Маңғыстау өлкесі – дәстүрлі өнер жауһарларын көздің қарашығындай сақтаған киелі мекен. Облыстағы М.Өскінбаев атындағы филармония «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің әншісі, ел құрмет тұтқан дарын иесі Бауыржан Сатыбалдин ұлт мұрасын жеке мүддеден жоғары қойған жан. Өнерін өмірім деп сүйген аға биыл асқаралы 60 жасқа келіп отыр.
Бауыржан Нұрлыбекұлы 1958 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданы Көптоғай селосында туған. 1964-1974 жылдар аралығында орта мектепті тәмамдап, осы ауданның Жетікөл совхозында алғаш еңбек жолын бастаған. Отан алдындағы әскери борышын атқарып, елге оралған соң аздаған уақыт көлік жүргізушісі болып жұмыс жасады. Туған жердің ыстық-суығын көріп, ысылған Баукең Алматы қаласына келіп, Республикалық эстрада-цирк өнер студиясына Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтың ән мектебіне түсіп, оқуын ойдағыдай тәмамдап шығады. Дәстүрлі өнер жолындағы жұмысын 1983 жылы Маңғыстау облысының филармониясында бастады.
Қазақ өнерінің күретамыры саналған дәстүрлі ән-жыр байқауларында бірнеше дүркін жеңімпаз атанып, арнаулы марапаттарға да ие болды. Атап айтсақ, 1985 жылы Алматы қаласында өткен республикалық «Жастар» фестивалінің лауреаты, 1987 жылы М.Өтемісұлы атындағы республикалық байқаудың бас жүлдегері, 1991 жылы Мұхит Мералыұлы атындағы республикалық байқаудың лауреаты, 1995 жылы Ғ.Құрманғалиев атындағы байқаудың жүлдегері атанған. Талай жылғы еңбегі еленген Бауыржан Нұрлыбекұлы 2008 жылы ҚР Мәдениет қайраткері атанды.
«Қазақтың қасиетті өнеріне кәсіби тұрғыда араласқаныма 35 жылдан асты. Туған жердің топырағы да адамдық қасиеттің қалыптасуына үлкен ықпал жасайды деп білемін. Мен туған өңір сонау күмбірлеп күйін төккен, шалқыған әнін, жампоз жырын айтқан атақты бес бұлбұлдың бірі кешегі Нұрым, өрен жүйрік Қашаған, кешегі жыр дүлділі Аралбайдың айшықты іздері қалған жер. Осы текті бабалардың жолын жалғастырған, үш жүзге аты мәлім, кешегі сал Мұхит қазақ әнінің нар тұлғасы еді, одан кейін ақиық әнші, ұлағатты ұстазым, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғарифолла Құрманғалиев менің өнер жолында қалыптасуыма үлкен ықпал жасаған жандар» дейді Бауыржан Нұрлыбекұлы шәкіртке тән кішіпейілділікпен.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бұл қалада халық шебері Ідірейіс Серікбаевтің де қолтаңбасы барҰлағатты ұстаз Ғарифолла Құрманғалиевтың мектебін тәмамдаған соң Бауыржан аға 1983 жылы Маңғыстау облысына жолдамамен келеді. «Ол уақытта Маңғыстаудың облыс ретінде ашылғанына 10 жыл ғана болған. Жас облыстың негізі қалана бастаған кезден табаны күректей 35 жыл өңірдің өнеріне тамшыдай болса да терімді төгіп, үлесімді қоссам деген мақсатпен қызмет еттім. Сол кезден бері қазіргі М.Өскінбаев атындағы филармонияда дәстүрлі әншімін әрі концерттік мәдени шараларды ұйымдастырушы, әкімгер болып қызмет етіп жүрген жайым бар. Алланың берген жасын жасап, 23 ақпан күні алпысқа толғалы отырмын. Мерейлі күнді осы өлкенің өнерсүйер қауымымен бірге атап өтсек деген жоспарымыз бар. Жалындаған жас шағымыз осы өңірде өтті, ел-жұрттың ортасында қал-қадарымыздың жеткенінше еңбек етіп келеміз. Құдайға мың шүкір, азды-көпті еңбегіміз еленді. Үш рет үлкен жыр додаларына түстім» деген өнер иесі өткеніне көңілтоқтық білдірді.
Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шығатын жыр байқауларында Бауыржан Сатыбалдиннің 600-ге тарта жыршылар арасынан лауреат атанып, бас жүлде иемденіп келген жеңісті сәттері де аз болмапты. Алайда, ол марапаттың ең үлкені – елдің ықыласы, халықтың ыстық лебізі деп біледі екен. Елу жасқа толған мерейлі шағында облыс басшылығы Қазақстанның Мәдениет қайраткері марапатын берген. Содан бері де өнерден қол үзбей, халықтың қызметінде қажыр-қайратын сарқа төгіп келген Бауыржан аға ел алдында есеп беріп, жылдарының жемісі болған шәкірттерімен сахна төрінде қосыла ән шырқамақ. «Алпыс деген де аз ғұмыр емес. Осы кезеңде халық алдында есеп берсем деймін. Менің шәкірттерім бүгінде бәйтеректің тамырындай тереңге жайылған. Немере шәкірттерім бар. Ұстазым Ғарифолланың шөбере шәкірттері де болған. Міне, өнерде ізімнен ерген шәкірттерімнің барлығымен, көптігімен мақтанып, қуанып, сол қуанышымды елмен бөлісуді асыл мұратым санаймын» дейді ол.
