Халқымызда «Ат тұяғын тай басар» деген әдемі нақыл бар. Уақытында елге қайырымдылығымен, әділдігімен, тазалығымен жақсы аты шыққан Оразалы Меңдіханов деген кісі болды. Біздің бала кезімізде осы кісі жайлы көп еститінбіз. Марқұм шешем де «Алдына ұн сұрап барған бір кісіге «қоймадағы ұн елдікі, оны бере алмаймын» деп, артынан үйінен жарты қап ұнды өзі апарып беріпті» деген сияқты әңгімелерді айтып отыратын-ды.
Қазіргі біздің Баутин кентінің әкімі Дәулеткерей Оразалыұлы жайлы да ауылдастарының жақсы пікірін естуге болады. Өзіне қарасты елді мекендердің әрбір тұрғынын, әрбір үйінің хал-жағдайын, халықтың көкейтесті мәселелерін жақсы білетін, қолынан келгенінше қарайласып, көмектесіп жүретін жігіт.
Жақында ғана ауыл әкімдігіне бір шаруамен соққанымда, Дәулеткерейге кіріп, амантүгел алысып шығайын деген ойға келдім. Сөйлесіп отырып, сөредегі екі нәрсеге көзім түсті. Бұлар – ағашқа ойып жазылған жазулары, орденнің бейнелері бар тақталар екен. Қолыма алып қарағанда бірінен «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы», екіншісінен «Ресей Федерациясының Құрметті азаматы» деген жазуларды оқыдым. Аңтарыла Дәулет керейге қараппын. Естімеген хабарым еді.
- Иә, өткен жылдың соңына қарай осындай құрметке ие бола қалғаным бар, - деп күлді Дәулеткерей. – Дабыралататын не бопты, ешкімге жария қылғаным жоқ.
- Анау-мынау емес, екі елдің екі орденін кеудеңе таға отырып, бұл қуанышыңмен бөліссең, мақтанғаның болмас еді ғой, - деймін.
- Марқұм әкем «Жақсының жақсылығын айтқаның – кісілігің, өзіңнің жақсылығыңды айтқаның – мақтанғаның» деген сөзі бар еді. Соны ұстанғанымдағы, - деді Дәулет жәй ғана.
Әңгімелесе келе, бұл құрметтің де сырын ұқтым. Отан үшін істеген қызметіңді қоғамның мойындауының символы болып табылатын бұл атақ-абырой – халықтың көңілінен шыққан, еңбегі елге жаққан кісілерге ғана көрсетілетін құрмет екен. «Қазақстанның Құрметті азаматы» атағы мемлекеттің емес, қоғамның атынан беріледі» делініпті осы атақты берудің ережесінде. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бірінші рет беріліп отырған атақтың ең алғашқысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа беріліпті. Осы атақты беруге арналған салтанатта бұл шешім жария етіліп, қатысушылардың қолдауымен «Қазақстанның Құрметті азаматы» ордені мен куәлігі Елбасына беріледі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Базалық зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерСұрау салулардың, талдаулардың және сараптамалардың нәтижесінде таңдалып, іріктеліп, «Қазақстанның Құрметті азаматы» деген атаққа сай делінгендердің ішінде ғалымдар да, қоғам қайраткерлері мен жоғары лауазымды тұлғалар да, бизнесмендер мен мемлекеттік қызметкерлер де баршылық екен. Солардың бірі болып Дәулеткерей Меңдіхановта осы атаққа лайық деп танылыпты.
Дәл осы мезгілде Мәскеуден де хабар жеткен. Бұл да мемлекеттің емес, қоғамның атынан көрсетілетін құрмет екен. Негізінен Ресей азаматтарына делінгенімен, көрші елдердің де шекаралас өңірлеріндегі таңдаулы қоғамдық тұлғалар да осы атаққа лайық деген ережесі бар көрінеді. Маңғыстау – Ресейдің Астрахань өңірімен ежелден қоянқолтық тіршілік етіп, экономикасы да, мәдениеті мен рухани қазынасы да тығыз байланыстағы өлке. «Шамасы, осы өңірден де бір азамат керек дегенде, өз елінде «Құрметті азамат» деп аталып, әрі ежелден ау-құралы араласып, әріптес болған портты мекенін басқарып келе жатқан осы біздің Дәулеткерейден артық адам таппаған ау» деп мен әзілдеп едім сонда.
***
Құрмет демекші... Ол адамын қалай таба ды?1979 жылы Дәулеткерей мектепті бітіріп, Алматыдағы Қазақ политехникалық институтына оқуға түседі. Жалпы, Орекең «Мен жасымда жақсы білім ала алмадым» деп, балаларын оқуға түсуге қанаттандырып отырады екен. Сөйтіп, балаларының бәрі дерлік жоғары білім алыпты. Содан, бір курстан кейін каникулға елге келіп, қайтарында бірнеше кісінің аты-жөнін, мекенін, телефонын жазып береді. «Бұл кісілер уақытында бір тілім нанды бөліп жеп, бір-бірімізге қарасқан жақсы жолдастар еді. Барып, сәлем бер, менен сәлем айт» дей ді. Әкенің айтқанын орындап, бәріне де кіріп шығады, олар да сыйластықпен қарсы алып, дастарханынан дәм ұсынып, «Оразалы дейтін адамның ала жібін аттамайтын, кісілігі күшті, әділ адам ғой. Шырағым, өмірде қиындық та, қуаныш та алма-кезек келіп тұрады. Қуанғанда тасып шектен шықпай, қиындықта қиналып жерге қарамай, қашанда өзіңе бағыт қып ұстанатын темірқазығың – осы өзіңнің әкең болар! Ұлағатын ұмытпай жүрсең, соның өзі жеңіл жүк емес!» деп ақыл айтыпты.
Дәулеткерей 1984 жылы институтты бітіріп келіп, Солтүстік Қазақстандағы Петропавловск қаласында еңбек жолын бастады. Атақты «Калинин» зауытында инженер-механик болды. 1986 жылы туып-өскен қаласына келіп, «Өндірістік кәсіпорындар комбинатында» деп аталған тас карьерінде бас механик, бас инженер болды. Орекең үнемі шаруасының жайын сұрастырып, көбіне үндемей тыңдап отырады екен.
Сол жылдары сонау Қостанай, Көкшетау сияқты астықты өңірлерден де келіп, тас алып кетіп жататын еді. Сондай мақсатпен бірнеше рет келіп, тас алып жүрген жігіттердің бірі бұл жақтың адамдарының мал ұстайтынын біліп, Дәулеткерейге жарты машина арпа алып келіпті. Тегін арпа екенін білген Орекең қатты ашуланып, «Тез арада барып, ақшасын төлеп, квитанциясын алып кел» деп, тіпті түскі асын да бергізбей, кейін қуыпты. Содан амал жоқ, ана жігіттерге ақшасын төлеп, квитанциясын жаздырып, әкесін зорға жұмсартқан бір әңгімесін осы жолы естідім.
Дәулеткерей 2006 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Алдымен осы Баутиннің әкімі болды. Ауылдың әр шаңырағының хал-жағдайын біліп отырып, көмек қажеттерге мүмкіндіктің жеткенінше көмектесті. Жастар жағын жұмысқа орналастыруға тырысты. Ауылдың тазалығы мен абаттандыруына осындағы қуатты мекемелерді ұйыстыра алды. 2009-2012 жылдарда аудан әкімінің орынбасары болып жұмыс істеп, газ құбырларының құрылысын тікелей өз бақылауына алды. Кейде құбыр бойында үй көрместен жүріп, жұмыстың сапасын талап етті және ол талапты орындатты. «Жылдап жиналған абыройың бір ісіңнің кемшілігінен айрандай төгілетіні бар. Осыны есіңнен шығарма» деген әке ұлағатын ұмытпады.
Қазір тағы да осы Баутиннің әкімі. Қалыптасқан экономикалық ахуал, теңіздегі жасанды аралдар құрылысының тоқтауы жергілікті халыққа біраз салмақ түсіріп отыр, соның өзінде аудандық, ауылдық атқарушы биліктің жоспарлы, жүйелі жұмысының оң нәтижелері көрініп тұр.
Осы ретте өзімен көрші елдердің шекара аймақтық экономикалық қарым-қатынас жасап отырған өңірлердің азаматы ретінде Дәулеткерейге берілген «Ресейдің Құрметті азаматы» атағының салмағын да шамалап қалайық.
Бұл Баутин ауылының ежелден Астрахан мен кіндігі бір жаралғандай екен. 1840 жылдары осы Николаевск станциясына Ресей жерінен алғашқы көшіп келген орыстардың үлкен бір легі астрахандықтар көрінеді. Одан бері де біздің жағалауда балық аулап, кәсіп жасағандар алған өнімдерін түгелдей дерлік Астраханьға жіберіп жатты. Ал кешегі Кеңес Одағының уақытында Каспий теңізіндегі барлық елдің балық кәсіпшіліктері (Иранды қоспағанда) Астраханьдағы «Каспрыба» тресінің қарамағында болды. Сол кәсіпорынның ең қуаттыларының бірі – Маңғышлақ балық тоңазыту флоты болатын. Алып жүзбелі зауыттары, алуан түрлі кемелерден құралған флот, өндірістік цехтары, 2 мыңдай адамы болған сол кәсіпорынның қазір жұрнағы да жоқ. Ал Астрахань әлі де Ресей балық өнеркәсібінің гүрлеп тұрған өңірлерінің бірі екен. Оны әр жылдары Астраханьға барған сапарымда қызу жұмыс қайнаған кеме жасау, кеме жөндеу зауыттарын, қызыл балық өсіретін алып кешендерді, сөрелердегі балық өнімдерінің түр-түрін көрген тәжірибемнен білемін.
