Бибінұр - Орал өңірінде туып-өскен жан. Оның жастайынан арман-мақсаты – ұстаз болу. Сол асқақ арманның жетегімен келіп, облыс орталығындағы педагогикалық институттың тарих-филология факультетіне оқуға түсті.
Оқуға түсуден аққұба, бидай өңді, қолаң шашты, талдырмаш, балауса бойжеткенге батыс қазақстандық «бақталастардың» қатары қалыңдай берді. «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» дегендей сонау Бесқаладан келіп Оралдың ауылшаруашылығы институтының инженер-механиктік факультетінде оқитын Жолдыбай Әліпбаев жүрегін қалай жаулап алғанын жас ару алғашында аңғармай да қалды. Өйткені мінезі ашық, денесі шымыр, спортпен шұғылданатын сымбатты да аңқылдаған азаматтың кез келген күлімкөздің көзқұртына айналған кезі болатын. Әрине, Жөкең көп қызға арман, бір қызға дәрмен боларын өзі де байқай бермейтін.
1975 жылы екеуі де институтты тәмамдады. 21 жастағы батыстың балаусасы арманға қол созып, күрестен спорт шебері Жолдыбаймен қол ұстасып, дүниенің қай түкпіріне болса да қанат қағуға дайын еді. Сөйтіп тағдырлары табысып, Түрікменстанның Ташауыз қаласына ойламаған жерден топ ете қалды. Әрине Бибінұрдың бұрын құлағы естіп, географиялық картадан білетіні болмаса, Ташауыз – көрмеген жері. Көріп, білу түгілі үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Ташауызды тұңғыш естігенде төбе шашы тік тұрып түңілмегенімен, тіксініп қалғаны рас. Көз алдына марқа қозының терісінен тіккен селкілдеген сәлде киген, қолдарына қалқан, найзы, қылыш ұстап, иықтарына бесатар мылтық асынған, астарына Ортекедей орғыған Ахалтеке мінген, қара мұртты, қабақтары қатыңқы, түстері суық қалың түрікпен елестеп қоя берген. Демек ол кинофильмдерден көрген суреттер мен қиялдағы болжамдар екен.
Шын мәнінде Ташауыз, бұл ойлағандай, қорқынышты шаһар болмай шықты. Әрине, Қазақстанға қарағанда, әсіресе, Орал өңірінен өзіндік ерекшеліктері бар. Тұрғындарының тілдерінде де айырмашылық жеткілікті. Бірақ жергілікті диалектісі жұрттың бәріне түсінікті сияқты. Бір-бірімен жеңіл сөйлесіп, бір-біріне жылдам түсініседі. Ташауыз – Түрікменстанның облыс орталығы болғанымен, тұрғындары бірыңғай түрікмендер емес. Араласып өзбек, қарақалпақтар да жүр. Қазақтар да жеткілікті. Орыс тілі онша қолданылмайды. Тіпті кейбіреулер орыс тілінде сұрақ берсең, қырындап жауап бермей кетеді. Бәрі де бір қалада өмір сүргендіктен бе, әйтеуір бір-бірімен өте тату және кішіпейіл. Түрікмендер мен өзбектердің әйел-қыздары қазақ, қарақалпаққа қарағанда ерекшелеу. Киген киімдері кілең ұлттық үлгіде тігілген. Көйлектеріне өңіржиек салынған, жеңдері де, етектері де ұзын. Ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген, тобықтан төмен түсетін көйлектер. Көшеде тізеден жоғары, қысқа юбка киіп жүрген бірде-бір нәзікжандылар көзге түспейді.
Оқу бітіріп келген жас маман әп дегеннен осындай ортаға түсті. Жаңа оқу жылы басталмай-ақ Бибінұрға жұмыс табылды. Қаладағы оқытушылары мен оқушылары көп өзбек мектептерінің біріне орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін оқытушы болып жұмысқа орналасты. Жаңа ұжым, арманына жаңа қол жеткізген жас маманды үйіріп-ақ әкеткен сияқты. Жиі-жиі ойға оралатын Оралдағы ата-ана, тума-туыс, құрбы-құрдастарын ойлауға да уақыт тапшылығы сезіле бастағандай. Тек қана оқта-текте жүрек түкпіріндегі сағыныш бір бұлқынып, өткен күндерін еске түсіргені болмаса, бұрынғыдай мазаламайды.
1975 жылы ұлды болды. Бұл тұңғыш перзенті Бибінұрдың отбасына деген сенімін нығайтып, қазығын қатайта түсті. Ата-ене, отбасы мен жарына деген бұрынғы сүйіспеншілігіне аналық махаббат пен мейірім қосылды. Шуақты күндердің шапағаты төңірегіне шашырап, өмірге деген құлшынысы арта түсті. Отбасында беделі биіктеп, ұстаздар ұжымы арасында мерейі үстем бола бастады. Сөйтіп жүргенде 1978 жылы дүниеге екінші перзенті Әлия келді.
Арадан тағы үш жыл өтті. Бір күні отағасының аузынан «Атамекенге қоныс аударамыз. Сол жақтан да жұмыстың реті келіп тұр» деген бір ауыз сөзін алғаш естігенде жүрегі жарылардай қуанған. Келін болып түскелі арада өткен 7 жылда түрікмен жерінде қалай шыдағанына қайран қалды. Дегенмен көңіліне қанат біткенде қасиетті туған жер топырағына құстай ұшатын күнді тағатсыздана күтті. Әйтсе де жеті жыл бірге еңбек еткен ұжымдастарын, бір көшеде тату-тәтті бірге тұрған көршілерін де көзі қимайтын сияқты. Себебі Бибінұр оларға да әбден үйренісіп, бауыр басып қалған. Ташауыздың түрікмені, өзбегі, қазағы болып, бәрі бір атаның баласындай араласатын. Әсіресе, атаулы мерекелік шараларда түрікменнің дутар, гіржегі, өзбектің рубап, дойра, кернай-сырнайы, қазақтың домбыра, қобызы қатар жүретін. Үш халыққа да ортақ шаңқобызбен қазақша, түрікменше, өзбекше, қарақалпақша саздардың жиынтығын құйқылжыта попурилеткенде төбе құйқалары шымырлаған көрермен-тыңдармандар сүйсіне қол соғатын. Осындай жаны жайсаң жандарды қалай көзің қиып кетесің? Бірақ жеме-жемге келгенде Бибінұр үшін туған жердің топырағы қандай ыстық болса, түтіні де сондай тәтті болып сезіледі. Осындай сезім жас келіншектің бойында соңғы кездері ерекше күшейіп, алаулай түскен секілді.
1981 жылы Әліпбаевтар отбасы киелі мекен Маңғыстауға келіп қоныстанды. Бибінұр Саттарқызы Маңғыстау стансасындағы №86 орта мектепке орыс тілі және әдебиеті пәнінен мұғалім болып жұмысқа орналасты. Сонымен бірге екі жыл мектеп директорының тәрбие істері бойынша орынбасары болып қызмет атқарды.
Ол жерде екі жыл жұмыс істегеннен кейін жұмыс жағдайымен Жаңаөзенге көшеді. Ол жерде Қызылсай кентіндегі №4 орта мектепте оқушуларға орыс тілі және әдебиеті пәнінен сабақ береді. Тағы да сол мектеп директорының тәрбие істері жөніндегі орынбасары болды.
Бибінұр Саттарқызының екі республикадағы үш мектепте өткен 15 жылдық ұстаздық жолы педагогтік кәсіптің небір терең қырлары мен сырларына қанықтырып, қалыптастыра түсті. Жылдан-жылға тәжірибе жинақтап, ұлағатты ұстаздардың ұлылығы туралы ұлы ойшылдар мен данышпандардың айтқан даналық сөздерінің ақиқатына айқын көз жеткізе бастады. Өмір көрді, жақсылы-жаманды жұртпен, қоғаммен араласты. Осының бәрі оның бойына тәжірибе болып жинақтала берді. Кәсібінен кемелдене бастады. Жаңылысқан жанға ақыл-кеңес айтып, жығылған, сүрінгендердің қолтығынан демеп, алжасқандарға түзу жол сілтейтін жасқа жетті. Сондықтан біліміне тәжірибесі сай, ұлылықты ұлықтайтын ұстаздар қатарына қосылған. Бибінұрдың білімін, білігін, әдісін, тәсілін білім саласында пайдаланып, одан әрі шыңдай түсу мақсатында Жаңаөзен қалалық білім бөліміне қызметке ауыстырды. Ол жерде 1995-2000 жылдар аралығында білім бөлімі жанындағы әдіскерлік орталықты басқарды.
2000 жылы Жаңаөзендегі О.Тұрмағанбетұлы атындағы мұнай және газ колледжі директорының ғылыми әдістемелік жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Осында жүріп колледж мұғалімдерінің шығармашылығын дамытуына, олардың оқулық жазып, оқу-әдістемелік кешендерін жасауына, стандарттар жасақтауына, республика көлеміндегі оқу-әдістемелік бірлестік болуына бір кісідей атсалысып, сүбелі үлес қосты. Осы жұмысты республика көлемінде сегіз жылдай басқарып, ұйымшылдықтың ұйытқысы болды.
- Соның ішінде өзім де оқу-әдістемелік кешен жаздым. Бірнеше мұнай және газ ісі мамандықтары бойынша стандарттардың авторларының бірі болдым. Кәсіптік техникалық оқу орындарына арналған әдістемелік құралдар жаздым. Олар республика көлеміндегі сынақтан өтіп, республиканың кәсіби техникалық оқу орындарына сынама оқулық ретінде таратылды. Дегенмен кезінде жұмысбастылықтан атсалыспай қалдым. Сондықтан қазірше көптаралымды болып шыға қойған жоқ, - дейді Бибінұр Әліпбаева өткен күндерін еске алып.
Тәжірибесі мол, ұйымдастырушылық қабілеті мықты, сауаты санасына, ұқыбы біліміне сай келетін жанды тиісті орындар үлкен сенім артып осы оқу орнының басшылығына бекітті. Колледждің тізгінін ұстағасын толықтай тоғыз жыл тағы да маңдайдан тер төгіп, қызмет жасауына тура келді. Осы уақыт аралығында колледждің алға ілгерілеуіне, жан-жақты жетілуіне, республикалық және халықаралық деңгейлерде танылуына ұжыммен, шығармашалық топпен бірге отырып ерен еңбек етті. Жалпы білім берудің өзі – тәрбие. Тәрбие – тиянақты білім алудың тірегі. Тәрбие мен білім қатар ұғым. Екеуі ұштасса ғана келешек мамандардың өндірістегі өмірінің қайнар көзі болмақ. Сол үшін Бибінұр Саттарқызының ұлағатты ұстаздық ғұмырының басты арқауы, басым бөлігі тәрбие жұмыстарымен астасып жатыр. Ол бұдан өмір бойы жалықпайды. Әлі де жалғастыра береді. Өйткені білім, ғылым, тәрбие – қартаймады. Керісінше, маман кемелденіп, марқайған сайын адам бойындағы қасиеттер қалыптасып, толығып, жасарып, әбден уылжып піскен жеміс ағашының шақасы сияқты төмен қарай иіле түседі.
