– Ақын, «Рауан» газетінің ардагер журналисі Айнахан Есетова 60 жасқа толыпты. Бейнеу ауданы әкімі ақынын құрметтеп мәдениет үйінде, мектептерде, ауылдарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кездесулер өткізіп, мерейін асырыпты, – деген желдей ескен жақсы хабар бізді де қуанышқа бөледі. Е-е, дұрыс болған екен, шығармашылық адамына ең керегі көңіл бөліп, елеп-ескеру ғой деп шаттанып қалдық. Бұдан 32 жыл бұрынғы редакция табалдырығын имене аттаған талдырмаш ару көз алдыма келген...
1985 жылдың 1 шілдесін – Бейнеу ауданының тарихындағы алтын әріппен жазылған күндердің бірі десе еш сөкеттігі жоқ. Осы күні аудан айнасы – «Ленин жолы» («Рауан») газетінің бірінші саны жарық көрді. Өз баспасөзі жоқ аудан ол кезде төрт құбыласы түгел территориялық-әкімшілік болып есептеле қоймайтын. Болып жатқан жаңалықтарды, проблемалық мәселелерді жеткізіп отыратын ақпарат көздеріне шөлдеп қалған аудан халқы жаңа басылымды қуана қабылдады.
Аудандық газеттің редакторлары облыстық партия комитетінің номенклатурасында тұратын. Сөйтіп, Маңғышлақ облыстық, Бейнеу аудандық партия комитеттерінің шақыруларының нәтижесінде Бейнеу аудандық партия комитеті кезектен тыс бюросының 1985 жылғы 22 сәуірдегі қаулысымен «Ленин жолы» газетіне редактор болып тағайындалдым. Газетi жоқ ауданда журналист кадрлар қайдан болсын? Бiрiншi хатшы Дүйсембi Әрiпұлының бұрын Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінде редактордың орынбасары болып қызмет еткенiн, сондықтан да газет шығаруға көзқарасы оң екенiн еститiнмiн.
Аупартком ғимаратының төртінші қабатынан газет редакциясы үшін уақытша бір бөлме беріп, «Теміржол дистанциясы әкімшілігі өздеріне жаңа кеңсе салып жатыр, олар көшкен күні босаған бөлмелер түгел – сенікі, оған дейін амалдай тұрасың» деп Дүйсекең арқамнан бір қағып, үгiт насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Жауғашты Нәренбайұлы екеумiзге штат бойынша кадрлар таңдауды тапсырды. Газеттiң штатын, материалдық-техникалық базасын жасақтаумен қызу айналысып кеттiк. Қолынан жазу келедi-ау деген адамдардың тiзiмiн жасақтадық.
Жаңа газеттiң ашылатынын бiлiп, жұмысқа кiруге өтiнiш берiп қойған бiр ғана кадр бар екен. Ол – ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген, бұрын “Жаңа өмiр” газетiнде қызмет еткен, мектеп мұғалімі Айнахан Есетова едi. Редактордың бұйрығымен газетке қабылданған бірінші журналист – Айнахан. Олай болса газет тарихы Айнаханның да тарихы ғой. Журналистер деуге келіңкіремейтін өзге қызметкерлерді тиiп-қашып мақала, хабар, өлең жазғандардың iшiнен таңдадық. Бұрыннан таныс аупарткомның бөлім меңгерушілері Жауғашты Нәренбаев, Аманғали Әділов, Саламат Нұров, мектеп директоры Мұхамеди Насухаев, теміржол тораптық партия комитетінің хатшысы Басшы Әзірханов көмек қолдарын созып, мекеме, совхоздармен, партия ұйымдарымен байланыс орнатуыма жәрдем жасады деп айта аламын. Бұлардың бәрі – өмір сынынан өткен, тәжірибесі мол, өз міндеттерін жетік білетін, дайын тұрған аупарткомның, не ауаткомның болашақ басшылары еді. Дүйсекеңнің орнын басатын кадр осылардың ішінен шығатынын ұғынғанмын.
