Республика бойынша наурыздың 15-нен сәуірдің 30-шы жұлдызына дейін сенбіліктер маусымы жарияланған болатын. Шара аясында Жаңаөзен қаласында да жүйелі түрде сенбіліктер ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді.
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, осы уақыт аралығында 450 тонна қоқыс шығарылып, 2000 түп ағаш отырғызылған. Кезекті сенбілік сәуірдің 21 күні Ауған соғысы ардагерлері саябағында жүргізілді. Саябақ қоқыстан тазартылып, көнерген нысандарға әктеп-бояу жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілікке қала әкімі Әділбек Дауылбаев бастаған қала активі, қалалық мәслихат депутаттары, әкімдік қызметкерлері қатысып, республикалық ағаш отырғызу акциясы аясында саябаққа көшет отырғызды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ұстаздың жеңісі — еңбегінің жемісі- Өздеріңізге мәлім, биыл қаламызға 50 жыл толып отыр. Мерейтой аясында көптеген іс-шаралардың жоспары жасақталып, жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі, қаланың тазалық, абаттандыру жұмыстары. Әр аптада өткізілетін сенбілікте қала тұрғындары өте белсенді. Бүгін қала мен 3 елді мекенді қоса есептегенде 200 тонна қоқыс шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар, республикалық ағаш отырғызу акциясына өз үлесімізді қосып, 3000 түп ағаш отырғызбақ ниеттеміз, – деді қала басшысы.
Айжан НАСЫРОВА