Осы теңіздің суына шомылып, құмында қақталып, балықшылықтың да дәмін татқан Дәулеткерей де айырылып қалған атакәсіпті жаңғырту жағын көп ойлайды екен. Бұл бағытта бірнеше қадам да жасалған. Алайда, қаржы тапшылығы, инвестицияның болмауы ілгері басқан аяқты кері тартумен болды.
- Кезінде тонның ішкі бауындай болғанымыз не керек, қазір біз бөлек елміз, астраханьдықтар бөлек ел. Дегенмен, ау-құралымыз араласып келген халық қой, әлі де қоян-қолтық жұмыс жасауға мүмкіндік бар деп санаймын. Бұл үшін шекара аймақтық экономикалық қарым-қатынастар аясында қимылдау керек.
Өз уақытында біздің порттан Астрахань бағытына баржа-баржа болып карьердің тасы мен топырағы да кетіп жатты. Ол жаққа осынау құрылыс материалдары әлі де керек. Барып, сөйлесіп, осы өнімді өткізу мүмкіндіктерін қарау керек. Астраханның арзан әрі сапалы жеміс-жидектерін біздің порт арқылы әкеліп, біздің адамдарымыз аймақтың әр тұсына апарып сатса да қыруар пайда. Аудан басшылары бұл мәселені зерттеу үстінде, дейді Дәулеткерей.
Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тікелей тапсырмасымен қазір шағын балық өңдеу кәсібін жандандыру үшін жұмыстар жүріп жатыр. Ол Аташ ауылындағы бұрын да балық сақтайтын қоймалар орналасқан базада орналаспақ. Астраханнан майшабақ аулайтын кеме алу көзделіп отыр. Біздің жігіттер барып, кемені көріп, бағасына келісіп, басқа да құрал-жабдықтар мен қондырғылар алу жағын пысықтап жатыр екен. Өз ауылының әрбір азаматын, кімнің қолынан не келетінін жақсы біледі, балық аулайтын адамдарын да нысаналап қойғанға ұқсады. Алдынала дабыралатуды жақсы көрмейтінін біліп, бұл жағын қазбалап сұрағаным жоқ, бірақ нақты жұмыстардың жүріп жатқанын сездім.
Әрине, аумағында отандық және шетелдік инвесторлардың қуатты кәсіпорындары жұмыс істеп тұрған Баутинде атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Оның үстіне әлеуметтік мәселелер, инженерлік инфрақұрылым сияқты жұмыстар тағыбар. Тек бір Баутин ғана емес, анау Аташта осы әкімдіктің аясында. Әйтеуір, осыншама жыл халыққа алғаусыз қызметін жасап, әке ұлағаттарын өміріне темір-қазық қылып, өзінің азаматтық ұстанымын серік етіп келе жатыр. Қашаннан салмақты да сабырлы, өзі көріп, қолға ұстаған нәрсеге ғана сеніп, істелген еңбектің нәтижесіне көз жеткізбей қоймайтын, үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, қарайласып, көмектесіп жүр. Құрмет осылай келсе керек!
Міне, екі елдің «Құрметті азаматы» атанып отырған қарапайым ғана мемлекеттік қызметкер Дәулеткерей Меңдіханов туралы азғана әңгімеміз осы. Елінің қалауымен, сарапшылардың талдап, саралауымен осы атақтарға лайық деп табылыпты. Басқа да наградалары бар шығар, бірақ, өзі айтпады. Мақтануға жаны қас, қарапайымдылығы осыдан да көрініп тұр.
***
Осы мақала жазылып болып, Дәулеткерейге хабарласқанымда, бүгін ғана Мәскеуден келгенін айтып, «Апырмай, қызық болды. Енді Кедендік Одақтың Құрметті азаматы» деген атақ беріліп, соны алып келдім» деп күлді. Сөйтсем, қоғамдық наградалар мен атақтар жөніндегі халықаралық комитеттің ұйғарымымен «Дәулеткерей Оразалыұлы Меңдіхановқа «Кедендік одақ елдерінің арасындағы экономикалық қарымқатынастарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Кедендік Одақтың Құрметті азаматы» мәртебесі берілді» деген шешімді орденімен қоса алып келген бойы екен!
Ақкетік азаматтарының абыройы асқақтап келе жатқанын көріп, қалай сүйінбессің!Айсағали ҚЫДЫР