Медициналық жоғары оқу орнын бітірген кезде қыздардың көпшілігі балалар дәрігері, терапевт немесе акушер-гинеколог мамандығын таңдап жатады. Ал бүгінде Жаңаөзен қалалық реанимация бөлімінде анестезиолог-реаниматолог болып қызмет атқаратын Дариға Мекебаеваның бала күнгі арманы операция бөлімінде жұмыс жасау еді.
Орал қаласында дүниеге келген Дариға 1993 жылы орта мектепті бітірген соң арман қуып Ақтөбе қаласындағы медицина институтына оқуға түседі. Анестезиолог мамандығы бойынша алты жыл білім алып, оны 1999 жылы тәмамдайды. Алған білімді тәжірибеге ұштастырған оның бүгінге дейінгі медицинадағы қолтаңбасы орасан зор. Студент кезінде жаңаөзендік Марат есімді жігітпен танысып, таныстығы махаббатқа ұласқан екі жас дәрігер отау құрып, 2001 мұнайлы қала Жаңаөзенде алғашқы еңбек жолдарын бастады. Дариғаның өмірлік жолдасы Марат Мекебаев - қаладағы білікті травматологтардың бірі. Еңбек жолын реанимация бөлімінде бастаған Дариға Тілегенқызы өз ісінің маманы. Алғаш рет жұмысқа орналасқан кезде жетекшісі Мұрат Сарыев, Аман Орыналиев секілді білікті дәрігерлердің ақыл-кеңесін өмірлік ұстаным деп білді. Қатардағы жас қызметкерден анестезиолог-реаниматолог дәрежесіне дейінгі тәжірибесі өз ісіне адал, антына берік ақхалатты абзал жанды одан сайын шыңдай түсті. «Әйел адамға реанимация бөлімінде еңбек ету қиын емес пе?" деген сауалымызға:
- Пышақ үстінде жатқан аурудың үмітін өшірмей, оны өмір сүруге талпындыру, құштарлығын ояту, жақсылыққа сендіру қаншалықты ауыр болса, наркоз беретін анестезиологқа артылар жауапкершіліктің өлшемі де соншалықты жоғары. Адамның қанын көру, онымен жұмыс жасау кезкелген адамның қолынан келе бермейді. Адам өміріне жауапты боласыз. Операция жасамас бұрын қалай болар екен деп ойланып шықсақ, операциядан кейін де түнімен ұйықтай алмайтын кездеріміз болады, - дейді Дариға.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қос жерлесімізде — қола жүлдеМезгіл мен уақытты таңдамайтын, тәуліктің кез келген уақытында операцияға кететін Дариға Мекебаеваның жұмысы оңай емес. Марат пен Дариға Мекебаевтар - 5 бала тәрбиелеп отырған үлгілі жанұя. Олардың үлкен қызы Камила да ата-ана жолын қуып, бүгінгі таңда Ақтөбе қаласындағы медицина университетінде білім алуда. Дариғаның айтуынша, балаларын тәрбиелеуде ата-енесінің еңбегі зор.
Халықаралық әйелдер мерекесінде Дариғаның еңбегіне жемісті табыс, ұлт саулығын нығайту жолындағы қызметіне сәттілік тілеймін.
Гүлсім ОСПАН