Мен ұлы даламыздың көрікті жерлерінің бірі Көкше өлкесінің ғажайып пұшпағы – Бурабайды тілге тиек еткім келеді. Бурабайдың табиғаты қарасаң көз тоймастай, жаныңды рахатқа бөлейді. Қазақ даласының нақ маржаны дерсің!
Биші қайыңдар деп аталып кеткен ағаштары мен қарағайлы орманы аңызға толы. Оқжетпес, Жұмбақтас, Жекебатыр қиятастары Бурабайға ерекше көрік беріп тұрады. Ал Қотыркөл, Шортанды, Шарбақты, Бурабай көлдері тынық, мөлдірлігімен ерекшеленеді.
Қазағымыздың атақты ақыны, жалынды жазушысы – Сәкен Сейфуллин Бурабай туралы өзінің «Көкшетау» өлеңінде былай жырлап кеткен:
Тағы да ақбас бура емес атан, Жүріпті Көкшетауды қылып Отан. Мұны да көзі көрген қарт айтады, Тыңдаған әлеуметке алқа-қотан. Тағы екен жанға ұстатпай жүрген қашып, Күркіреп тұрады екен көбік шашып. Бір көлді мекен қылып күнде келіп, Су ішіп кетеді екен алшаң басып. Дүниеде әрбір бөлек жердің аты, Себеппен қойған бәрі елдің аты. Бурабай атаныпты содан бері, Ақ Бура мекен етіп қылған аты. Мөп-мөлдір Бурабайдың суы күміс, Көргенде шаршаған жан алар тыныс. Мінбелеп қоршалаған шымылдықтай, Қарағай, қайың менен қалың жыныс.Бурабайды екінші Швейцария деп те атап кеткен. Бурабайдың табиғаты, көз тартар сұлулығынан бөлек, жан-жануарлардың сан алуан түрлері де кездеседі. Оның ішінде 10-нан астамы «Қызыл кітапқа енгізілген. Өсімдіктер әлемінің де 200-ден аса түрі кездеседі. Ол өсімдіктерден адам денсаулығына өте пайдалы көптеген емдік шөптер де дайындалады. Қазіргі таңда Бурабайда туризм өте жақсы дамыған, әлі де дамып келеді. Ондағы спорт, демалыс кешендері, қонақ үйлер мен шипажайлар шетелдікінен кем түспейді деп ойлаймын.
Бұл аймаққа денсаулығын түзету және демалу мақсатында жыл сайын Қазақстанның түпкір-түпкірінен, сондай-ақ алыс және жақын шетелдерден демалушылар, туристер келіп жатады. Бурабайдың балшығы мен минералды суы емдік қасиетке бай. Сондай-ақ мен Қазақстанда осындай керемет мекен бар екенін мақтанышпен айта аламын. Бұны әрбір қазақ баласы біліп мақтан тұтып жүрсе деймін.
Үміт ЖӘЛЕКЕ Көрнекі сурет әлеуметтік желіден алынған
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Көрмеде — ұлттық тағамдар