Бұл жөнінде Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің басшысы - Мұса Хайруллиев айтты. Қазіргі таңда жер мәселесіне қатысты оны рәсімдеу, тіркеу, учаскелерін бөлу жөніндегі cұрақтар - тұрғындар арасында өзекті. Сондықтан бірқатар сұрақты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Маңғыстау облысы бойынша филиалы, Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің басшысына қойған едік.
- Мұса Қарашаұлы, алдымен департамент немен айналысады, осыған тоқталып өтсек...
- Біздің департамент мемлекеттік жер кадастрын жүргізумен, жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексерумен, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілі саласындағы қызметтермен, сонымен қатар жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметінде пайдаланбайтын жылжымайтын мүлік объектілеріне салық салу үшін оны бағалаумен айналысады.
- Қандай қызмет түрлерін көрсетеді?
- Департамент Маңғыстау облысының аумағында 15-тен аса қызмет түрлерін көрсетеді. Халық көбіне жүгінетін қызмет түрлері - жер учаскелерін бөлу; ғимараттарға техникалық паспорт беру; жерге орналастыру жобаларын әзірлеу; техникалық паспорттың телнұсқасын беру; жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттарын дайындау; жылжымалы мүлік кепілін тіркеу; жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау.
- Азаматтардың жеке мәліметінің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілген? Мысалы, былтыр Алматыда ЦОН-да бір азаматтың мәліметтері жария болып, «Азаматтарға арналған үкіметтің» бірқатар қызметкері жұмыстан кетіп, сөгіс алғаны есімізде.
- Азаматтардың жеке мәліметтерінің қауіпсіздігі - қазіргі таңдағы маңызды мәселелердің бірі. Аталған жағдайлардың алдын алу үшін заң нормаларының қатаң сақталуы басшылыққа алынған. Мәліметтер базасы ерекше тәртіппен қорғалады. Атап айтсақ, жер учаскелері туралы барлық мәлімет серверде сақталады. Серверлер мен арнайы қосымша құрылғылар арнайы сервер кабинетінде жеке орнатылған.
Барлық қызмет түрлері бекітілген ережелер мен нұсқаулықтарға сай жеке және заңды тұлғалардың сұранысы негізінде жасалады.
Қызмет барысында мәлім болған және коммерциялық құпияларды қорғау мақсатында қызметкерлермен алдын-ала келісім шартқа отырамыз.
Жалпы, азаматтардың жер кадастры және жылжымайтын мүліктері бойынша мәліметтерінің жария болып кетуі департаментіміздің тарихында бұрын-соңды болған жоқ.
- Жер учаскесін рәсімдеу қанша уақытқа созылады?
- Жер учаскесін рәсімдеу 30 күнтізбелік күнді құрайды және жұмыстың күрделілігіне байланысты мерзімі өзгеруі мүмкін. Ол шартпен анықталады. Жерін рәсімдегісі келетін тұрғын жергілікті "Жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің рұқсаты мен жерін рәсімдеуге жолдама алып, біздің департаментке өтініш түсіруі керек. Тапсырыс берушінің қолына смета беріледі, ол төлемақыны Цесна Банктің филиалында төлейді. Дайын құжаттарды айтылған уақыт ішінде дераптаменттің кеңсесінен алып кетеді.
- Бұрынырақта Маңғыстауда екі адамның бір жерді алған фактілері кездескен. Мұндай жағдай болмас үшін не істеу керек?
- Осы бағытта үздіксіз жұмыстар жүргізілуде. Өзіңіз айтқандай, бұрынырақта электронды карталар мен құрылғылар болмағандықтан, осындай фактілер кездескен. Қазіргі таңда жоғары дәлдікті жер өлшегіш құрылғылар жұмысымызды едәуір жеңілдетті.
Мұндай жағдай болмас үшін маман жер учаскесін жан-жақты зерттеп, мұрағаттағы барлық мәліметті пайдалана отырып, қажет болған жағдайда далалық зерттеу жұмысын жүргізіп, жерге орналастыру жұмыстарына аса жауапкершілікпен мұқият қарау керек.
- Егер маман жер учаскесінің схемасын қате жасап, шекарасын қате белгілесе, біреудің үйі басқа адамның жеріне кіріп кетсе қайда хабарласу керек?
- Егер жер учаскесінің құжаты бұрынғы үлгіде болса, ол жер учаскесінің шекарасын қалпына келтіру бойынша өтініш түсіруі керек. Бұл орайда жоғары дәлдікті құрылғылар арқылы жер учаскесін координаттау жұмыстары жүргізіледі. Ол ақылы негізде болады. Себебі барлық мүлікті жария етуге байланысты рәсімделген жер учаскелерінің мәліметтері жер пайдаланушылардың сызбалары негізінде рәсімделген, яғни нақты емес. Ал электрондық карта 2008 жылдан бері қолданысқа енгізілді.
Біздің департамент бұл жағдайларды түбегейлі жою үшін бірқатар жұмыс атқарып жатыр.
Қазіргі таңда Ақтау қаласындағы жер учаскелерінің 95 пайызға дерлік электрондық картаға енгізілді. Бұл үрдіс енді аудандарда жалғасын таппақ. Дегенмен осындай қате анықталған жағдайда азаматтар біздің департаментке хабарласса, мәселенің шешу жолдарын жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен бірге іздестіреміз.
- Ауыл шаруашылығы өндірісінің шығыны қалай анықталады?
- Ауыл шаруашылық шығындары берілетін жердің ауданына, топырақ құнарлылығына, өсімдік құрамына және жердің балл бонитетіне байланысты анықталады. Балл бонитет дегеніміз - топырақ сапасының көрсеткіші. Мысалы, таулы жерлердің топырақ құнарлылығы – гумус және механикалық құрамына карай анықталады.
Ал ауыл шаруашылығының шығынына келер болсақ, коңыр топырақ - 20400 теңгеден есептеледі. Яғни, 1Га жер 20400х1,0= 20400 теңге болады. Сұр-қоңыр топырақ 16800 теңге, ал кұмды топырақ 21600 теңге бойынша есептеледі. 1 Га жерге 21600х1,0=21600 теңге болады.
Ауыл шаруашылығы шығыны жер учаскесіне құқық беретін шешім шыққан күннен бастап 6 ай мерзімде бюджеттің есебіне төленеді.
- Департаменттің алдағы жоспары қандай?
- 2017 жылғы департаменттің жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық қадағалау бойынша атқарған жұмыстарының жалпы сомасы – 931 млн. 203 мың теңгені құрады.
2018 жылға 818 млн. 272 мың теңгеге жұмыстар орындау жоспарланып отыр. Бұл жылы да былтырғы көрсеткіштерімізді түсірмеуге тырысамыз. «Мемлекеттің трансперенттік есептілігі» бес институционалдық реформаның бірі «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» жүзеге асыру шеңберінде «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы құрылғанын өздеріңіз білесіздер.
Департаментте келешекте осы жоғарыда көрсетілген барлық бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғастырылатын болады.
- Әңгімеңізге рақмет.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА