©
Фейсбук әлеуметтік желісінде мүгедек балаларға арналған интернат директорының асханадағы ыдыстарды жерге лақтырып жатқаны түсірілген видео тарап кетті. Оқиға 7 маусым күні № 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болған. Осы бейнежазбадан соң психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балаларға арналған интернат-үйінің директоры жұмысынан уақытша шеттетілді. Бұл туралы Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қуаныш Берішбаевқа сілтеме жасап Tengrinews.kz сайты хабарлады.
«Мен мекеменің директорымен және қызметкерлерімен кездестім. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін комиссия құрылды. Директор Шаттыгүл Қаракүшікова 8 маусымнан бастап жұмысынан шеттетілді», - деп атап өтті басқарма басшысы.
Директор мен күтушілердің бірінің арасындағы жанжал фейсбук әлеуметтік желісінде жарияланған.
https://www.facebook.com/mahabbat.kydyrova/videos/2056690914651283/«Мекеме директоры лақтырып жатқан ыдыстар мен азық-түлік орталықтың қызметкерлеріне тиесілі. Оқиға балалар тамақ ішетін жерде болған. Нұсқаулық бойынша, ол жерде қызметкерлердің заттары болмауы тиіс. Күтушілер бұған дейін басшыдан балаларға арналған орында «шай ішпеуі керектігі туралы» бірнеше рет ескерту алған. Қызметкерлерге арналған арнайы бөлме бар. Бірақ қызметкерлер нұсқаулық пен басшының ескертпесін қаперге алмаған. Мекеме директоры сол күні арандатушылыққа тап болды деп ойлаймын. Дегенмен, басшының өзін бұлай ұстауға құқығы жоқ. Сондықтан ол атқарып отырған лауазымынан уақытша шеттетілді», - деді Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Қ.Нұрмамедова inaktau.kz сайтына берген сұхбатында.
Енді директорды лауазымына қайта тағайындау туралы соңғы шешімді комиссия қабылдайтын болады.
Шаттыгүл Қаракүшікова психоневрологиялық интернат үйін 2017 жылдың тамыз айынан бері басқарып келеді. «№3 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ҚМУ психоневрологиялық ауруы бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға тәулік бойы тұрақты қызмет көрсетіп, уақытша тұруға, арнайы әлеуметтік қызметтерге арналған.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Скриншот видеодан түсіріп алынды