©
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай ұлттық кодты сақтай білуіміз қажет екендігі айтылуда.
Ұлттық кодтың негізгі тірегі – тіл, тарих, төл әдебиетіміз, сондай-ақ ежелден келе жатқан ата-баба дәстүріміз. Енді ұлттық кодымыздың бір тірегі ретінде тарихымызды білуіміз қажет деп есептеймін.
Сондықтан бүгін оқырмандарға өңірге белгілі азамат, әкем Қамысбай Қаржаубайұлының (1927-1999 ж.ж.) отбасылық мұрағаты қорында сақталған, сирек материалдар қорындағы «Адай уезі ауыл шаруашылығының ерекшеліктері» («Особенности сельского хозяйства Адаевского уезда»), «Әскери шолулар» («Военный обзор») кітаптарынан үзінділер ұсынғалы отырмын. Әрине, үзінділер авторлық баяндау түрінде жарияланып отыр.
Солардың бірі, жер – тарихтың нұсқасы, елдіктің тұлғасы ұғымында Маңғыстау өңірінде қазақтардың алғашқы қоныстануы жөніндегі мәліметтер ынталы жандарды қызықтырары сөзсіз.
Арғы ата-бабаларымыз осылай ұғынып, осылай түйіндеп, баянды мекенге орнығуды мақсат тұтқан жолда ерлікпен күресіп, арманға қанат қаққан. Бұл, «Адай уезі ауыл шаруашылығының ерекшеліктері» («Особенности сельского хозяйства Адаевского уезда») шағын кітапшасында айырықша қамтылып, баяндалады. Кітап негізінен КСРО Ғылым академиясының Адай уезі аумағындағы өсімдік-ботаникалық жұмыстарына 1926 жылы жүргізілген зерттеуші отрядтың Қазақстан экспедициясының жұмысы туралы есебі болып табылады. Жинақ 1928 жылы Ленинград қаласында басылып шыққан. Авторлары: М.М.Ищенко, И.С.Казбеков, И.В.Латин, Б.К.Щелоков.
Кітап Маңғыстауға қазақтардың алғашқы келіп қоныстануынан басталады. Онда былай делінген: «Бұдан (1926 жылдан – Қ.Қ.) 175 жыл бұрын мерген Есет Есенғұлов (Адайдан санағанда алтыншы ата) бастаған Байұлы балалары Батыс Түркістанның Сауран деген жерінен шығып, батысқа қарай қоныс іздеуге аттанған. Сауран – орта ғасырдағы ірі қала. Түркістан қаласының батыс жағынан 35 шақырым жерде. Сауран жайлы алғашқы дерек араб географы Эл-Истахридің еңбегінде (Х ғасырдың бірінші жартысы) кездеседі. Ал араб географы Ибн Хаукаль Сауран жайлы: «Бұл – Сабран қала, мұнда ғұздар бітім және уақытша келісім, бейбітшілік кездерде сауда келісімдерін жүргізуге жиналған. Ол бекіністі қала» деп жазды. Жоңғар шапқыншылығына байланысты ел аузында «Сауран айналған» деген сөз қалған (бейбіт халықтың солай қарай ығысуын бейнелейді). ХІІІ ғасырдан бастап Сауран қаласының аты жазбаларда жиі кездеседі. ХVІ ғасырдағы тәжік әдебиетінің классигі Васифидің айтуынша, қала шайқалмалы мұнаралары, жер асты каналдары-кәріздерімен аты шыққан. Сауран ХVІІІ ғасырда күйреген» (Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясы, 1 том, 417-418 беттер). Бұл Маңғыстаудың төл туындыларының бірі – халық жырында да бейнеленіп, әдеби деректелгені мына жолдардан көрініс береді:
Әуелден 60 үйдей аз келіпті, Ішінде Ақпан деген Таз келіпті. Есболай ере шыққан екі үй екен, Қалғаны қыс өткесін, жаз келіпті, – деп жазылған. Мұндағы Таз – ру аты. Қоныс іздеушілер бірнеше жыл Арал теңізінің шығысында болғаннан кейін ауылдарын сол жерде қалдырып, тағы да сол Арал теңізінің терістік батысына қарай ілгерілей берген. Адай аңыздарында «Зәңгінің Алатауынан ауып келдік», делінеді. Бүгінгі Маңғыстау жерін мекендеген Адайлар өздерінің 6-7 ата жердегі ата-бабалары көшіп келе жатқанда Сыр бойында жерленген, дейді. Ал одан әрі қараған ата-бабаларымыздың қай жерді мекендеп, қайда жерленгені жөнінде нақты мәлімет айта алмайды.
М.С.Тұрсынованың «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Маңғыстау қазақтары» атты кітабында (Алматы қ., 1977 ж.) көптеген зерттеушілер Маңғышлақта ІХ-Х ғасырда белгілі бола бастаған Адайдың арғы бабалары Каспий теңізінің жағаларын біздің эрамызға дейінгі ІІ ғасырда мекендеген дай (даха) тайпалары деп санайды (3 бет) деген пікірі шындыққа келмейтін сияқты. Ол кезде қазіргі біздің отырған мекенімізде және Жем, Ойыл, Темір өзендеріне дейінгі жерлерді қалмақтар иемденіп отырған. Бұл өңірді қалмақ, түрікменнен де бұрын талай халық мекендеген. Адайларға дейін де 7 жұрт өтті деген сөз бар. Айтулы ақын Түмен Балтабасовтың «Маңғыстау» толғауында:
Маңғыстау Машайықтың басқан жері, Талаптың таудай өрлеп тасқан жері. Жер жүзін Жел маямен жеті айналып, Ауғанға Асан бидің асқан жері. Хандардың қара бауыр – харлерінен, Патшаның удай ащы зәрлерінен, Жерленбей жеті жұрттың қашқан жері. ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Серпінмен» сенімді болашаққаЗерттеу жүйелерінде тартылған ойлар, келтірілген деректер Маңғыстау өңірінде кезеңіне қарай әртүрлі ұлттар мен ұлыстар мекен еткен түйіндерді бекерге шығармайтынға саяды. Бұл аймақта қалмақ ханына пайдаланған жерлері үшін ақысын төлеп түрікмендер де көшіп жүрген.
Есет бастаған қоныс қараушылар өздері жүріп өткен жерлерін иемденіп, отырықшы қалмақтармен қақтығысып қалушылықтары да кездескен. Нәтижесінде қалмақтар батысқа қарай ығысып кетуге мәжбүр болған. Жер жөніндегі күрес одан кейін де 100 жылға созылып, түрікмендерге ауысқан. Қорытындысында қазақтар Үстірт жазығын, Маңғышлақ, Бозашы түбектерін толық тазартып, шекараны Арал теңізінің батыс бөлігі мен Красноводск және Хиуаға баратын «Көкжолға» дейін жеткізген. Адай көшпенділері осы аталған аумақты иемденіп, 1920 жылға дейін көшіп-қонып жүрген. Осы кезеңдерге иемденуіндегі суларға өздерінің белгісін (таңбасын) құдықтың әйкеліне салып отырған. Бұған дейінгі белгі түрікмендердің «О» таңбасы болған. 1920 жылға дейін алтыншы және жетінші Адай болыстары Закаспий облысының Красноводск уезінің қарауында болып, оларда 5000-ға жуық қожалық болды.
Міне, осы аумақ сол күйінде Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің 1925 жылғы 4 сәуірдегі №62 санды қаулысымен Қазақстанның аумағы болып қалды. Маңғыстау ауданының 1920 жылға дейінгі адресі Маңғышлақ уезі, Закаспий облысы деп аталса, 1920 жылдан 1927 жылға дейін Адай уезі Қазақ АССР-ы атында болды. Адай уезі негізінде 1928 жылы қазіргі Бейнеу ауданының Қарақұм және Сам құмдарынан басқа Маңғыстау облысы аумағы көлемінде Маңғыстау ауданы құрылып, орталығына Форт-Александровск (қазіргі Форт-Шевченко) қаласы белгіленді. Бүгінгі күні кейбіреулер Маңғыстау халқы ұйықтап жатады дегенді айтады. Маңғыстау халқы Патша өкіметі кезінде де ояу болған. Қызыл Армиядан ығысып, Үстірт жазығы арқылы отрядымен Иранға қашқан Орал казактарының атаманы генерал Толстов та Адайлардан қолдау таба алмаған. Толстов отрядының кездескендерін жолда Адайлар қарусыздандырып отырған. Адайлардан қатты соққы көрген генерал Толстов кейінде жазған естелігінде: «Бұрынғы күнім қайта оралса, дүниедегі бірінші жауым адайларды түгелдей, бірін қалдырмай қырып, ең соңғысының қанын өзім ішер едім», – деген жазу қалдырыпты деген лақап бар. Адай уезінде 27 болыс болды. Әрбір болыс әкімшілік ауылға, ол ауылдар шаруашылық ауылға (общинге) бөлінді.
Орталық статистика басқармасының есебі бойынша 1924 және 1925 жылдары Адай уезінде 128184 адам болса, оның 66716-ы ер адам, 61768-і әйел адам болған. Бұдан 1286 адам қалада тұрған. Ал уездік революциялық комитеттің 1926 жылғы мәліметі бойынша 166985 адамға жеткен. Оның 2 пайызы ғана орыс ұлты болған.
Міне, ата-бабаларымыздың баянды мекенге орнығуды мақсат тұтқан жолдағы ерлік күресінің нәтижесі.
Нуфтолла ҚАРЖАУБАЕВ, Мұнайлы ауданының Құрметті азаматы
Сурет Мақсұт Нұрқабаевтікі