Шектеулі бостандық. Өткенге өкініш. Темір тордағы тіршілік. Мұнда біреу қасақана, біреу білместікпен аяғын шалыс басқандар келеді. Теміртордың ар жағындағы тіршілікпен танысып, бостандықтың қадірін толық түсінбесек те, ұғынғандай болдық. Біз барған мекеме – Маңғыстау облыстық ГМ-172/10 тергеу изоляторы. Аталған мекеменің табалдырығын аттап басқанға дейін бірнеше тор есіктен өтіп, ондағы тексеру пункттері сені мұқият тінтіп шығады. Ішке алып кіруге тыйым салынған заттарды күзетке қалдырып, төлқұжатты көрсетіп бір есіктен өтесіз. Тағы бір есік ашылғанда сізді полиция қызметкері арнайы құралмен толықтай тексеріп шыққаннан кейін ғана сізге ішке кіруге рұқсат беріледі. Міне, аты құлаққа жағымсыз естілетін түрмеге де кірдік.
Жантүршігерлік қылмыстарды жасағандар қолымен істегенін, мойындарымен көтеріп келеді. Олар қаншама айы мен күнін өз қолдарымен темір торға матады. Өз тағдырларын өздері талқандаған тағдыр иелері біздің аймақта да аз емес. Біз бас сұққан тергеу изоляторында адамдардың отырып шығатыны болмаса, қажеттілік пен жағдай барынша қанағаттандырылған.
Ең алдымен бойымды қорқыныш билеп, ішке аяқ алысым қиындау болды. Мұнда түрменің өзіндік ішкі ережелері мен қағидалары бар. Таң атып, түскі шаққа жақындап қалған сәт. Үреймен жан-жағыма қарап қоямын. Бәрі таза, бәрі орнында. Жасақ басшысы, капитан Нуриддин Қалдаров тергеу изоляторының тынысын таныстырып, мұндағы хал-жағдайды түсіндіріп келеді. Ең алдымен аулаға беттедік. Түрлі іс-қимылда жүрген сотталушылар жасақ басшысынын бұйрығын естіп, бірер минут болмай сап түзеді. Мұнда бірі – аула жинаушы, екіншісі - сантехник, келесі бірі – асхана қызметкері болып жұмыс жасайды. Бұл еңбегі үшін айлық беріледі.
Түрмедегі әр адамның басында – түрлі тағдыр. Мені оқшауланған мекендегі қылмыскерлердің ішіндегі жалғыз әйелдің қылмысы қызықтырды. Тәртіпті, сыпайы, қарапайым қазақ әйелі. Мен де ыңғайына қарап қажетті сұрақтарыма жауап алғым келе бергені сол еді, әңгімені өзі бастап кетті. Оның жасы – 31 де, бір баласы бар. Оңтүстіктің тумасы. Жолдасы Маңғыстаудың шет ауылынан. Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігімен 3 жыл 2 айға сотталған. Алаяқтық.
«Сіздің осындай қылмысқа баруыңызға не итермеледі?» деген сұрағымызға көп кідіріп, көз жасына ерік берді.
- Досым деп жүрген, жан-жағымдағы адамдардың кім екенін білмедім. Баламды сағындым. Мұнда жағдай жақсы, бірақ бостандыққа не жетсін, – деді де ол әрі қарай сөйлегісі келмеді. Арадағы әңгіме үнсіздікпен аяқталды.
Жасұлан Қабидолла (аты өзгертілді) – сотталушылардың ішіндегі ең жасы. Ол 21-де. 273-баппен жазасын өтеуші. Ащы суды ұрттап, жастықтың лебімен мекемеде жарылғыш зат бар деп жалған ақпарат таратқан. Ата-анасы бар. Жанұяда 3 ұл, 2 қыз. Тар қапаста отырғанына 6 айдың жүзі болған. Көп ашылып ештеңе айтқысы келмеген жігіт қысқа қайырды.
- Өмірде ең басты құндылық – ата-ана. Оларды бағалау керек. Уақытты тиімді пайдаланып, сүйікті іспен айналысқан дұрыс. Өкінемін, бостандықтың қадірін енді түсініп жатырмын, – деді сотталушы жас жігіт.
