Мемлекет басшысы қазақстандықтардың сапалы білім алуы үшін жағдай жасауға ерекше назар аударып келеді. Тәуелсіздігіміздің 27 жылы ішінде елімізде жүзеге асырылған істер дамуымыздың іргетасына айналды. Ал еліміздің дамуы үшін білім жаңа мүмкіндіктерге жол ашары сөзсіз.
Жыл сайын демографиялық көрсеткіштің жақсаруына байланысты бүгінгі таңда Шетпе кентінің халық саны 14500-ге жетіп отыр. Тұрғындар санының артуына байланысты балаларды мектеппен қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналуда. Бір ғана мысал М.Атымов атындағы орта мектепке 2016-2017 жылғы оқуы жылында бірінші сыныпқа 126 бала қабылданса, олардың қатары 2017-2018 оқу жылында 143-ке жетті. Бұл – халық санының қарқынды өскенінің көрсеткіші. Осыдан үш-төрт жыл бұрын қоныстанған тұрғыны аз Ащыбұлақ елді мекені қазір тұрғын үй саны көп, түрлі халыққа қажетті нысандар салынған шағынауданға айналып отыр. Демек, бала санының өсуіне орай тұрғындарға мектеп, балабақша қажеттілігі туындайтыны рас.
Ащыбұлақ елді мекенінің оқушылар Шетпе басындағы мектептерге тасымалданып білім алып жүргені көпке аян. Тіпті, бала санының көптігіне орай Жаңа Орпа шағынауданында орналасқан М.Атымов атындағы орта мектептің өзіне қазіргі таңда 521 бала тасымалданып, мектеп үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Сондықтан тұрғындар тілегі балабақша мен мектеп құрылысының бой көтеруі еді. Ел тілегі орындалды десек те болады. Олай дейтініміз жыл сайын жекеменшік балабақшалар салынуда. Ал, ең қуаныштысы Ащыбұлақ елді мекенінен екі ауысымда оқитын 600 орындық мектеп салынуда. Жаңа техникалық жабдықтармен жабдықталатын бұл мектепте 1200 бала білім алатын болады. Енді заманауи үлгіде салынған екі қабатты жаңа ғимарат оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндіктер туғызары хақ.
Мектеп құрылысына республикалық бюджеттен 1 миллиард 500 миллион теңгедей қаржы бөлінген. 2017 жылы 426,4 млн. қаражаты игерілсе, 2018 жылы 1072933,7 мың теңгесі құрылыстың қажеттілігіне жұмсалуда. «Нұрлы Жол» бағдарламасына сәйкес жаңадан салынып жатқан мектеп көптің қуанышына айналып отыр.
Ауданымызда 1992 жылы М.Атымов атындағы мектептің құрылысы бітіп, пайдалануға берілген болатын. Яғни содан 26 жылдан кейін бой көтерген білім ордасы халықтың көптен күткен тілегі десек те болады. Бұл мектептің берілуі оқушылардың заман талабына сай сапалы білім алуын, жаңа жұмыс орындарының ашылуын, Шетпе селосы басындағы орта мектептердегі үш кезеңдік оқу проблемасының шешілуін қамтамасыз етеді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда қатерлі ауруды ісікті емдеудің жаңа әдісі енгізіліп жатырҚыстың қытымыр аязына қарамастан құрылысы тоқтамаған мектептің қазіргі таңда шамамен 70 пайызы бітіп тұр десек те болады. Құрылыс басында мердігер мекеме «СУ ҰН ДУЗ» ЖШС – директоры Марина Баринова бастаған 150-ге жуық адам екі ауысымда қауырт қимылдай отырып, белгіленген кестеге сәйкес жұмыс атқаруда. Үлкен еңбек ұжымының әрбір мүшесі өздеріне жүктелген міндетті сезіне отырып, қызметін атқарып келеді. Құрылысқа қажетті барлық материалдар жергілікті карьерлерден жеткізіліп тұрады. Яғни тас, құм, пгс, шебін, бетон, плита секілді жабдықтарды алыстан арбаламай, жақыннан дорбалатып жатқан жайы бар.
Мектеп ауданның 90 жылдығына орай жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Құрылысы аяқталса бұл білім ордасынан аудан абыройын асқақтатар талай таудай азаматтар шығады деп сенеміз.
Айгүл НОҒАЙХАН