Ақтау қаласындағы орталық жол жүргізушілерді бір емес, екі рет таңқалдырып отыр. Кеше әлеуметтік желіде жолақтары жаңадан сызылған орталық жолдың бейнежазбасы пайда болды.
Өткен аптада 9, 10, 7, 8 шағынаудандар аралығына жаңа жол төселіп, жол белгілерін сызу жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрдың алдындағы ерекше жолақ жүргізушілердің назарына ілікті. Жолдың оң жақ бағытындағы шеткі жолағы әдеттегіден тар болып шыққан.
https://www.youtube.com/watch?v=SAiNkb9ugFMБұған дейін мердігер компанияның өкілі «Лада» сайтына берген сұхбатында жол белгісінің стандартқа сай екенін айтқан болатын.
Дегенмен, бүгін аталған жол жүргізушілерді тағы да таңқарлдырды. Шеткі жолақ бұрынғы қалпына келтірілді.
https://www.youtube.com/watch?v=Z_S0UdYoJY8Бұған қатысты Ақтау қаласы әкімдігінің өкілі сайтымызға былай деп хабарлады:
- Жол салу кезінде өзінің ережелері сақталуы керек. Театрдың алдындағы жолдың жөндеу жұмыстары аяқталғанымен, қабылданған жоқ. Себебі өзіңіз бейнежазбада көргендей, жолақтары дұрыс сызылмаған. Кеше кешке шұғыл түрде жиналыс жасап, мердігер компанияға ескерту берілді. Олар қазір жолақтарды қалпына келтірді, - дейді Ақтау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Мұқтар Ибраимов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін сайтымызда қаланың 55 жылдығы қарсаңында Ақтаудағы жалғыз алты жолақты орталық жол жаңартылып жатқанын хабарлаған едік. Сол кезде қала басшылығы жолдың тек қаланың мерейтойына ғана емес, Каспий жағалауы мемлекеттерінің басшылары қатысатын саммиттің өтуіне де байланысты жөнделіп жатқанын растаған еді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Фото және видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН