©
Қылмыс түбі – жаза. Теріс жолға түсіп, от басып, қылмыскер атанған жанға қол-аяғына бұғау салынып, темір торға қамалатыны белгілі. Қауіпті болып танылып, қоғамнан жырақталатыны да анық. Бұл қарапайым ақиқатты біле тұра, өмірі алда, жастық шағы жалындаған, балғын сезімге бөленген жасөспірімдер болашағын қия қылмысқа неге барады? Біреудің ықпалына, азғыруына еріп, қолшоқпары бола ма, әлде отбасы мен достарынан, қоршаған ортасынан алған «теріс тәрбиесі» әсер ете ме, беймәлім...
Өмірін қара түнекке бояп, жарқын келешегіне балта шабатын қылмыс әлеміне жастар неге құштар? Бұл сауалға жауап беру оңай емес. Қазіргі ақша мен бедел билеген заманда ақ пен қараның аражігін ажырата алмайтын, өмірге деген көзқарасы қалыптаспаған, жан-жағына адал көңілмен, шексіз сеніммен қарайтын жасөспірімдердің жан дүниесі өзгеріске жиі ұшырайды. Көшедегі достары мен құрдастарының қалтасы ақшаға толы, қолдарыңда соңғы үлгідегі смартфон, үстерінде сәнді киім болса, баланың көңілі құлазып, ойы сан-саққа жүгірері анық. «Абыройлы», «мықты» құрдастарына еліктеушілік басталады. Соларға қарап бой түзейді, солар сынды абыройлы болғысы келеді. Өкінішке қарай, бұл қанағатсыздық сезімге берілген бала тентек құрдастарының арбауына түсіп, сөздеріне ереді, істерін қайталайды. Ақша мен беделге ие болудың төте жолдарын іздестіреді. Міне, осындай уақытта балаң көңілді, аңғал мінезді жасөспірім тура жолдан тайып, жаңылыс басып, заң алдынан бірақ шығуы ғажап емес. Басқа да жағдай болуы мүмкін. Әкесінің қамқорлығы мен анасының махаббатын көрмеген, ұрыс-керіс, зорлық, шу ортасында өскен баланың психологиясы тұрақты болмайтыны айтпаса да түсінікті. Ондай шайқалған шаңырақтан алшақ болуға тырысып, көше кезіп кеткен балалар қаншама?! Көз байланып, даланы қараңғылық басқанда көшеде жүрген ол бір бәлеге ұшырары кәдік. Демек, қауіпке құмарлық, қызығушылық, қанағатсыздық, шынайы өмірден қашу, кекшілдік, қызуқандық, өз өміріне немқұрайлылық, еліктеушілік, жеккөрушілік – қылмыс әлеміне апарар жексұрын сезімдер десек қателеспейміз.
Жастардың қылмысқа баруының себептері тек осындай жайттар мен шектелмейді. Оны түсіну үшін әрбір қылмыстың түбін тексеріп, себептерін саралаған абзал. Кейбір жасөспірімдер топқа еріп, абайсыз да қылмысқа қатысушы болып қалса, кейбірі ашуға бой алдырып, біреуден өш алам деп, сезіміне бұғау сала алмай, қылмыскер атануы мүмкін. Сондай кезде баланың үлкен өмірге қадам баспай жатып, құқық қорғау органдарының есебіне тіркеліп, жауапкершілікке тартылуына кім кінәлі?! Қоғам ба, ата-ана ма?!
Маңғыстау облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының аға инспекторының міндетін атқарушы, полиция капитаны Камила Қылишаева:
– Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесі өте өзекті. Түйткілдің түйінін шешу үшін көп тер төгу қажет. Жеткіншектер – балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге әлі қадам баспаған – жарқылдаған жастар ғой. Өтпелі жаста тұрғандықтан, олардың психологиясы, өмірге, қоршаған ортаға көзқарасы әлі толық қалыптаспаған, сезімдері өткір, жанары жалынға толы, жан-жағына қызығушылығы басым болады. Онымен қоса, ата-анасы мен үлкендермен қақтығысқа түсіп, араларында жиі кикілжің орын алады. Біздің полиция тобы осыларды ескере отырып, тентек жастармен етене жұмыс істеуге тырысады. Тәрбиелік, рухани әңгімелер жүргізіп, жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа шақырады. Жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күресу, оның алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар, шаралар ұйымдастырып тұрады: «Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсымыз», «Түнгі қаладағы балалар», «Бопсалаушылықсыз мектеп», «Қолайсыз отбасы» сынды акциялар, рейдтер өткізіп, анонимдік сауалнамалар жүргізеді.
