Маңғыстау ауданы әкімі Ж.Айтуаровтың өткен жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қорытынды есебі аудандық мәдениет үйінде тыңдалды. Кездесуге облыс әкімі Е.Тоғжанов, облыстық басқарма бас- шылары және аудан тұрғындары қатысты.
Маңғыстау ауданы әкімі алдымен өткен жылы жасалған қызметтерді баяндап, толыққанды түсіндіріп өткеннен кейін халық ұсыныс, пікірлері мен көкейлеріндегі сұрақтарын қойды.
Ауыл тұрғыны Ш.Біләлова ауданда жем тасып жүрген кәсіпкерлердің мүжәлсіз отбасыларына көрсететін қандай жеңілдіктері бар екенін сұраса, жеке кәсіпкер Б.Жакупова былтыр ашқан өзінің балалар ойын-сауық орталығының ғимараты тарлық етіп тұрғанын айтып, мемлекет тарапынан қолдау сұрады. Жармыш ауылының тұрғыны Б.Бекмағанбетов Жармыш ауылында ірі – қара малдардың өлу себебі құтыру ауруынан екені анықталып жатқанын айтып, алдын алу шарасын сұрады. Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Болдыхан Айтбаева өңеші күйіп қалып, ота жасату қажет болып отырған баланың емделуіне жалғызбасты анасының қаражаты жетпей, қиналып тұрғанын айтқанда облыс әкімі Е.Тоғжанов тиісті мекемелерге тапсырмасын беріп, баланың отасы мен жол қаражатын көтеріп, емдетуді тапсырды. Мұнан соң ауыл ақсақалы Ө.Жайлаубай ауылда дәрі-дәрмектің жеткіліксіздігін тілге тиек етті. Облыстық мәслихат депутаты Н.Сәрсенбай Өтес ауылындағы балабақша қазіргі заманға сай қайта бейімделіп салынса деген ұсынысын білдірді. Шетпе селосы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Исаев әкімнің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
Жиын соңында Маңғыстау облысы әкімі Е.Тоғжанов ауданда жасалуға тиісті жұмыстарды саралады. Еліміздің дамуы бағытында бірлесе қызмет етіп, ел мүддесі үшін жұмыстануымыз керек екенін айтты.
– Өткен жылы Қазақстан бүкіл әлемдік сауда ұйымына мүше болды. Өздеріміз куә болғандай, Астана қаласындағы 115 мемлекет тамашалаған әлемдік деңгейдегі ЭКСПО2017 көрмесі өз деңгейінде өткізілді. Сондай-ақ өткен жылы біріккен ұлттар ұйымындағы кеңеске Қазақстан Азия мемлекеттерінің ішінде ең бірінші мемлекет болып төрағалық етіп, Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен 200-ден аса мемлекеттің ақылдасқан басқосуы өтті.
Елбасының тікелей төрағалығымен өткен үкіметтің отырысында әкімдердің жауапкершілігіне біздің өлкемізге байланысты алдымызға міндеттер қойылды. Сол міндеттерді алдарыңызда түсіндіріп, Елбасы тапсырмасын жеткізейін деп тұрмын.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Салалардың жұмысы сараланғанда…Өткен жылы Маңғыстау облысы бойынша өндіріс көлемі 99,9 проценттен 101 процентке көтерілді, инвестиция 82 прценттен 101 процентке, құрылыс саласы бойынша 79 проценттен 101 процентке көтерілді.Мұның бәрі – нақты бірлесе отырып, атқарған қызметтердің нәтижесі. Өндіріс көлемі бойынша Маңғыстау облысы биыл Қазақстандағы үлес бойынша 2 орынға шығып отыр. Ауылшаруашылығы бойынша 9 ай ішінде 1 орынға шықтық. Орта, шағын бизнес бойынша 12 орыннан 2 орынға көтерілдік. Мұның бәрі – біз үшін үлкен жетістік. Қазіргі таңда алдымызға қойған үлкен күн тәртібінен түспейтін мәселелердің бірі – елді-мекендерді ауыз сумен қамту мәселесі. Сонымен қатар әкімдердің алдындағы мәселелердің бірі – жұмыссыздық пен күрес. Өткен жылы 26 мың адамды жұмыспен қамтимыз дегенбіз. Дегенмен жыл аяғына дейін 30 мың адамды жұмыс пен қамтыдық. Енді Маңғыстау ауданы бойынша атқарылатын нақты тапсырмаларды атап өтейін. Біріншіден, халық санының өсу қарқынын ескере отырып, үш ауысымдық оқытуды болдырмау. Шетпе селосындағы Ащыбұлақ шағын ауылынан 600 орындық мектеп құрылысы салынып жатыр. Бұл құрылыс биылғы оқу жылында аяқталып, ел игілігіне берілуі керек. Екіншіден, ауылдардағы елді-мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамту мәселесі. Қазіргі таңда Жармыш ауылында сумен жабдықтау мәселесі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нақты айтқанда, ҚазбаАқшымырау, Басқұдық-Бекі су құбыры құрылысын биыл бітіреміз деп отырмыз. Үшіншіден, Шетпедегі кәріз жүйесі. Осы мәселені екі жыл ішінде аяқтауымыз керек. Асфальт жолға байланысты биыл біраз мәселелер шешімін тапты. 23 шақырымдық Тұщықұдық-Шебір арасындағы қатқыл табанды көлік жолы, ҚияқтыТұщықұдық жолы аяқталып, Қызан ішілік 5,7 жолы асфальт жолы ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар күн тәртібіндегі 30 шақырымдық Жыңғылды Шайыр-Шерқала аймағындағы жол құрылысы басталып кетті. Ауылдарды аралап, халықпен кездесулерімізде Қызан-Мәстек жолдарын асфальттау туралы ауыл азаматтары ұсыныстарын айтқан болатын. 36 шақырымдық бұрын асфальттанбаған, тас төселмеген жолды биыл бастаймыз. Ал Шетпе-Ұштаған жолына орташа жөндеу жүргізіледі.
Маңғыстау ауданы облыс бойынша мал шаруашылығымен отырған аудандардың бірі болғандықтан ауыл шаруашылығын дамыту, қайта өңдеу жұмыстарын алу қажет. Елді мекендермен кездесулерде ауылдық жердегі тұрғындар мал өнімдерін өткізе алмай отырғанын айтқан болатын. Бұл мәселе де шешімін табады. Халықтың ұсыныс, пікірлеріне құлақ асып, мәселенің шешімін табуына қарай жұмыстанамыз. Ауыл шаруашылығын дамыту бағытында биыл облысымызда «Нұркапитал» жобасы іске асырылады. Осы жобаға «Каспийцемент» ЖШС 128 млн. теңгені Маңғыстау ауданына бөлеміз деп келісті. Бұл жобаға қатысуға ауданымызда 30 кәсіпкер өз жобаларын ұсынып отыр. Біз барлық кәсіпкерді қолдаймыз. Сонымен қатар «Несиелік серіктестік» пен кооперативтер құру арқылы ауылдарда ауыл шарушылығын дамыту қажет. Шағын және орта бизнесті, мұраға қалар бизнесті дамыту – әкімдердің үлкен міндеттерінің бірі.
Бұл жоба жүзеге асса, ауданда 100-ден аса жаңа тұрақты жұмыс орындары іске қосылады.
Елімізде қолға алынып жатырған үлкен мәселелердің бірі – цифрлы Қазақстан. Бұл үшін ауылдардың барлығын кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуіміз қажет. Интернет желісі тартылмаған аудан орталығынан шалғай жатқан Бозашы түбегіндегі ауылдарға 500 млнға жуық қаражат бөлінуі қажет. Балаларымыз заманға сай барлық мүмкіндікті пайдаланып, ғаламнан сырт қалып қоймауы тиіс. Интернет желісі барлық сала бойынша маңызды. Білім, денсаулық, халыққа қызмет көрсететін мекемелер интернет желісіне қосылу қажет. Халық үйде отырып, интернет арқылы қызмет жасата алатындай жағдайға жетуіміз керек. Жалпы өткен жылы атқарылған аудандағы жетістіктер аз емес. Дегенмен, көрсеткіштерді көтеру үшін бірлесе атсалысып, жұмыстанатын боламыз, - деп облыс әкімі Е.Тоғжанов сөзін қорытындылады.
Ж.АМАНҚҰЛОВА