Наурыздың 20, 21-і күндері аудан орталығына жақын орналасқан Ералы стансасы мен Аппақ ауылдарында Ұлыс мерекесі тойланды. Орталық алаңдарда ағаш үйлер тігіліп, таңнан мерекелік әуендер ойналды. Мерекелік шараларды ашып, аудан әкімінің м.а Қ.Беков, ауыл әкімі Қ.Шамұлы құттықтау сөз сөйледі.
Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Е.Күмісқалиев, аудан әкімдігінің аппарат басшысы А.Атадусов, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, білім бөлімінің басшылары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Бишенов және Құрық ауылы ақсақалдары мерекеге қатысып, ізгі тілектер арнады. Стансадағы тойға «Маңғыстау-Тазалық» ЖШС мекемесінің атынан, Аппақ ауылындағы тойға №6, №9-мектептердің атынан киіз үйлер тігіп, ұлы дәстүрлерді ұмыт қалдырмай ұлықтаған басшылар А.Итыбаева, З.Құсайынова, Д.Жарылғапова және олар бастаған мекеме қызметкерлері ұйымшылдығын танытып, мерекеге келген қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Мерекеде кездескен аталарымыз, әжелеріміз және аналарымыз бір-бірі- мен ақ пейілмен амандасып, төс қағыстырып, көрісіп жатты. Сонымен қатар Наурыз мерекесінде жұртшылықтың ықыласына бөленген әншілер мен бишілердің өнерлерімен қатар ұлттық ойындар және спорттық жарыстар ұйымдастырылды. «Асық ату», «Бес тас» және тағы да басқа ойындары ойналса, кейін балалар арасынан шыққан нағыз мықтылар күш сынасу шеберліктерін ортаға салды. Сондай-ақ «Сырға салу», «Тұсау кесер», «Қыз ұзату» атты көріністерді сомдаған №2 орта мектебінің бір топ мұғалімдері мерекелік шараны одан әрі қыздыра түсті. Ал, концерттік бағдарлама және ұлттық қолөнер көрмесін дайындаған №6, №9-мектеп ұжымдарының өнеріне жұрт жоғары баға берді. Аппақта жалпы жұртшылыққа арналып ақ дастархан жайылып, наурызкөже таратса, стансада аудандық жұмыспен қамту бөлімінің қызметкерлері тұрғындарға бос жұмыс орындары туралы бетшелер мен Наурыз тойға арналған тәттілерді тарқатып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Өз тілшіміз
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда «Оқу—білім бұлағы» атты білім сайысы өтті