«Менің үш қорқынышым бар. Біріншісі - бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі - немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбеюінен, үшіншіден - салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын» Б. Момышұлы
Жүрегі жаудан қайтпаған баһадүр батыр бабамыздың бұл қорқынышы текке айттылмаса керек-ті. Қазақтың ұлы зиялылары Абайды, Шоқанды бауырына басып, тәрбиелеген Зере, Айғаным сынды әжелер тарихта баршылық. Қазіргі заманда жастар жаңа заманның үрдісімен шетелдік даңғаза тәрбиенің тасасында елеусіз қалғаны жасырын емес. Қазіргі әжелердің тым «современный» болып, жастармен жарыса киініп, жас- тарша жүріп-тұруы, әжелікті мойындағысы келмеуі сияқты қылықтарын көргенде, кимешегі қақырайып, жаулығы желбіреген, оқалы қамзол киген әжелерді көру шынымен орындалмас арманға айналды ма екен деген қорқыныш еріксіз еске оралады.
Қаймағы бұзылмаған қазақи тұрғыдан қарағанда, Әже - немеренің ғана емес, бүкіл отбасының тәрбиешісі саналған. Жаңа түскен келінді босағадан «Біссімілла» деп оң аяқпен аттатқан күннен бастап, шырағын жағып, отқа табындырып, бәле-жаладан аластатып бәйек болатын да Әз-әже! Келіннің жүріс-тұрысын назарынан бір сәт тыс қалдырмайтын әже « Жарыс қазан», «Шілдехана», «Бесік той», «Сүндет той» т.б. салт-дәстүрге негізделген жөн-жоралғыларды әжелерден басқа ешкім басшылыққа ортақтаса алмайтын атқарылар еңбектері ұшан-теңіз. Сондықтан, қазақ шаңырағына салт-сана, әдет-ғұрып негіздерінің нәрін сіңіретін де - Әжелер! Немере үшін жанын үзіп беруге дайын тұратын сүйіспеншілік тек әженің ғана бойынан табылады. Әженің балаға берер тәрбиесін ешбір маман да, тәрбиеші де алмастыра алмайды. Әже көрмей өскен ызақор, ашуланшақ, көрсеқызар балаларға қарағанда, әженің бауырында алаңсыз өскен баланың ой-өрісі таза, байсалды, құймақұлақ зерек болып өседі. Бұрынырақта «Әжемнің баласымын» деген әңгімемде де баяндап өткенмен, бүгінгі қозғап отырған әңгіме желісі - қараса көз тоярлық, істеріне көңіл қуанарлық қазіргі әжелеріміздің тыныс-тіршілігі болмақ.
Жаңаөзен қаласындағы «Мұнайшы» мәдениет үйінің жанынан құрылған «Алтын дария» әжелер ансамбліне Қазақстан мәдениет қайраткері, әнші Махпуза ШОМАНОВА жетекшілік етеді. Әжелер ансамблінің жәй-жапсарына толық қанығу үшін Махпуза Батырқызымен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
- Махпуза Батырқызы, Сізді танымайтын адам кемде-кем. Белгілі әншісіз. Осы өнерге қалай, қашан келдіңіз?
- Мен Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келгенмін. Әншілікке бала кезден құмар болып, 5 жастан ән салып, ел көзіне іліне бастадым. Мектеп қабырғасында ән салып жүріп, мектепті аяқтаған соң, Жетісай аудандық мәдениет бөлімінде автокөлік меңгеруші болып жұмыс істеп, жолдамамен Шымкент музыкалық училищенің «Вокаль» бөліміне оқуға түстім. Маңғыстауға 1987 жылы келдік. 1990 жылдан бастап, Жаңаөзен сахнасында өнер жолым басталды. Мәдениет бөлімінде, Саз мектебінде, №10 мектепте әннен сабақ беріп жүріп, қаладағы мәдени шараларға ұйтқы болдым. Мәдени салада 30 жылдай еңбек етіп келемін. Сол жылдардың ішінде талай қиыншылықтары мен жанға ләззат сыйлаған қуанышты сәттерім көп болды. Ардагерлер хорын, әжелер сайысын, келіндер сайысын ұйымдастырдым. «Махпузаның ән кеші», «Әнім - ерке құсым», «Әлі де айтылмаған әндерім», «Кеудемнен керуен саз көшіп» ән кештерін өткіздім. Ақтауда, Ақтөбеде, Құлсарыда концерт бердім. Әншілік өнерге баулыған шәкірттеріммен ауыз толтырып мақтана аламын. Күні кеше көз алдымда ән айтып жүрген Нұрмағанбет, Еркін деген шәкірттерім қазір республикаға белгілі өнерпаздар. Алматыда ән салып жүр. 2000 жылы Қазақстан Мәдениет қайраткері атағын алдым. Киелі өнердің бағасын берер халық қой!
- Әжелер ансамблін құрудағы мақсатыңыз?