Камиланың көрсеткіштеріне сенсек, кәмелет жасына толмаған жастардың қатысуымен 2016 жылы – 78, 2017 жылы 68 қылмыс дерегі тіркелген. Жасалған қылмыстардың басым бөлігі – ұрлық пен бұзақылық. Алайда оның ішінде қасақана денсаулығына ауыр дәрежедегі дене жарақатын салу, жыныстық тиіспеушілікке қатысты қауіпті қылмыстар да аз емес. Адам өлтіру дерегі тіркелмеген. Ал 2018 жылдың басынан бері жасөспірімдер 12 қылмыс жасаған.
«Бүгінде Маңғыстау облысын да 300-ге жуық жасөспірім есеп те тұр. Жыл сайын оның саны өзгеріп тұрады. Себебі бала есепке тек бір жылға ғана тұрғызылады. Қылмысқа барған жастың артынан қатаң бақылау орнатылады. Ай сайын қызметкерлеріміз есепте тұрған жасөспірімнің үйіне бас сұғып, отбасымен танысады, ата-анасымен сөйлеседі. Баланың от басы қандай, қоршаған ортасы, достары қандай, осының бәрі тексеріледі, қаралады. Жеткіншектің кінәсін мойындатып, қылмысты қайталамауы мақсатында онымен ғибратты әңгімелер жүргізіледі, профилактикалық шаралар өткізіледі. Заң бойынша кәмелет жасына жетпеген жасқа түнгі сағат 23.00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс, жалғыз жүруге тыйым салынған. Ал түнгі сағат 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін жастарға жанында заңды өкілдері болмаса, кафебарларда, ойын-сауық орталықтарын да жүруге мүлдем болмайды. Бұл талап бұзылса, баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Сондай-ақ бала бір жыл ішінде екінші рет қайталап жасаған жағдайда, оның ісі сотқа жолданып, соттың шешімімен ол 3 айдан 6 айға дейін ерекше талаппен есепке алынады. Мұндай кезде жасөспірімнің жүріп-тұруына шектеу қойылады. Басқа аудан, ауылға бару үшін, инспектордан рұқсат сұрайды», – дейді К.Қылишаева.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесін шешу тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес. Оған баланың ата-анасы, мектеп мұғалімі, қоршаған қоғамы да жауапты. Бүгінде жастардың басым бөлігі – мектеп оқушылары мен колледж студенттері. Мектеп қабырғасында бала білім алумен ғана шектелмейді, онда достармен араласып, жаңа таныстар табады. Кейде араларында келіспеушіліктер туындап, арты ұрыс пен төбелеске де ұласуы мүмкін. Міне, сондай кезде мектептегі инпекторлар көмекке келеді. Облыс бойынша 157 юве налды полиция инспекторы бар, олардың 115-і білім беру орындарына бекітілген. Олар аймақтағы барлық мектеп пен колледждерде жастар арасындағы қылмыстың алдын алып, олардың құқықтарын қорғап, білім орындарындағы тыныштық пен қауіпсіздікті сақтайды.
