтінбіз. Ал қазір ше, бір атаның түгіл, бір әкенің балалары бір үйге сыймай, үйленген соң екі рулы елдей болып шыға келеді. Әсіресе, төркінен «қуат алатын» келіндер жағы абысын-ажын түгіл, туған енесімен бір табақтан ас ішкісі келмейді. Қайткенде де біздің дәуіріміз, біздің тәрбиеміз басқашалау еді. Мектебіміз жертөледен шығып әуелі радиостансаға, сәл кейінерек лабораторияға көшкенде қуанғаннан төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Әрине, жер бетіне, жарық дүниеге шыққандай болдық. «Күннің көзін көріп оқитын да күн туады екен-ау» деп қуандық. Біз содан 1968 жылдың сәуірінде қалаға көштік. Бәрібір ұстаздықтан қол үзбедім. Қызылсайға қатынап жұмыс істедім. 1970 жылы Атырау педагогикалық институтының биология факультетін сырттай оқып бітірдім. Ал 1976-1992 жылдар аралығында О.Тұрмағанбетұлы атындағы мұнай және газ колледжінде кітапханашы болып жұмыс істеп, сол жерден зейнеткерлер сапына қосылдым».
Міне, біз бұдан он бес жылдай бұрын жазылған очеркімізден үзінділер келтіргендегі мақсатымыз - Сая апаймен сырласа отырып, Сүгір Бегендікұлы атындағы орта мектептің іргетасының қалай қаланғанын жұртшылықтың есіне салу. Сол арқылы Қызылсай ауылының қалай дүниеге келгендігіне көпшіліктің көңілін бөлу. Әрине, бір есептен ауыл мен мектеп бір жылы құрыла қалмайды. Мектеп қай жылы ашылса да, ауылдың одан бұрын құрылатыны, яғни пайда болатыны бесенеден белгілі. Сондықтан Қызылсай ауылының құрылуын 1958 жылға сәйкес келеді деп жүрген болжамдар шындыққа сай келетін сияқты. Себебі жақында кәдімгі өлкеге белгілі қаламгер Әбілқайыр Спанмен кездестім. Ол кісі сол жылдары осы Қызылсай ауылында тұрған екен. Ол да Қызылсайды 1959 жылы емес, 1958 жылы құрылды деп отыр.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қауіпсіздік техникасы — адам өмірінің арашасыСондағы біздің негізгі айтпағымыз, «Қызылсай ауылының құрылған жылын өзгерту кімге қажет болды?» деген сұраққа жауап іздеу. Шынында да кімге қажет? Одан қайта көптің пікіріне құлақ түріп, көппен бірге адасудың өзі бақыт емес пе? Өйткені қазақта «Жалғыз өзің жол тапқанша, көппен бірге адас» деген даналық сөз бар.
Екіншіден, биыл күзде Жаңаөзен қаласына 50 жыл болады. Халқымызды, ауыл, қала тұрғындарын дүбірлі ұлы той күтіп тұр. Осы торқалы тойға дайындық Жаңаөзен қаласында 14 наурыздағы Амал мерекесінде басталып кетті. Содан бері түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Осыған орай қаламыздың қарашаңырағы Қызылсай ауылының да 60 жылдық мерекесін келесі жылы өз алдына бір түлік қылып жүрмей, қала тойының аясында бірге қосып өткізіп жіберу жөн сияқты. Әйтпесе, келесі жылы Қызылсай ауылының 60 жылдығы деп тағы шабылу керек пе? Одан қайта биыл 5-6 темір үйді артық тігіп, 5-6 дастарханды артық жайып, ауылдың ескі көз қариялары мен азаматтарын ардақтап жіберу жеңілірек болмай ма, деген ойдамыз. Әрі бұл келешекке де тиімді болар еді. Кім біледі, мынау нарықтық экономиканың белең алып, жаһандануға ұласып, қатпар-қатпар қаржылық дағдарыстартың салмағы алдағы уақыттарда қандай болатынын? Жалпы Қызылсайдың құрылған жылын кері тартқылай бермей, 1958 жыл деп көпшіліктің болжамына сәйкестендіріп әкелген дұрыс сияқты. Себебі ата-бабаларымызда «Екі тойың қабат болсын, екі дүниенің абат болсын» деп бекерге айтпаған болар. Сол үшін әлі ел арасында бірен-саран кездесетін көзі тірі қарттарымыздың, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыздың, көшелі де дұрыс сөздің көрігін қыздыратын асыл жандарымыздың ұсыныс, пікір білдірулеріне болады. Жауаптарыңызды күтеміз. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды».
Мұратбай ҰЛЫҚПАН