Бауыржан аға алғаш 1990 жылы Маңғыстауда музыкалық колледж ашылған тұста ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеу ісін ілгергі уақыттан бастаған. Осы колледждегі тұңғыш шәкірттерінің бірі, бүгінде өнерде өзінің орны бар дәстүрлі әнші Ақмарал Ерімбетова Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алған. Қазір колледжде ұстаздық жолын жалғастыруда. «Сол шәкіртімнің шәкірттері қазір жоғары оқу орнын бітіріп келіп, бізден ақыл-кеңес, бата-тілектерін алып, өнер жолын жалғап, менің немере шәкірттерім атанып отыр. 23 ақпан күні алпыс жасқа толуыма орай өтетін шығармашылық кешіме облыстық филармония директоры Бекбол Таңатарұлы қолдау көрсетіп, қазір сол шараға қызу дайындық үстіндеміз».
Бұл кеште өнерде жүрген аға буын да, кейін келген жастар жағы да Бауыржан Сатыбалдиннің сахнадағы тұғырын биіктетіп, абыройын асқақтатуға атсалысады. «Санаулы өнер ардагерлерінің бірі ретінде алпыс жасымда ардақтап жатқаны мені шексіз қуанышқа бөлейді. Өзім құрмет тұтқан өнерде арқа сүйер ағаларым аз емес. Мерейтой кешінде жыр арнайтын ағамның бірі Бәйімбет жыршы, ҚР Мәдениет үздігі Айдарбек Оңайбаевтың жетекшілігіндегі «Ақжарма» фольклорлық ансамблі, Асанәлі, Кәмшат деген ізімнен ерген іні-қарындастарым бар. Халықтың ыстық ықыласы мен марапат-қошеметіне ие осы өнер адамдары кешімді өткізіп, қуанышымды бірге бөліседі. Серік Сариевтің жетекшілігіндегі «Жорға» би ансамблі, Ақмарал шәкіртім бастаған жас таланттардың өзі бір төбе. Жыршы-термешілер Сәбит Шектібаев, Айнұр Омарова, Әзімхан Баймағамбетов айтулы кеште өзіммен бірге ән шырқайды, жекелей де өнер көрсетеді. Сондай-ақ, талантты күйшілер Еркебұлан мен Мағжан деген өнерлі жастар сахнаны қазақтың күй күмбіріне толтырады» деп Бауыржан аға айтулы кештің жоспарын айтты.
Б.Сатыбалдин Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бастамасы аясында облыс көлемінде мәдениет, өнер саласында атқарылып жатқан өнімді жұмыстар жетерлік дейді. «Шығармашылық кешім де осы мақсат-мүддеге қызмет етеді деп ойлаймын. Халықты рухани байытып, дәстүрлі мұраларымызды насихаттау еліміздің баянды болашағы үшін маңызды екені сөзсіз. Дәстүрлі құндылықтарды жастарға насихаттау ісі үзбей жүргізілуі тиіс. Шәкірттеріме де әркез өнерді қадірлеуді, елге жеткізуді өсиет етіп отырамын» деген ұлағатты ұстаз өзінің өмірлік ұстанымын жеткізді.
«Кезінде ұстамыз Ғарифолла: «Бауыржан балам, Мұқағали ағаң қазақтың қара өлеңіне шекпен жауып қайырды. Сен қазақтың әсем әуеніне шапан жауып қайыр» деп өсиет ететін. Яғни, әннің әуенін, сазын бұзба, ән жақсы, оның орындаушысы – шебер болса, елдің есінен кетпейді, халық оны ұмытпайды дегенді жиі айтатын еді. Мен де өз шәкірттеріме ұстазымнан ұққан өсиеттерді қайталап айтып келемін. Қазақ әніне, ұлттың рухани байлығына асқан жауапкершілікпен қарап, жыр жауһарын сол күйінде халыққа сыйлау керек. Ұлттың өнері – жарқыраған алтын. Оны тот бастырмай алып жүру – өнер иесінің өмірлік міндеті болуы тиіс».
Бауыржан Сатыбалдин Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы дер уақытында халыққа жолданған маңызды құжат деп санайды. «1991 жылы бұл мәселелер көтерілген жоқ. Ол уақытта әуелі елдің әлеуетін көтеру, экономикасы мен саясатын тұрақтандырып, нығайту сынды салмағы ауырт міндеттер тұрды. Даму жолына түскен еліміздің ендігі руханиятын жаңғырту ісі де күн тәртібіне шықты. Өткенімізді ұмытпай, бабадан қалған қасиетті мұраларымызды келешек ұрпаққа жеткізу – біз үшін басты міндеттің бірі. Еліміздің тарих бетінде сақталуына халықтың төл мәдениеті, әдебиеті, өнері, білімі мен ғылымы ғана септеседі. Сайып келгенде бұл тек мемлекеттің немесе жауапты мекеменің міндеті ғана емес, әрбіріміздің, жүрегі қазақ деп соққан әрбір жанның парызы. «Рухани жаңғыру», ұлттық код деген ұрпақты тәрбиелеп, жастардың көкірегіне салт-дәстүр, әдет-ғұрпыңмен, өнеріңмен нәр құю. Бұлай болмаса рух өшеді, рух жоғалады. Өнер – ұлы ұғым».
Өмірдің үлкен белесін абыроймен асқалы отырған Бауыржан ағаның айтары әсте бір кездесу үстіндегі әңгімемен шектелмейді. Әйгілі ақын Сайф Сарайи «Көрсетпеген өнер зая» деген екен. Өнері мен өмірі ел алдында өткен Бауыржан Сатыбалдин осындай мұратпен ел алдында есеп бермек. Ендеше, өнер кешіне асығыңыздар, ағайын.
Жайық НАҒЫМАШ