Шығыс Қазақстан облысында орын алған табиғи апатқа байланысты зардап шеккен азаматтарға көмек қолын созу мақсатында түпқарағандық жастар «Түпқарағандықтардан шығысқа көмек» халықтық акциясын наурыз айында бастаған болатын.
Акция аясында көмек ретінде киім – кешек, азық – түлік, тұрмысқа қажетті құрал – жабдықтар қабылданды. Аталған акция аясында Түпқараған ауданы тұрғындары, мектеп, балабақша ұжымдары акцияға белсене қатысып, киім-кешектер, тұрмыстық қажеттіліктерді орталыққа әкеліп, тапсырды. Әкелінген көмек 209 келі болып, «Қазпошта» бөлімшесі арқылы Шығыс Қазақстан облысына жөнелтілді.
- Акцияның өтуіне қолдау білдірген Түпқараған ауданы әкімдігіне, Түпқараған су жүйесі мекемесіне, Маңғыстау облыстық «Қазпошта» бөлімшесіне және барша тұрғындарға, мектеп, балабақша, мекеме ұжымдарына алғысымызды білдіреміз. Осы акция аясында ұжымдар мен белсенді жастар тарапынан да қаржылай көмек жиналды. «100 ЖАСТАР» жобасы бойынша әлі де ниет білдірушілер легі болғандықтан ақшалай көмек жинақталып, сәуір айының соңғы күні берілген реквизит бойынша жіберілетін болады, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Гүлшат Айтбайқызы.
Өз тілшімізден
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мұнай саласында оқытылатын мамандықтар қысқартылады