Мен әуелі өзімнің кім екенімді, яғни мамандығым журналистикаға жетіктігімді әуелі осыларға мойындатуым керек болатын. Бұлар кейінгі қызметтерім аудандық кеңес төрағалығы мен мәслихат хатшылығымды онша іштей мойындай қоймаса да, журналистігім мен ақындығыма шек келтірген жоқ, өйткені төрағалық пен хатшылық столы оларға аса қажет еді, мен олардан тартып алғандай көрінген де шығармын. Өзім де осы бір өлара мезгілде маңдайыма бұйырған ол лауазымдарда іскер болдым деп айта алмаймын, болу да мүмкін емес еді және табиғатым да, мінезім де билік құрушыларға келмейтін.
Еңбек жолын бұрғылау алаңында жұмысшы болып бастап, облыстық газеттің аудандағы меншікті тілшісі болып жүрген Хабидолла Махутовты редактордың орынбасарлығына, Серік Рзаевты экономика бөлімінің меңгерушілігіне, Айнахан Есетованы тілші хаттар бөліміне меңгерушілікке, Опорный линиялық-өндiрiстiк басқармасының жөндеушiсi Сансызбай Естековті экономика бөліміне әдеби қызметкерлікке, Бейнеу жол дистанциясының жол монтерi Сали Адаевты аудандық радиоторабының ұйымдастырушы редакторлығына, компрессор стансасының жұмысшысы Жүсіпбай Жұмағалиевті фото-тілшілікке, Рысты Қуанысбекованы бухгалтерлікке, техникалық қызметтерге Базаргүл Қонысованы, Айсұлу Мұханованы, жүргізушілікке Дат Дүйсалиевті ұсынып, бірінші хатшыға барып бекітіп алдық. Ал жауапты хатшылыққа «Жаңа өмір» газетінің тілшісі Талғат Атшыбаев, корректорлыққа Қырмызы Қоғашева газет басылып шығатын баспахана орналасқан Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе поселкесінен алынды.
Көп кешікпей газет редакциясы жанынан әдебиет үйірмесін ашып, оған суырып салма ақын-жырау Қашаған Күржіманұлының есімін бердік. Алғашқы кешімізді Қашаған ақынның творчествосына арнауды жоспарлап, баспаханалық әдіспен шақыру билетін жасаттық, ақынның өмірбаянын, шығармашылығын талдайтын баяндамашылар, шығармасын орындайтын жыршылар іздеп, тауып белгіледік. Қазіргідей емес, ол кезде халық ақындарының өлеңдері көп жарияланбайтын да, айтылмайтын да, яғни белсене орындаушылар сирек болатын.
Келесі кешіміз Абыл ақынға арналды. Оған да солай дайындалдық. Тағы бірінде ортамызда жүрген ақын Уәйіс Қайралаповтың 60 жылдығын атап өттік. Осы шараларды ұйымдастырудың бәрінде Айнахан жүрді. 1986 жылдың көктемінде ауданда сол заманның ең үлкен мерекесі – Ұлы Октябрьдің 70 жылдығына және Маңғыстау мұнайының 25 жылдығына, сонымен бірге өзіміз алғаш рет атап өткелі отырған 5 май – баспасөз күніне арнап ақындар айтысын өткіздік. Айтысқа «Қарақұм», «Сам», «Маңғыстау», «Сың ғырлау» кеңшарлары, Бейнеу мен Сарқамыс поселкелері, «Казсельхозтехника», Бейнеу автотранспорт кәсіпорны аттарынан 8 ақын, 8 термеші, 8 күйші қатысқан. Бұрын өтіп жүрген айтыстарға әр совхоз, кәсіпорындар атынан көбіне дайын тексті жазып берген соң жыршылар түсіп, бір мақамға салып орындап береді екен, яғни шын ақындар У.Қайралапов, Ж.Сағындықов, Ә.Жаманбаев, Қ.Жылқыбаев, М.Мақуов өздері жазып берген тексті залда отырып рахаттанып тыңдайтын.
Біздер бұл үрдісті мүмкіндігінше бұзып, тек жанынан өлең шығара алатын ақындардың өздерін ғана айтыстыруға ниеттендік. Соның нәтижесін де ауданнан Айнахан Есетова, Сали, Сабыр Адаевтар, Іңірбай Көбегенов, Хайролла Жақашев, Жарас Көрпелиев, Жанар Айлашева тәрізді айтыс ақындары өсті. Олардың арасынан Сабыр Адаев дараланып шықты. Музыкалық білімі бар, домбырада тамаша ойнайтын жас жігітті ілкіде зорлағандай етіп, айтысуға көндіргенбіз. Болашақта одан аудан, облыс намысын қорғайтын айтыс ақыны шығады-ау деген үмітпен бірінші орын берілді.
Негізінде айтыс тартысты болды. Сарқамыстық Зеріп Кенжеғариеваның сөзі де, орындаушылық шеберлігі де тыңдарманын тәнті еткен. Көп адамдар бас жүлде соның қанжығасына байланғанын қалаған. Ол қа рындас пен А.Есетова екеуіне бірдей екінші орын, ал Адаевқа бірінші орын берген жюри шешіміне риза болмаған аудандық партия комитетінің бір хатшысы менің мәселемді «партбюрода қаратамын» деп қорқытпақ болған. Оған «ол қарындастың ақын емес, талантты жыршы екенін, сөзін ақын Мақуовтың (Сарқамыс поселкелік кеңесінің төрағасы, өлеңдері мерзімдік баспасөздерге шығып жүрген, талантты ақын болатын) жазып бергенін, орындаушылығында дау жоқ, бірақ бұл жыршылар сайысы емес екенін, егер оған бас жүлдені берсек, шын ақындарға қиянат жасалатынын» айтқанда түсінді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда 97 үйге street art стилімен суреттер салынадыАйтыстар газет бетінде толық жарияланды. Біздің үмітіміз алданған жоқ. Ілкі қадамын:
«Одаққа мәшһүр болған аудан аты, Бейнеуім – жыр бесігі, жер жаннаты. Дір еткен жүрегімнен зор махаббат,
Ата жұрт – Бейнеуіме арналады» деп төгілдірген Айнаханның осы айтыстан кейін тұсауы кесілді деуіме толық негізім бар.. Ақындар айтысын келесі ұйымдасты руымызда сүре айтыс қана емес, оған қыз бен жігіт, жұмбақ, өтірік өлең айтыстарын да қостық. Айнахан қыз бен жігіт айтысына қатысты.
Әрине, Айнахан – бірінші кезекте, тамаша журналист болатын, тәжірибе жинай келе ұстаз журналист бола білді. Ол тілшіхаттар бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары міндеттерін мінсіз атқарды. Ол редакцияға келген хат авторларымен, штаттан тыс тілшілермен, мекемелерден тілші постыларын құрумен, редакция жанындағы «Жас тілшілер» мектебінің сабағын жүйелі жүргізуі айналысумен қатар, оқырмандар тұщынып оқитын мақала жазу керек. Демек оған да, редактор маған да өлең жазумен ғана шектеліп, ахаху-сәкәку жасап кетуге уақыт жоқ еді. Бос мезгілімізді ғана шығармашылығымызға арнауымыз керек. «Менің бақытым газетте қызмет етпегенімде, әйтпесе газет талантымды жеп қоятын еді» деген Қадыр Мырза Әлі сөзінің жаны барау деп қаласың кейде. Кәсіпқой ақындық жолға журналистік міндет – Айнаханның да мойынын бұрғызбағаны шындық. Бірақ соған қарамай өлеңді жанына серік етіп, поэзиялық, прозалық бірнеше кітаптар шығарды. Оның өлеңдері «Жыр маржаны» атты қазақ поэзиясының он томдық антологиясына енді.
Ұлдан иман, қыздан иба іздеген, Жоқтаушымыз біз деген. Улап жатыр үлпершектей ұрпақты, Мына заман дүрбелең, – деп тебіренуінде зор мән жатыр емес пе? Мұндай түйінді ойлар шығармаларында жетерлік.
Аудандық газеттің редакторы да, оның орынбасары да аудан көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға көбірек жегілетін. Аудандық халықтық бақылау комитеті мүшесі ретінде біраз жұмыстар істеді. Аупартком бюросының, пленумының, аудандық совет сессиясы, тұрақты комиссиясы, атқару комитеті мәжілісінің есептерін газетке дайындау – негізінен Айнаханның мойнында болатын. Иә, оның өмірі жас журналистерге үлгі боларлық деп білемін.
Айтуар ӨТЕГЕНОВ