- Біздің міндетіміз – біліммен бірге тәрбие беру. Сондықтан басты бағытымыз – оқыту, білім беру. Ал басты міндетіміз сол жастарға білім бере отырып – тәрбиелеу. Соның ішінде, әсіресе, қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу. Өйткені оқу мен тәрбие егіз ұғым. Тәрбиелі жас тиянақты білім алып шықса, келешектегі еңбегінің жемісі де, жеңісі де мол болады. Сол үшін менің ең басты нысанам әрі мақсатым – қатардағы қарапайым мұғалім болғанда да, оқу орнының директоры болғанда да, тіпті қазіргі әдіскер кезімде де жастар тәрбиесін көзден таса қылмау, - дейді Бибінұр ханым. – Себебі мұнай және газ колледжіне қыздар оқуға көп түсе бермесе де, қызмет көрсету мамандықтары бойынша қыздар оқиды. Осындайда мені көбірек ойландырып, толғандырып мазалайтыны – қыздардың дайын емес күйде тұрмысқа шығуы. Өйткені олар көбінесе 9 сыныпты бітіре сала колледжге оқуға келеді. Әрине, олар баяғының еңбекпен ерте есейетін қыздары емес. Жасыратыны жоқ, қазіргі қыздар 15-16 жасында оң мен солын танып үлгермейді. Бұл, бір. Екіншіден, «Қызға қырық үйден тыю, бір үйден жыю» деген халық даналығына көпшілігі, әсіресе әйел аналар жіті көңіл бөле бермейді. Яғни қыздарының мезгілсіз уақта қайда жүргенін, кімдермен болғанын, неге жүргенін тұрақты бақыламайды. Қызының келешегі жөнінде ашық сырласып әңгімелесуге құлық танытпайды. Тіпті анасы қыздарына айтқанды да тыңдата алмайды. Басына кеткен қызы анасының айтқандарына құлақ салмай, жүрдім-бардым тыңдайды. Нәтижеде қыз бала ойламаған жерде аяғы ауырлап қалады немесе тұрмысқа ерте шығуға мәжбүр болады. Ол әлі дұрыс бойжетіп үлгермеген шағында ата-ененің, «сүйген» жардың, балалы болудың қадірін түсіне бермейді. Жалпы отбасының жүгін тарта алмайды. Үй шаруасына шорқақтық өміріне кесірін тигізеді. Барған жерінің ата-енесі, өзін алған жары жақсы болып шықса бірсәрі. Тек шешесіне күнде қоңырау шалып, жылап-еңіреп, сол үйде болып жатқан оқиғаларды сәт сайын төркініне сымсыз байланыс арқылы жеткізіп отырса, әрине ол үйде береке-бірлік болмайды. Сосын «барынан жоғы» деп барған жері де «бәледен машайық қашады» дегендей жылдамырақ құтылуға асығады. Ақыр аяғында жастай ажырасып тынады. Сөйтіп ойламаған жерден мінезсіздігінің, олақтығының, жауапкерсіздігінің кесірінен өмірден опық жейді, тағдырдан таяқ жейді. Әрине, бұған ең басты кінәлі – анасы. Өйткені жас қыздың көп уақыты көшеде емес, түнгі клубта емес, анасының қасында өтуге тиісті. Оған үй шаруасын, тігін тігуді, дәмді тағам әзірлеуді, ыстық пен суыққа төзімділік танытуды жастай үйрету – анасының ең басты парызы мен қарызы. Басқа ешкімді кінәлаудің қажеті жоқ.
Иә, біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған – Бибінұр Әліпбаева аталмыш колледжді басқарып жүріп зейнеткерлік жасқа шыққанын да аңғармай қалды. Дегенмен 58 жасқа шыққанда ешкім «зейнеткерлікке кете ғой» деген «қолқа салмады». Өзінің де жастайынан иелеген сүйікті кәсібін көзі қимады. Ешкім «көз алартпағасын» жұмысын жалғастыра берді. Сөйтіп жүргенде арадан тағы 5 жыл көзді ашып-жұмғанша зуылдап өте шықты. 63 жасқа келгенде ҚР Үкіметінің зейнет жасындағылар туралы қаулысы жарияланды. Сол үшін Бибінұр таласып тартыспай, ұжымдастарына алғыс айтып, елдің көзінше колледж тізгінін ізіндегі ізбасарларының біріне ұстатып, өз еркімен жұмыстан босады. Бұл оның абыройы мен беделін бұрынғыдан да арттырмаса, бір мысқал да кеміткен жоқ.