- Әжелер ансамблінен бұрын әжелер арасында «Ақылды қария - ағып жатқан дария» сияқты әртүрлі тақырыптарда талай сайыстар ұйымдастырдым. 2007 жылдан бері тұрақты түрде әжелер ансамблі жұмыс жасап келеді. Осы жылға дейін Гүлзипа, Жаңылсын, Бақтыгүл, Рима сынды Мұнай-газ техникумының оқытушылары тұрақты түрде қатысып келеді. Ансамбль құрамы үнемі толықтырылып отырады. Ансамбль мүшелерінің бәрі әнші-биші емес екені жасырын емес. «Өнерге әркімнің бар таласы» демекші, әртүрлі салада қызмет еткен Аманбибі, Несібелі, Шұғыла, Оразгүл, Іңкәр сияқты әжелер өте ынталы болса, Ақшагүл Қыдырова 15 жылдай өнерде үзеңгілес жүр. Қашаған ақынның, Сүгір жыршының, Тобанияз Әлниязовтың астарында ұйымдастырылған айтысқа қатысып, жүлделі орындарды иемденген өнерлі жан. Салт-дәстүрге негізделген «Тұсаукесер», «Ән-шашу» әндерінің авторы. Айткүл Әбдразақованы өзіңіз де білесіз. Сазгер, әнші, термеші, әжелер ансамблінің белді мүшесі. Өмірде көрген-түйгені көп, сөздің парқын білетін, тәрбиелі, өнегелі әжелер өздері құлшынып, ықылас білдіріп, маған керек жерінде ақылшы, кеңесші бола білді. Ақшагүл, өзіңіз сияқты әжелер салт-дәстүрге негізделген өлеңдер жазып, репертуарларымыз күннен-күнге байи түсуде. Әжелер ансамблін құрудағы мақсатым - халықтың ұлттық қазынасы - салт-дәстүрі, әдет-әдебін қорғау, дамыту мақсатында, осы күнге дейін жеткен құндылығымыз ту-талақайға түспей, таза қалпында сақталсын және одан әрі дәріптелсін деген ойдан туған еді. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда көріп, жағаңды ұстайтын «жаңа дәстүрлер» көбейген. Шеттен ағылған ағымдар көп. Ата-бабаның бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрін сыйламайтын, өлі әруақты құрметтемейтін дінбұзарлар көбейді. Қоғамға іріткі түсті, шаңырақ шайқалды, ұлдан ұят кетті, қыздан иба жоғалды дегендей адам шошырлық қылықтар көбейді. Әсірешіл халықпыз ғой, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенмен, көбіне артық қыламыз деп, тыртық қылып жатамыз. Көзге ұсақ-түйек көрінгенмен, келешек ұрпақ алдында бұл кешірілмес қиянат деп есептеймін. Салт-дәстүріміздің қаймағын бұзбай, таза қалпында жеткізу үшін, осындай өнегелі әжелерден ансамбль құрып, сол олқылықтарды жоюға әрекет жасап, ұлттық дәстүрді дәріптейтін өнерімізді күннен-күнге дамытып отырған жәйіміз бар.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Каспийдің қазақстандық бөлігінде жаңа мұнай кен орындары игерілмек- Әжелер ансамблімен концерт беру ойыңызда бар ма?
- Әрине! Бірнеше концерттерге қатыстық. Кешегі Амал, Наурыз мерекелерінде жаңа шыққан әндерді шырқап, көпшіліктің ықыласына бөлендік. Бұрын да репертуарымызда халық әндері, соның ішінде салт-дәстүрге негізделген әндер көп болатын. Бұйырса, алдағы уақытта концерт беру жоспарда бар. Дайындалып жатырмыз.
P.S. Өнегелі ұстаз, өнерпаз, ардақты ана, асыл әже Махпуза Батырқызымен сөйлескен сайын қазақ әйеліне ғана тән қайсарлық пен сабырлылық, парасаттылық пен көргенділік сияқты тектілік қасиеттерді аңғарасың. Қазақи тәрбиемен ауыл тәртібінде өскен қарапайым әйелдің жан-дүниесі бай. Ақын Т.Молдағалиев айтқандай: «Тезектің түтіні мен малдың маңыраған үнін естімеген жан, табиғат сұлулығын сезіне алмайды» деген сөзі осы Махпузаға арналғандай. Атақты Сүйінғара батырдың ұрпақтары саналатын Есболай сияқты елге танымал ақсақалдың келіні бола жүріп, ата-ене, жұртшылықтың көңілін таба жүріп, киелі сахнада ән салған Махпузаның жанкештілік өміріне де, өнеріне де таңқалмасқа амал жоқ. Әншімен сұхбаттан соң, Әжелер ансамблінің мойнына алған жүгі шынында жеңіл емес екендіктерін халыққа жеткізгіміз келеді... Нар көтере алмас зілдей жүкті бір иығына салып, ұршықтарын иіріп, тоқымаларын тоқып, сырмақтарын сырып отырып,құлақтан кіріп, бойды алар әсем әндерімен көпшілікке ой салып жүрген батыл ойлы, ұлт жанды, қазақтың салт-дәстүрімен, жөн-жоралғысымен біте қайнасқан әжелеріміздің осындай іс-әреттеріне жан сүйсінеді. Отбасындағы күйкі тірліктен гөрі, ел тағдыры мен ұрпақ болашағына көбірек ден қойған кейуаналарға таусылмас күш-қайрат тілейміз. Елдің тыныштығын тілеп, сәбидің тәтті ұйқысын күзетіп, ұрпақтың тәрбиелі, ұятты болуына қосқан ұшан-теңіз еңбектері ұлт қоржынына құйылған асыл қазына болғай!
Орынгүл СМАҒҰЛ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі