©
Бақтыгүл Әлқуатқызы Дауылбаева Сенек орта мектебін ойдағыдай аяқтап, Атырау қаласының профтехучилищесін тігінші мамандығы бойынша оқып, бітірді. Алғаш еңбек жолын тігінші болып бастаған ол 1986 жылы Қарақұдық орта мектебі оқушыларына еңбек пәнінен сабақ беріп, ұстаздық жолын бастады. Біліктілігін арттырудан жалықпаған ұстаз сырттай оқи отырып, Атырау педагогикалық институтын биология пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп алды.
Ол – 1987-2016 жылдар аралығында ауыл балаларына биология пәні бойынша сапалы білім беруде сүбелі үлес қосқан ардагер ұстаз. Өзінің саналы ғұмырын жас ұрпаққа арнаған мұғалім – бұл күнде ұзақ жылдар еңбек еткен білім ордасында биология пәнінің жоғары санатты ұстазы, әдіскер, 8 жылдай жаратылыс тану бірлестігінің жетекшісі, 1993- 1995 оқу жылдарында мектеп басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2009 жылдан мектеп басшысының ғылыми-әдістемелік жұмысының орынбасары болып қызмет етті. Бірнеше жылдар бойы Қарақия аудандық пәндер олимпиадасында, 2006-2007 жылдары облыстық жалпы пәндер олимпиадасында биология пәнінен қазылар алқасында мүше болса, аудан мектептерін жан-жақты тексеру комиссиясының, МАБ өткізуде министрлік өкілеттілігінде комиссия мүшесі болды. Облыстық, республикалық деңгейдегі «Дарынды балаларды оқыту, бәсекеге қабілетті жеке тұлға қалыптастыру», «Жаңашылдық жағдайдағы мектептегі әдістемелік жұмысын басқару», «Биология пәні бойынша олимпиадалық есептерді шығару жолдары» тақырыптарындағы біліктілігін арттыру курстарынан өткен ұстаз өзінің жұмысын білім саласындағы жаңаша оқыту негізінде ізденіспен жүргізе білді. Қашықтықтан оқыту сабақтарын өз сабақтарымен байланыстыра отырып, оқушыларға күрделі тақырыпты меңгертудің тиімді жолдарын қарастырып, өз тәжірибесіне енгізді. Білім саласындағы ақпаратты технология бойынша жұмыс жүргізуде ұстаз жаңа қырынан танылып, өзінің белсенділігімен алғашқылардың бірі болып қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша Қарақия ауданы мектептері басшыларының семинарында 8 сынып оқушыларына «Қос мекенділер» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақ мектеп басшылары тарапынан жоғары баға алды. Интерактивті тақта мен электронды оқулықтарды қолдана отырып, жұмыс жүргізу ұстаздың айнымас серігіне айналған болатын.
Әріптестерімен педагогикалық жаңа технологияларды ақпараттық техника құралдарымен байланыстыруды іске асырудың тиімді жолдарын қарастырды. Жасына қарамай компьютерді жетік меңгерді. Өмірлік тәжірибесін жинақтай отырып, оны баспасөз беттеріне жариялап, республика көлеміне таратты. Оның «Жаңадан жаңа іздейтін өнер» атты мақаласы «Биология және салауаттылық негізі» ғылыми-педагогикалық журналының 2004 ж. №6 санында, 2005 ж. №4 санында «Қашықтықтан оқыту - жер серігі» атты мақаласы жарық көрді. «Биология пәні бойынша мұғалімдер білімін тексеруге арналған тест тапсырмасы» жинақтамасы АҮО-ның бекітуімен қолданысқа енді. Сондай-ақ «Биология анықтамалығы» журналында «Ең үздік сабақ жоспары» байқауын өткізіп, ақпаратты технологиясын тиімді қолданған жоғары санатты ұстаз Б.Дауылбаеваның «Ми діңінің құрылысы. Мишық» тақырыбындағы сабағы үздік деп бағаланып, 2012 ж. №1 санында жарияланды.
Б. Дауылбаеваның «Ми діңінің құрылысы. Мишық» тақырыбындағы слайды «Үздік слайд-2012» сайысында жеңімпаз үміткері болса, слайд презентациясы CD-де журналға қосымша жарияланды. Ал осы журналдың 2012 ж. №3 санында «Жергілікті жердің материалдарын биология сабағында қолдану» тақырыбындағы мақаласы, сондай-ақ «Жас зерек» үйірме мүшелері «Жас биолог-2012» журналы бойынша өткізілетін (№2, 2012) сайысының 1-кезеңіне қатысты, осы жылдың үміткері болып журнал бетіне жарияланды. Бұл байқау бойынша ұстаз өзі тәрбиелеп жатқан шәкірттерінің оқуға деген қызығушылығын жаңаша ізденіспен жұмыс жүргізу дағдысына қалыптастыра алды.
2010 жылы «Ел ертеңі мектепте шыңдалады» атты облыстық семинарда «Мектептегі әдістемелік жұмыс» тақырыбында баяндама жасады. Мектептегі жас мамандарға арналған әдістемелік көмек беру мақсатында АҮО-на ұсыныс бере отырып, 2010-2012 оқу жылында «Озат тәжірибе – ортақ іс», «Қазақ тілін оқытудың тиімді жолдары» атты аудандық семинарды Қарақұдық орта мектебінде өткізуге атсалыса отырып, аудан мектептерінен ұстаздар қатыстырып, тәжірибе алмастыра білді. Семинар барысында біліктілігін арттыруға жұмыстанып жүрген мектеп ұстаздары ашық сабақтарын жаңаша оқыту технологиялары бойынша өткізіп, шығармашылық жұмыстарын қорғады. «Биологиялық ғасыр» қоғамында жаратылыс тану пәндерін оқытудың бірден бір тиімді әдісі – теориялық білім мен практикалық білімді ұштастыру Б.Әлқуатқызы оқушыларға берілетін экологиялық тәрбиені күнделікті өмірмен ұштастыруды жөн деп санайды. Сол мақсатта ұстаз биология пәніне қосымша «Гүл өсіру», «Маңғыстау жануарлары мен өсімдіктер дүниесі» атты авторлық бағдарламалар жасақтап, факультативтік сабақтарға енгізді. Гүл өсіруді өзіне серік еткен ұстаз өзі еңбек етіп отырған Қарақұдық орта мектебінің оқушыларын аудандық, облыстық «Табиғатпен үндес мектеп» байқауына қатыстырып, 2009 ж. 1-орын, 2012 ж. ауданнан 1-орын ақшалай марапат, облыстан ынталандыру сыйлықтарын алуына ықпал етті. Байқау жұмысын қарау мақсатында келген облыстық байқау комиссиясының мүшелері ұстаздың жинақтаған жұмыстары мен ғылыми ізденісіне жоғары баға беріп, слайдтар презентациясы жинақталған CD дискісін облыс көлеміне таратты. Маңғыстауда өсетін өсімдіктер туралы жинағы да комиссия мүшелерінің қызығушылығын арттырды.
«Әрбір шәкірт білімімен көрінер, Сол білімнен ұстаз биік көрінер» демекші, егеменді еліміздің жарқын болашағын жетілдіре білетін бәсекеге қабілетті жеке тұлға тәрбиелеудегі Б.Дауылбаеваның жеткен жетістігі мол.
Баланы ізденушілікке баулу, оған зерттеу дағдысы мен білігін игерту – бүгінгі білім беру саласының маңызды міндеті. Дарынды оқушының ізденушілік қасиетін қалыптастыра отырып, ғылыми ізденушілікке баулу мақсатында Б.Дауылбаева мектепте оқушылардың ғылыми қоғамын ұйымдастыра білді. 2009-2010 оқу жылында Ақтөбе қаласында өткен КҒА-ның Х-шы ғылыми практикалық конференциясында ІІ-орын алды.
36 аймақтық республикалық ғылыми тәжірибелік конференциясында «Түйе және одан алынатын сүт өнімдерінің денсаулыққа пайдасы» тақырыбындағы ғылыми жобасын шәкірті, 10 сынып оқушысы. Табылғанова Самал қорғап шығып, жүлделі ІІІ- орынмен ұстаз мерейін асқақтатты.
Ұстаз еңбегі білім нәрімен сусындатқан шәкіртінің жеткен жетістігімен көрінері хақ. Олай болса Б.Әлқуатқызының шәкірт тәрбиелеп, оқытуда да жеткен жетістігі ауызбен толтырып айтарлықтай, әрі марқайып, мақтанарлықтай. 2000- 2003 оқу жылдарында ұстаздың шәкірті Қуанбаева Самал аудандық, облыстық пәндер олимпиадасына биология пәні бойынша қатысып, жүлделі 1, 2 орындарды үнемі қанжығасына байлап, ұстаз мерейін көтерсе, 2004-2006 оқу жылдарында шәкірті Оразғалиев Бердібек жалпы білім беретін пәндер олимпиадасында биология пәнінен аудан бойынша үнемі 1-орын, облыстан 2-орын алып, нәтижелі жұмысы республикалық байқауларға дейін жетіп, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Бұл оқушы ҰБТ-да биология пәнін таңдап, жоғары көрсеткішпен облыстық грант иегері атанып, Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Медакадемисын үздік оқып, аяқтады. Бұл күнде ол Жаңаөзен қаласындағы перзентханада анестезиолог-ревматолог мамандығы бойынша еңбек етуде. 2005 жылы Ақмарал Нұрмұқанова облыстық «Атамекен» слетінде «Жібек жолы» тақырыбында шығармашылық жұмысын қорғап, бас жүлдені алса, 2008 ж. Кеңесова Арай аудандық пәндік олимпиадада 1-орын, облыстан 3-жүлделі орынды иемденіп, таңдау пәні биологиядан ҰБТ-да жоғары көрсеткіш жинады. Үздік шәкірт Жаңаөзен қаласында педагог-психолог болып қызмет етуде.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңаөзенде гемодиализ орталығы ашылдыЖыл сайынғы ҰБТ көрсеткіші бойынша Б. Дауылбаева дайындаған шәкірттер жоғары үлгерім бере отырып, білім сапасын 90-100 пайыз көрсеткіштен төмен түсірген емес. Бұл көрсеткіш ұстаздың тынбай жасаған еңбегінің жемісі.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демей ме, дана қазағым. Ұстазға еліктеп, қызығушылық танытқан шәкірттері биология пәні мұғалімі болуды мақсат етті, оқыды. Олар: Г.Байсариева, Б.Надирова, М.Есбергенова, С.Орынбасарова және т.б. Ұстаз жолын жалғастырушы өзінің қызы, әрі шәкірті Жетімекова Гүлдана Жаңаөзен қаласының №1 Т.Әлиев атындағы орта мектеп мұғалімі, жаратылыс тану пәні бірлестігінің бірлестік жетекшісі. Облыс көлемінде ұстаз тәрбиелеген 5 кіші дәрігер, 3 эколог маман, 4 психолог маман шәкірттері еңбек етуде. Әрбір еңбек қашанда аянбай тер төгудің нәтижесімен келетін болса, ұстаз еңбегі бағалауды қажет етеді.
Б.Әлқуатқызы ГОББ-нің Алғыс хатымен, ҰБТ-де жеткен жетістіктері үшін 2005-2010 жылдары АББ, аудан әкімінің Алғыс хатымен, 2005 жылы Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен және Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне байланысты МОББ Құрмет грамотасымен марапатталды. Зейнеткерлік жасқа келсе де «Сапалы білім – шынайы өмір кепілі» деген ұстаныммен заман талабына сай жаңа технологиялар мен ақпараттандырылған әдіс-тәсілдерді күнделікті сабақ үрдісінде қолдана отырып, жергілікті материалдарды жинақтап, өз іс-тәжірибесінде шебер қолдана білген ұстаздың шәкірттерге берер тағылымы көп. Оқу кабинетін жаңаша жабдықтаған ұстаздан тиянақтылық пен ұқыптылықтың ізін, тұнып тұрған гүлдердің орналасуына қарап, гүлге деген қызығушылығын байқайсың, өзіңе үлгі алып, кең тыныс алып шығасың. Ұлағатты ұстаздың еңбегі мен жасаған ісі әрбір жас маманға үлгі, өмірлеріне сабақ боларлықтай.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға, Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген екен ұлы ақын Абай атамыз.
Ендеше өз ісінің шебері, майталман ұстаз Б.Ә.Дауылбаеваның жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеуге қосқан әрбір жасампаз ісі мен жас маманның ұстаз болып қалыптасуына жасаған еңбегі өнеге алар, ауқымы кең мектеп. Алтыннан алқа тақпаса да, бақытын еңбектен тапқан ұстаздың зейнеткерлік жасына ұзақ ғұмыр тілеймін.
Ж.ӨМІРБАЙҚЫЗЫ, Бостан ауылының "Қарақұдық" орта мектебі