Дегенмен денсаулығы жақсы, қажыр-қайраты бойындағы, 18 жастағыдай құлпырып тұрмаса да, әлі өңін бере қоймаған Бибінұр Әліпбаеваның елдің қажетіне жарайтыны тіфә-тіфә көзге ұрып тұр. Ұл-қыздары әлдеқашан үйлі-баранды болып кеткен. Етекке оралатындай немерелері де есейген. Алды жігіт болып, кейінгілері талшыбықтай майысып бойжетіп қалды. Соны жақсы түсінген «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжінің директоры Ісенбай Қалдаманов жұмысқа шақырады. Қазір сол жерде әдіскер.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтаулық оқушылар 9017 келі макулатура жинадыҚазақта «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады» деген сөз бар. Сол айтылғандай Бибінұрдың үш перзентімен олардан сүйген немере, жиендері және өзінен тәлім-тәрбие алып, өмірдің сан-салалы тарауларына жолдама алған шәкірттері осы қанат пен құйрық іспеттес. Себебі, осыдан 44 жыл бұрынғы жібектей есіліп, есік аттаған ибалы келін, бүгінде кемеңгер әжеге айналды. Осыдан 44 жыл бұрынғы Ташауыз шәһәріндегі өзбек мектебінің босағасын имене аттаған жас маман бүгінгі ҚР білім саласының үздік қызметкері, Алтынсарин атындағы медальдың, облыстық, қалалық білім басқармасы мен бөлімі басшыларының, сондай-ақ қала әкімінің көптеген алғыс хаттары мен грамоталарының иегері болған тәжірибелі, көпті көрген ұлы жолдың үстіндегі ұлағатты ұстазға айналды. Әлі де болса қатардан қалмай өзін қоғамдық жұмыстардан да шеткері ұстамайды. Оқу орнында жас әріптестеріне ұстаздықтың түрлі қырлары мен сырларын, әдістері мен тәсілдерін жалықпай үйретіп жүр. Жаңаөзен қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде өзінің орамды ойлары мен орнықты пікірлерін ортаға салып, қала тұрғындарының кейбір көлеңкелі тұстарындағы меселелерінің оң шешімін табуына ауыз көмегін тигізіп жүр.
- Біз үшін биыл мерекелі де, берекелі жыл. Осы наурыз айымыз екі жылдан бері Елбасымыздың тапсырмасы бойынша бір-бірімізге алғыс айтып, игі ниетпен басталса, 8 наурыз – қызғалдақтай құпырған нәзік жандыларымыздың мерекесі. 13-14 наурыз – «Амал келді, Жыл келді» деп жаңа жылдың кіргенін айғақтайтын, яғни төс түйістіріп көрісетін біздің маңғыстаулықтардың төл мерекесі. 20 наурыз – Маңғыстау облысының құрылғанына 45 жыл толатын күн. 22 наурыз – бүкіл түркі әлеміне ортақ Наурыз мейрамы күні. 6 шілде де Елордамыз Астананың 20 жасқа шығатын күні. Ал осы биылғы 21 қазан - өзіміздің сүйікті де мұнайлы шәһәріміз Жаңаөзеннің 50 жылдық торқалы тойы тойланатын күні. Сондықтан бүкіл тұрғындарымызды, барша әйел-қыздарымызды бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, осы мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларына амандық, дендеріне саулық, жұмыстарына тасқын табыстар тілеймін. Бүкіл арман-мақсаттарының жүзеге асуларына тілектеспін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! – деп Бибінұр Әліпбаева әңгімесін қортындылады.
Иә, күлімдеген көктем мерекелеріңіз құтты болсын асыл әже, аяулы ана, ардақты апа-қарындас, күлімкөз жеңгейлер! Баршаңызға бақыт тілейміз.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН, Жаңаөзен қаласы