Түпқараған ауданында «Әр отбасыдан - бір көшет» акциясы ұйымдастырылуда. Ел мүддесі мен келешегін ойлайтын рухани бай жастарды тәрбиелей отыра, әр отбасының өз жасыл алаңын ұйымдастыруға ықпал етуді, экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатты сүюге баулуды мақсат етіп отырған акцияда аудан тұрғындарының белсенділігі анықталмақ.
- Акция ауданымыздың барлық елді мекендерінде 1 сәуір-1 мамыр аралығында өтеді. Көшет отырғызған әр отбасы фотосын «whatsApp» әлеуметтік желісі арқылы +7 (747) 733 65 60 нөміріне жібере алады.
Ауданның тұрғыны ретінде әр отбасы мүшелерін бір тал көшет отырғызып, күтім жасап, табиғатымыз бен ортамыздың тазалығына өзіндік үлесін қосуға шақырған акция аяқталған соң жеңімпаздарды отбасы күні қарсаңында марапаттаймыз, - дейді ұйымдастырушылар.
Акция басталғалы бері аудан көлемінде 60-қа жуық жаңа көшет отырғызылыпты. Бұл жоғарыда көрсетілген нөмірге өз фотоларын жіберіп, акцияға атсалысушылар ғана. Ал бұдан бейхабар, жаңа жылда ауласына жаңа тал егушілер де бар екені анықталып жатыр. Әзірге акция аясында Сайын-Шапағатов ауылдық округі мен Форт-Шевченко қаласы ман Баутин ауылының тұрғындары белсенділік танытуда.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңа медиа тақырыбы таушықтықтарға түсіндірілдіТал егу акциясы – өте маңызды іс екені сөзсіз. Тал – бейбітшілік нышаны, табиғаттың нәзіктілігі және оны қорғау қажеттілігін еске түсіретін белгі. Егілген талдар ауданымыздың экологиялық жай-күйін жақсартатыны да сөзсіз. Акцияға қатысқан тұрғындар «Бүгін еккен ағаштар тамыр тартатынына сенімдіміз. Алдағы уақытта жасыл желектің әсерінен ауа тазарып, қолайлы микроклимат қалыптасады», – дейді.
- Тал егу жұмысы арқылы болашақ ұрпаққа табиғат анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыру парыз. Қоршаған ортаның жақсаруына өз үлесін тигізу үшін акцияға барынша атсалысып жатқан отбасыларға алғасымыз шексіз, - дейді ұйымдастырушылар.
Жадыра ЖОЛДАСОВА