Ал білім мен тәрбие ордаларындағы оқуды тастап, көше кезіп, бұзақылық жасайтын жүгенсіз жасөспірімдерге қандай шара қолданылады? Аймағымызда «Девианттық мінез-құлықты балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат» мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді. Мектептің негізгі қызметі – әкімшілік жазалау шараларына әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды жиі жасайтын, орта білім алудан қасақана жалтаратын, отбасынан және балалардың оқу-тәрбие ұйымдарынан үнемі кетіп қалатын, өзге де қоғамға жат іс-әрекеттер жасайтын 11 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған жетімдер мен сәтсіз жанұядан шыққан тәрбиеленушілерді тәрбиелеу, оқыту, әлеуметтік оңалту қызметімен айналысу. Бүгінде онда 4 бала тәрбиеленуде. Балаларды дұрыс жолға салып, заңға қарсылықтың арты неге әкеп соғатынын түсіндіру мақсатында мектеп ішінде білікті мұғалімдер, мықты психологтар жұмыс істейді. Әрдайым балаларды түрлі өнер мен спорт үйірмелеріне қатыстырып, аймағымыздың көрікті жерлеріне саяхат жасатып, бос уақыттарында кино әлеміне, сауда орындарына, теңізге апарып, қыдыртады. Жасөспірімдердің жүрегіне мейірімділік дәнін сеуіп, қайырымдылыққа баулу үшін облыстық «Қарттар үйіне», «Зағиптар қоғамы» мен «Облыстық балалар ауылына» апарып, қайырымдылық шараларын өткізеді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңа зауыт — өмір талабыЖалпы жасөспірімдердің қылмыс жасауына не түрткі? Оларды қараңғы әрі зұлым әлемге қадам басуына не итермелейді? Біз осы сауалды кәмелет жасына жетпеген балалармен жұмыс істейтін полиция капитанына қойдық.
«Баланың тәрбиесі отбасынан бастау алады. Өкінішке қарай, қазір кейбір ата-аналар балаларына көп көңіл бөлмейді, әңгімелесіп, мектеп, достары, өмірі туралы дидарласпайды. Жұмысыма кедергі болмасын деп, қолына қымбат телефон, планшет беріп қояды да, өзінің ата-аналық парызынан құтылғандай болады. Жеткіншек атаананың ақшасы мен дүниесіне емес, ыстық махаббаты мен қамқорлығына зәру! Экрандағы неше түрлі зорлық-зомбылықты көрген бала мейірімділік пен ізгілік қасиеттерден жұрдай, ашуланшақ, күйгелек, жалқау болып, онымен қоса қылмыс жасауға ықыласы артуы ықтимал. Қазір материалдық жағдайы жақсы, толыққанды отбасынан шыққан балалар қылмысқа көп барады. Қызметімдегі тәжірибеме сүйенсем, көбінесе балаларды бұзатын – ата-анасының немқұрайлылығы. Өкініштісі, балаға бей-жай қарағанның салдары тым ауыр...» – дейді Камила Жарылғасынқызы.
Қылмыстың түбі – қорлық, жаза. Оны білетін, түсінетін жасөспірім неге қылмыс жасайды? Бәлкім, біз бала тәрбиесіне, жасөспірім психологиясына тиісті назар аудармай отырған шығармыз? Кәмелет жасына толмаған жастарды қылмыс әлемінен алшақтатып, жамандықтың құрығынан құтқару ісіне бір жұдырықтай жұмылуымыз қа жет. Ата-ана, мектеп, қоғам – жеткіншектің әлемі осы үш ұғымнан құралады. Аталған тараптар өз шеңберінде баланың тәрбиесіне көп көңіл бөліп, жүйелі жұмыстар жүргізуі тиіс. Көшеде сенделіп, бұзық топқа қосылып, отбасатын балалардың бос уақыты көп болады. Олар уақыт деген алтынның қадірін білмейтіндіктен, пайдалы істер мен шұғылданудың орнына жаман ойларға беріліп, теріс әрекеттерге ден қояды. Сондықтан баланың сабақтан кейінгі бос уақытын спорт не өнер үйірмелеріне қатыстырып, толтыру керек. Достары мен таныстары қандай адамдар екенін білген жөн. Жеккөрушілік, немқұрайлылық, қызуқандылық сезімдері қайдан пайда болғанын зерттеп, жасөспірімнің психологиясына ерекше мән беру – ата-ананың міндеті. Баланы қамқорлыққа бөлеп, қорғайтын ата-ана жан дүниесіне үңіле білер, сезімін түсінер, жүрек түбіндегі ойларына құлақ түрер сенімді дос бола білсеңіз ұтылмасыңыз хақ. Қазірден бастап болашақтың тәрбиесіне тиісті көңіл бөлмесек, кейін опынып қалуымыз мүмкін!
Ханым ҚУАТ Көрнекі сурет сайттың архивінен