Содан дәлізбен жүріп келеміз. Барлық жерде темір тор есік. Түрмеге тоғытылған жандардың бөлмесіне, яғни камераға беттедік. Жинақы, тап-таза. Әр камерада 2-3 немесе 3-4 адам жатады. Жадырап тұрған жаз айы болса да, мұнда суық ызғар сезіледі. Одан асханаға бардық. Кәдімгі сіз бен біздің жеп жүрген тағамдарымыз тоңазытқыш пен сөрелерден орын алған. Мұнда кітап оқып, рухани азық жинауларына да үлкен мүмкіншілік жасалған. Аядай ғана кітапханада түрлі жанрда қалаған кітабыңызды таба аласыз. Кітап қоры – 3000 дана.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: 13-шағынаудандағы спорт алаңына FIFA стандартына сай газон төселіп жатыр (ФОТО)– Сотталушылардың кітап оқуға қызығушылығы жоғары. Арнайы берілген уақытта келіп, кітап оқиды. Әсіресе, әдеби кітаптарға сұраныс көп, – дейді кітапхана меңгерушісі Ұлжан Сұлтанова.
Қоғамда болып жатқан жаңалықтан хабардар ететін теледидар қарайтын бөлме де кітапхананың тұсында орналасқан. Төрт қабырғадан әріге аспайтын жандардың денсаулығына да аса мән беріледі. Дәрігерлік амбулатория төменгі қабаттан орын тепкен. Сырқаттанып ауырып қалған жағдайда дәрігердің көмегіне жүгініп, қаралып алуға да болады.
Спортты серік еткен жігіттер футбол, волейбол ойындарын күнделікті топқа бөлініп ойнайды. Бірақ жанкүйерсіз. Сотталушылардың туған-туысы жіберетін сәлем-сауқат бөліміне де аяқ бастық. Кезек күткен келушілер бірі – жалғыз баласына, бірі – арқа сүйер еріне, енді бірі әкесіне келіп отыр. Бұл жерде сәлемдемелер мұқият тексеріліп, қораптарынан шығарылады. Келген заттың тізімі жасалып, одан кейін түрме ішіне жет- кізіледі. Кездесудің қысқа және ұзақ мерзімді сатылары жіктелген. Ұзақ мерзімді жүздесуде жақыны айыптының жанында 3 күн бірге бола алады. Жүздесу бөлмесінде жанға керектің бәрі бар. Қысқа мерзімді кездесуде бір-біріне қарап отырып, белгілі қашықтық көлемінде кездесушілер телефон арқылы сөйлеседі. Бұл жерде жасы үлкен де, кіші де жазасын өтеуде. Олар тар қапаста жалығып, жабығады. Түрмеде барлық жағдай жасалса да, бұл жердегілердің әрбірінің арманы – еркіндік. Біз жүріп өткен бір қабаттың дәлізінде сотталушылардың қорғаушыларымен бетпе-беткездесіп, сөйлесетін бөлмелері орналасқан. Бір уақытта бірнеше кездесу өтіп жатқанына да куә болдық. Жасақ басшысы айналаны көрсетіп әңгімелесіп тұрғанымыз сол еді, бір кісі әңгімемізге аса сыпайылықпен араласа кетті. Ол өзін қорғаушымын деп таныстырды.
– Мен жұмыс барысымен еліміздің барлық облысындағы түрмелерінде болдым. Бірақ дәл осындай жағдайы жақсы түрме көрмедім, – деді адвокат.
Сәл жүре беріп едік, телефон арқылы үй ішімен сөйлесетін бөлмеден орыс жігітінің дауысы шығып жатты. Ол әйелімен сөйлесіп, хал-жағдай сұрасып тұр екен.
Тағы бір айта кетер жайт, мұнда тар қапаста қамалғандар мерекенің барлығын дерлік тойлайды. Түрме қызметкерлері мерекелер ауқымды түрде ұйымдастырылатынын айтты. Ол күні әннен шашу шашылып, би билейді. Әркім өз өнерін көрсетіп, бір сәтке басқа түскен сынақты ұмытып, сергіп калады.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР