©
Биыл Маңғыстауда суға түсу маусымы 25 мамырда ашылды. Былтыр өлкемізде 19 адам суға батып кеткен болатын. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен (6 адам) салыстырғанда 3 есеге артық. Мамандардың айтуынша, судағы оқиғалардың басым көпшілігі (12) қауіпті, суға түсуге тыйым салынған аймақтарда тіркеліп отыр.
Келеңсіз жағдайларды ескере отырып, «Азаматтық қорғау туралы» заң аясында, Ақтау қаласы әкімдігі суға түсуге тыйым салынатын аймақтарды белгілеп, ол облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген. Енді 4 шағынаудандағы облыстық филорманиядан «Каспиан Ривьера» қонақ үйіне дейінгі 300 метр, МАЭК жанындағы «Шора» су арнасы тұсындағы 100 метр аумақта суға түскендерге 100 мың теңгеге жуық (42 АЕК) айыппұл салынады.
Маңғыстауда суға түсуге арналған 30 жағажай аймағы бар. Олардың 20-сы - Ақтау қаласында, 10-ы - «Кендірлі» демалыс орнында орналасқан. Олардың 3-уі жағажай аймағы, 5-уі балалар лагері, 22-сі демалыс базасы. Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Манарбек Мұханбетовтің айтуынша, осы 30 жағажай аумағының есебінде 27 қайық, 18 құтқарушы, 22 медициналық қызметкер, 8 шолу мұнарасы, 214 құтқару құралы бар.
Төтенше жағдайлар департаменті Жедел-құтқару жасағының құрамында 4 жедел-құтқару бөлімше бар. Олар Ақтау, Форт-Шевченко қалалары, Құрық селосы және Кендірлі демалыс базасында орналасқан. Жедел-құтқару жасағы 18 жүзу құралымен, 13 техника, сондай-ақ сүңгуір және құтқару қондырғыларымен жабдықталған. Жасақ құрамында 56 құтқарушы бар.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Көрнекі сурет сайттың архивінен